«Қазақ – о баста өзінің қандай халық болғанын ұмытып қалған ұлт», дегенді жиі естимін. Жаны бар сөз секілді. Сол ұмыту, яғни сыртқы күштердің кім екеніңді ұмыттыруы бүгінгі таңда әр тараптанып, бұрынғыдан да күрделеніп, дендей түскендей көрінеді. Өткенде Ақселеу Сейдімбектің күнделіктерінен мына бір сөз көзіме оттай басылды. «Адамдар арасындағы қарым-қатынас дәстүрлі наным-сенімге мойынұсынбаған соң, салт-дәстүрді сақтамаған соң, тыйым-тосқауыл көрмеген соң еркіндік дегеннің өзі көргенсіздікке ұласқан жайы бар. Яғни адамдардың бойында іштей тыйылудан гөрі, салт-дәстүрмен санасудан гөрі заңнан ғана қорқу немесе сырт көзден ғана қаймығу сезімі басым...», делінген онда.
Ілкідегі қазақтың ұстанған тұрмыс-салты мен өмір сүру дағдысын ескілікті әңгімелер мен тарихи деректерден оқып-білгенде көп нәрсе түйсінеміз. Кісінің кісі баласына құрметі, ілтипаты мен ізеті, қажет жеріндегі мәрттігі мен ірілігі кімді де болсын бейжай қалдырмаса керек.
Сонау бір жылдары ауылда үлкендердің алдын көріп өскен жездем мына жайтты айтып күлдіргені есімнен кетпейді. Бірге туған ағасының қалада өсіп, ержетіп қалған немересі жазғы демалыста ауылға келеді. Туған ағасының немересі болған соң оған да немере, екі үйдің арасында еркелеп жүретіні белгілі ғой. Сол немересі бір келгенде жездем «атаңа барып айтшы, өткен жолы алған күректі сенен беріп жіберсін», деген екен. Сөйткенде өзі төргі үйінде теледидар тамашалап, қаннен-қаперсіз жата берген. Сөйтсе немересі күрек әкелудің жөні осы екен деп төргі үйде жатқан кіші атасының үстіне добалдай күрекпен кіріп барыпты. Менің жездем, оның кіші атасы шошып кеткен. «Сыртқа немесе ауыз үйдің кіреберісіне сүйеп, «әкеп қойдым» деу жоқ. Мені сабауға келген адамша өзінен үлкен күрекпен төргі үйге баса-көктеп бір-ақ кіріпті. Олай істемеу керектігін түсіндіріп айттым, жетесіне жеткізген болдым, бірақ білмеймін қазіргі балаларды», дейді. Осындай да қызықтар бар. Күрекпен төргі үйге баса-көктеп кірген ұрпақ күрек пен жүректің орнын шатастырып алмас үшін не керек деп ойлайсыз? Оны ажырату үшін көп ақылдың қажеті де шамалы сияқты еді ғой...