Осы орайда, еліміздің Қарулы Күштерінің өткені мен бүгіні жайлы көпшілікке мәлімет беретін музейдің көрме залдары жайлы айтар болсақ, олар: «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері»; «Жауынгер – интернационалистер мен бітімгерлер»; «Мәңгілік ел» атриумы; «Танк әскерлерінің тарихы»; «Ежелгі дәуір – XIX ғасыр»; «ХХ ғасырдың әскери тарихы»; «ХХ-ХХІ ғасыр қару –жарақтары»; «Бейнелеу өнері»; «Уақытша көрмелер» қатарлы тоғыз бөлікке бөлініп, еліміздің әскери – тарихи мәдениетін насихаттайтын орталыққа айналып отыр.
Жоғарыда аталған әрбір көрме залы жайлы кеңінен таныстырар болсақ, «Ежелгі дәуір – ХІХ ғасыр» залында біздің дәуіріміздің VI-VIII ғасырларына жататын түркі жауынгерінің геральдикалық белбеуі келушілердің қызығушылығын тудырса, қазақтың қолбасшысы қанжығалы Бөгенбай батырдың дулығасы құнды жәдігер ретінде көрермен назарын аударуда.
Одан кейін «ХХ ғасырдың әскери тарихы» залында лейтенант Р.Қошқарбаев пен қатардағы жауынгер Г.Булатовтың Рейхстагқа тіккен Жеңіс туының көшірмесі орналасыпты. Бұл жәдігерді Ресей Федерациясы Қорғаныс министрі тапсырыпты. Сондай-ақ мұнда 316-атқыштар дивизиясының командирі генерал-майор Иван Панфиловтың жеке заттары мен 28-панфиловшы жауынгердің екеуіне Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы құжаттың түпнұсқасы қойылған екен. Бұл жәдігерлерді мұражайға генерал Панфиловтың жиен немересі Алуа Байқадамова сыйға тартыпты.
Келесі кезекте заманауи тақырыпта жасақталған «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері» залында тұңғыш Қорғаныс министрі Халық Қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың жеке заттары қойылса, «Жауынгер – интернационалистер мен бітімгерлер» залында ауған соғысына қатысушы, «мұсылман батальоны» деген атпен белгілі 177-ші жеке арнайы отряд командирі майор Борис Керімбаевтың жеке заттары мен құжаттары, сонымен қатар аты аңызға айналған сол бөлімнің туы орын алыпты.
«Жалпы аумағы 5 030 шаршы метрді құрап отырған Әскери – тарихи музей бүгінгі таңда мемлекеттік саясаттың стратегиясын жүзеге асыруда. Мекеменің негізгі миссиясы – Қазақстанның әскери мұрасын сақтау және насихаттау болып табылады. Соның ішінде биыл құрылғанына 30 жыл толып отырған Қазақстан Республикасы Қарулы Күштеріне арналған іс-шаралар өткізу, Қазақстанның әскери тарихының атаулы даталарына қатысты ақпараттық-ағарту жұмыстарын жүргізу басты міндетіміз. Музей ашылғаннан бері мұндағы экспонаттарды 200 мыңнан астам адам келіп көрді. Бұл экспонаттар Қазақстанның көне заманнан бастап бүгінге дейінгі әскери тарихын көрсетеді. Сонымен қатар музей аумағында ашық аспан астында әскери техника павильоны орналасқан. Мұнда Ұлы Отан соғысына, жергілікті аумақтық қақтығысқа қатысқан әскери техникалар қойылған. Бұлардың ішінде Стокгольмдегі Армия музейінен алынған дүниелер де бар. Қазіргі таңда, «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері» және «ХХ ғасырдың әскери тарихы» залдары қайта жаңғыртылып, жаңадан экспозициялар мен экспонаттар қосылмақшы. Сонымен қатар қолданыстағы мұражай экспозицияларын кеңейту, инновациялық технологияға негізделген интерактивті бағдарламалар қолдану, мультимедиялық аудио және бейне материалдармен жабдықтау жоспарда бар. Сонымен қатар ғылыми экспозициялық, ұйымдастырушылық қызмет пен педагогика бойынша әлемнің жетекші музейлерімен тәжірибе алмасу қажет» дейді ҚК Мемлекеттік әскери-тарихи музей бастығы, полковник Нұртаза Асылов.
Соңғы уақытта музей қызметкерлерінің ұйымдастыруымен республикалық және халықаралық деңгейдегі 20-дан астам іс-шара өткізіліп, 30-дан аса жаңа экспозициялар мен көрмелер жасақталыпты. Оның ішінде: 7 көшпелі, 3 тұрақты, 21 уақытша көрме көпшілік назарына ұсынылған көрінеді. Тағы бір атап өтерлік оқиға, аталған мекеме 20 ел қатысқан «Армия мәдениеті» атты халықаралық байқауда 1-ші орын жеңіп алыпты. Бұлардың сыртында, музейдің іздестіру – экспедициялық қызметі Екінші дүниежүзілік соғысында тұтқында болған 4 940 қазақстандық жауынгерге қатысты мұрағаттық құжаттарды ретке келтіру жұмысын тиянақты атқарып, Қорғаныс министрлігінің қолдауымен майдан даласынан табылған 12 қазақстандық жауынгердің сүйегі елге әкелініп, оны туыстарына тапсырылу ісіне ұйықты болғаны құптарлық.
– Үстіміздегі жылы, – дейді мекеме басшысы Нұртаза Тұрабекұлы. – Қазақстан Қарулы Күштерінің 30 жылдығына арналған «Қуатты армия – Қуатты Қазақстан» атты көрме өткізіп, шара барысында «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері. 1991-2001: Құжаттар мен материалдар жинағы» атты кітаптың тұсаукесерін жасадық. Бұл шара елорда тұрғындары үшін еліміздің Қарулы Күштері тарихы және жетістіктерімен танысуына зор мүмкіндік болды. Жуықта, Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейімен бірлесіп, биыл туғанына ғасыр толып отырған қазақтың қаһарман қызы Хиуаз Доспанованың құрметіне орай «Қазақтың батыр қызы» атты көрме өткіздік. Көрмеде Хиуаз Доспановамен қатар Кеңес Одағының Батырлары Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова және басқалардың өмірінен сыр шертетін жәдігерлер мен тарихи материалдар көпшілік назарына ұсынылды.