16 Сәуір, 2014

Үш әннің тұсауы кесілді

350 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Халқымыз талантқа да, талаптыға да кенде болып көрген жоқ. Бүгінде бір-бірінен асып жарқыраушы өнер саңлақтары соның айғағы болса, біразы қарағандылықтарға да жақсы танымал. Орталарынан жиі табылатындары бар, өнері сырттай баурап, сахнадан жүзбе-жүз жүздесуге тіленетіндері бар. Сондайғы жанкүйер жүйрік бірінің әдемі әндерін көзбе-көз тыңдап, құлақ тербетіп, көңіл хошын көтеруге деген аңсаушылық болар, Кеншілер мәдениет сарайына келушілер шоғырлы болған еді. Иә, белгілі сазгер Жалғас Кеңесовтың «Болашаққа қараймын нұрлы көзбен» атты шығармашылық кеші күтілсе күтілгендей, жү­рекке қонса қонғандай болып, тыңдаушылар көкірек көрігін мархабаттандырып, шуағына шалқытты. Саусақ бүгіп санарлықтай емес, жүзден астам әннің шығарушысы әрі орындау­шы ретінде де қос талант қонған жігіт өнер қырын танытушылардың дөйі әйгілі Нұрғали Нүсіпжанов сынды саңлақтың өзі болуы жұртты тіпті сүйсіндірді. Кеш ашылуында «Бүгінгі концерттік кездесу сіздердің алдарыңыздағы шығармашылық есебім сияқты. Сарыарқа төрі – Қарағанды топырағының өнерсүйер қауымымен қауы­шудың алғаш рет сәті түсуіне орай, арнайы тартумен келдім. Ақындар Серікзат Дүйсен­ғазының, Темір Мыңжастың, Тұрғанбек Канеевтің өлеңдеріне шығарған «Астана», «Апа, сен қартаймайсың», «Сұлуым» атты әндерімнің тұсауы кесіледі қазір» деген ол кеш жалғасын күміс көмей Досымжан Таңатаров, Гүлзира Бөкейхан, Гүлдәурен Жидебаеваға беруінен кейін-ақ шығармашылық шырайы жайылды. – Жалғас Кеңесовтың әндерін отбасымызбен сүйсіне тыңдаймыз. Мына кеш үлкен әсерге бөледі», – деген Қара­ғанды медициналық колледжінің директоры Аманжол Нұрбеков ойы тыңдаушылардың ортақ көңіл сезімін білдірді. Айқын НЕСІПБАЙ, «Егемен Қазақстан». ҚАРАҒАНДЫ.