Қазақстан • 18 Мамыр, 2022

Жаңа Конституция Жаңа Қазақстанға бастайтын жол

363 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Amanat партиясының атқарушы хатшысы Асхат Оралов Батыс Қазақстан облысында партияның сайлауалды бағдарламасының ауылдық елді мекендерде орындалу барысын тексерді. Ал Оралда партия активімен және зия­лы қауым өкілдерімен бірқатар кездесу өткізіп, алдағы референдумның маңызын талқылады.

Жаңа Конституция Жаңа Қазақстанға бастайтын жол

Теректі ауданына қарасты Магистральное ауылының тұрғындары бірнеше жылдан бері елді мекенге кірер жолдың сапасына шағымданып келеді. Бұл мәселе партияның 2021 жылға арналған аудандық сайлауалды бағдарламасын іске асыруға арналған Жол картасына да енгізілген еді. Алайда жергілікті атқарушы орган осы мақсатқа бюджеттен қаражат бөлмеген.

Жергілікті тұрғындармен кез­десу барысында Асхат Оралов партияның облыстық фи­лиалы мәслихаттағы Amanat фрак­циясының депутаттарымен бірлесіп, биылғы бюджетті нақтылау кезінде осы мәселені шешуге қаражат бөлуді қамтамасыз ет­кенін жеткізді. Жергілікті ат­қа­ру­шы орган өкілдерінің мәлі­метінше, жыл соңына дейін жол­дың 1,8 шақырымы жөнделеді.

Бұдан соң партияның атқару­­шы хатшысы Теректі ауылын­дағы бір ауысымда 200 адам қабыл­дай­тын аудандық емхананың құ­ры­лысымен танысты. Қазір меди­циналық мекеме орналасқан ғима­рат 1972 жылы қонақүй кешені ретінде пайдалануға берілген.

«Тұрғындардың талап-тілегіне сәйкес жаңа ғимараттың құ­ры­лысы партияның сайлауалды бағдарламасына енгізілген. Бұл әлеуметтік маңызды нысан бол­ғандықтан Мәжілістегі Ama­nat фракциясының депутаттары мен Үкімет мүшелері бірлесіп, құ­ры­лыстың мерзімі мен сапасын тұрақты бақылауға алады. Құ­ры­лыс аяқталғаннан кейін Теректі ауда­ны­ның 40 мыңға жуық тұрғы­ны сапалы медициналық қызметке қол жеткізеді», деді А.Оралов.

Осы күні партияның Атқарушы хатшысы сонымен қатар Орал қаласындағы Дарынды балаларға арналған №8 облыстық мамандандырылған мектептің ұжымымен және оқушылардың ата-аналарымен кездесті. 2019 жылы мектеп ғимараты апатты деп танылып, оқушылар №37 орта мектепке ауыстырылған болатын. Ата-аналардың айтуынша, бұл жағдай қолайсыздық туғызып, оқу процесіне де кері әсер етіп отыр. Әкімдіктің мәліметі бо­йынша өткен жылы ғимаратқа күр­делі жөндеу жүргізуге жобалық-сме­та­лық құжаттама әзірленген. Алайда облыстық бюджеттік комиссия өтінімді қолдамады. Бұл мәселе енді партиялық бақылауда және жуық арада шешімін табады.

Оралдағы зиялы қауым өкіл­дерімен кездесуде атқарушы хатшы Amanat партиясы Конс­титуцияға енгізілетін өзгеріс­тер мен толықтырулардың ма­ңыз­­дылығын терең түсіне оты­рып, алдағы референдумды өт­кізу­­­ді толық қолдайтынын атап өтті. Кез­десуге қатысушылар да жал­пыха­лықтық референдум өткізуді қолдап, аймақ тұрғындарының оған белсенді қатысатынына сенім білдірді.

«Ата Заңымыздың үштен бір бө­лі­­гіне өзгерістер мен толық­­ты­ру­­лар енгізілгелі отыр. Отан­дас­­тарымыз осы саяси оқиға­ның мән-маңызын түсініп, өздері­нің аза­маттық ұстанымын көрсе­теті­ніне сенімдімін», деді М.Өте­мі­сов атын­дағы Батыс Қазақстан уни­вер­си­тетінің профессоры Қуандық Мәдір.

Өз кезегінде партия ардагері Нұрзия Сисенбаева алдағы референдум ел дамуының жаңа мүмкіндіктеріне жол ашатынын атап өтті. «Біз Президенттің төңірегінде топтасып, қоғам болып бірігуіміз керек. Жаңа Конс­титу­ция Жаңа Қазақстанға бастай­тын өзіндік жол болатынына және қазақстандықтардың бүкіл­халық­тық референдумға белсенді қатысатынына сенімдімін», деді Нұрзия Сисенбаева.

Сондай-ақ Орал қаласында Amanat партиясының облыстық ак­тиві­нің жиналысы өтіп, онда пар­тияны трансформациялау және жобаларды тиімді жүзеге асы­ру мәселелері талқыланды. Бүгін­де өңірде 26 мыңнан астам аманат­тықты біріктіретін 219 бастауыш партия ұйымы жұмыс істейді.