16 Сәуір, 2014

Студенттер де қайырымдылық жасайды

822 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
4-2«Адамның күні адаммен» дегендей, тіршілікте көмекке мұқтаж жандар көп. Сауапты іске ортақтасқысы келген Алматыдағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің «Жан жылуы» еріктілер клубы «Жан жылуы – өмір шуағы» атты кезекті қайырымдылық концертін өткізіп, Бекболат есімді бүлдіршінге қол ұштарын берді. Аталмыш клубтың 3 жыл толуына орайластырылған қайы­рымдылық шара өкпесі жетіл­мей қалған Бекболат есімді 1 жастағы бүлдіршінге арналды. Клуб мүшелері «Қазіргі таңда мемлекет баланың ем-домына квота бөлген, бірақ, жол шығыны, шет елде пәтер жалдап тұру мәселесі отбасына қиындық туғызып отыр», – деген ақпаратты «Қазақстан» ұлттық телеарнасының «Жан жылуы» бағдарламасынан естіген. Содан кейін іле-шала бұл отбасыға қолдау білдіру мақсатында аталмыш қайырымдылық акциясын ұйымдастыруды шешіп, бір отбасының басына түскен қайғы-қасіретті қолдан келгенше жеңілдетуге тырысты. Шараға Бекболат пен оның анасы арнайы шақырылды. 17 Жастарды жомарттыққа бау­лу, тағдыр тәлкегіне ұшыраған жандарға қолдау көрсету мақсатында өткен шараға «Тек қана, қыздар» КВН командасы, «Алматы жайдарманы», «Өнер қырандары», «Меломен», «Қыран» тобы, «Томирис» би ансамблі, Меруерт Түсіпбаева, Гүлнар Әлімбекова, Таңат Мамырхан, Қанат Үмбетов, Жанар Дәукеева, Бөрібек Расулов, Райым Уайыс, Бейбіт Құшқалиев сынды эстрада жұлдыздары қатысып, акцияны қолдады. Кеш барысында оқу орны­ның Әлеуметтік және тәрбие істері жөніндегі проректоры Зәуреш Сабырова қашан да қайырымдылықтан кенде бол­маған ұлттық болмысымыз жайлы сту­денттермен сыр бөлісіп: – Қайырымды адамдардың өмір жолы тек ізгіліктен, мейі­рімділіктен тұрады. Атамыз қа­­­зақ «Қолы ашықтың – жолы ашық» деп бекер айтпаған. Игі ша­ра жастардың бойында қайы­рым­дылық сезімін ұялатып қана қой­май, өскелең ұрпақты рухани жағынан тәрбиелеуге де зор­ сеп­тігін тигізеді, – деп шарадан түс­кен 400 мыңға жуық қара­жат­ты Бекболаттың анасына табыстады. Университет басшылары ша­раға атсалысқан әншілерге ал­ғысын білдіріп, сәбидің сауығып кетуін, студенттердің тамшыдай ғана үлесінің шарапаты тие беруін тіледі. Ал студенттер ізгі тілектерін әсемхаттарға жазып берді. Эстрада жұлдыздары да жүрекжарды тілектерін білдірді. Акция аясында «Жан жылуы» еріктілер клубының мү­ше­лері арнайы жәрмеңке де ұйым­дастырып, бұдан түскен қаражат та Бекболаттың есеп-шотына аударылды. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.