17 Сәуір, 2014

Жаңа одақ тәуелсіз елдердің экономикалық ынтымақтастығын нығайтуға қызмет етеді

566 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

икрамҚазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Икрам АДЫРБЕКОВПЕН әңгіме

– Икрам Адырбекұлы, Мемлекет басшысы «Қазақ­стан-2050» Стра­тегиясында «Сыртқы саясатымызды теңдестіру әлемдік істерде елеулі рөл атқаратын және Қазақстан үшін практикалық қызығушылық туғызатын барлық мемлекеттермен достық және болжамды қарым-қатынастарды дамыту дегенді білдіреді» деп атап өткен еді. Осыған қатысты мәселелерді таратып айтып берсеңіз? – Елбасымыз өзінің аса маңызды тарихи «Қазақстан-2050» Стратегиясында халықаралық жағдайлар мен қазіргі геосаяси ортаның өзгеруіне байланысты, сонымен қатар, өңірлік жаңа қауіптердің пайда болғанын ескере отырып, еліміздің сыртқы саясатын жаңғырту қажет екендігін және ұлттық мүдделерді тек прагматикалық қағидалармен алға жылжыту керектігін атап өткен болатын. Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын Президенттің бұл Стратегиясын іске асыру және де еліміздің халықаралық саясатын қазіргі заманауи талаптарға сәйкестендіру бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі деп айтуымызға болады. Мемлекет басшысы ел тәуел­­­сіздігінің алғашқы күні­нен бастап-ақ, сыртқы саясат мәсе­лелерінде аса салиқалы сая­сат ұстанып, еліміздің көпвек­торлы сыртқы саясатының негізгі басымдықтарын белгілеп берген еді. Ресми мағынада айтатын болсақ, Қазақстанның сыртқы саясаты көпвекторлық, теңгерімділік, прагматизм, өзара тиімділік және елдің ұлттық мүдделерін қатаң қорғау қағидаттарына негізделген. – Сонда көп мәселе еліміз­дің сыртқы саясаттағы ұста­нымына байланысты болып тұр ғой. – Әрине. Еліміздің аумағы өте кең, Алтай мен Атыраудың аралығындағы кең байтақ жерді алып жатыр. Бірақ, халқымыздың саны әлі аз. Еліміздегі ішкі сая­си тұрақтылық, бейбіт өмір, әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны негізінен сыртқы саясатымызға тікелей байланысты. Егер де біз 15 мың шақырымнан асатын мемлекеттік шекарамызбен шекаралас жатқан көрші елдермен тепе-тең, достық, сыйластық қарым-қатынас, ынтымақтастық орнатпаған болсақ, елімізде дәл бүгінгідей жетістік болмас еді, алға қойған биік мақсаттарды бағындыра алмас едік. Осының барлығы Елбасы­мыздың әуел бастан-ақ сыртқы саясат мәселелеріне ерекше назар аудара отырып, оны бірінші кезекке қоюының жемісі деуіміз керек. Себебі, еліміз қысқа тарихи мерзім ішінде тәуелсіз мемлекетке қажетті атрибуттарының барлығын орнықтырып алды. Мысалы, шекаралас елдермен мемлекеттік шекараны халықаралық құқық негізінде айқындадық және бекіттік. Оны делимитациялау жүзеге асырылды, қазір шекарада демаркация жасау жұмыстары жүргізілуде. Қазақстанның мемлекеттік шекарасы ресми шарттар бойынша бекітілді, оны БҰҰ қабылдады. Жалпы, шекара мәселесіне байланысты осындай құжаттарға ТМД мемлекеттерінің біршамасы әлі қол жеткізе алмай келеді. Себебі, шекара аса өткір және нәзік мәселе. Елдер арасындағы шиеленістер мен жанжалдардың көпшілігі осы шекара проблемасынан туындап жататыны жасырын емес. Егемендігін алғанына онша көп уақыт болмаған елдерді айтпағанның өзінде, мыңдаған жылдық тарихы бар Қытайдың шекаралас жатқан Қазақстаннан басқа мемлекеттердің көпші­лігімен шекараға байланыс­ты проблемалары әлі де бар. Сондықтан біздің мемлекеттік шекарамыздың көрші елдермен толықтай шегенделуі, ресімделуі аса үлкен тарихи жетістік. Мұны Президентіміздің сыртқы саясатының айқын көрінісі, нақты жеңісі мен жемісі деп бағалауымыз керек. Мемлекет басшысының сырт­қы саясаттағы ұстанымын зер­делейтін болсақ, оның барлық бағыттарында бір-бірімен сабақ­тастық, жүйелілік бар екен­дігін көруге болады. Мыса­лы, 1992 жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президенті ретінде алғаш рет сөз сөйлеген болатын. Мемлекет басшысы сонда көптеген мәселелермен қатар, осы шекара мәселесіне ерекше назар аударған еді. Шекараның бұзылмау қағидатын қолдайтынын атап өтіп, қалыптасқан шекараны қайта қараудың өте қауіпті екенін ескертті. Өкінішке қарай, Елбасының күдігін Балқан, Африка, Кавказ және Еуропадағы соңғы оқиғалар дәлелдеп берді. Айта кету керек, аймақтағы шекара мәселесін шешу Шанхай ынтымақтастық ұйымын құруға негіз болды. Қазіргі кезде бұл Ұйым өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды факторына айналды. – Өткен айдың соңында Президентіміздің Еуразиялық одақ тұжырымдамасын жария еткеніне 20 жыл толды. Кезінде осы одаққа қатысты әртүрлі пікірлер айтылған болатын. Сондай пікірлер қазіргі кезде де айтылып жүр. Сіздің көзқарасыңыз қандай? – Жоғарыда атап өткеніміздей, Елбасы 1992 жылдың қазанында БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында сөйлеген сөзінде біздің өңірдегі эконо­микалық интеграцияның маңызы туралы да мәселе көтерген еді. Кейін, яғни 1994 жылы Мемлекет басшысы осы идеясын нақтылап, М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетіндегі кездесуінде Еуразиялық одақ құру тұжырымдамасын ұсынды. Университетте жасаған баяндамасында еліміздің Президенті бұл үдеріс шеңберінде саяси интеграцияға және егемендікті жоғалтуға жол бермеу қажеттігін қадап айтқан болатын. Жаңа одақ тәуелсіз елдердің экономикалық ынтымақтастығын арттыруға, халықтар арасындағы достық пен сыйластықты дамытуға қыз­мет етуі тиістігін атап көрсет­кен еді. Еуразиялық одақ құрудың негізгі мақсаты – қазақстандық бизнестің әлемдік қаржы-эко­номикалық жүйесіне бейім­делуіне және жаһандық бәсекелестікке қабілеттілігін күшейтуге ба­ғыт­талған. Себебі, өңірлік интеграциялық байланыстарсыз кез келген мемлекет өзінің экономикасын қарқынды дамыта алмайды, әлемдік бәсекелестікке төтеп беруі қиын. Ал бәсекелестік деген қазіргі жаһандану заманында әлемдік нарықта өзінің орнын таба білу, сапалы, арзан, жоғары сұранысқа ие тауар, қызмет ұсына білу. Өйткені, әлемдік экономика ортақ, мемлекеттер бір-бірімен тығыз байланыста. Біздің кәсіпкерлер өңірлік біртұтас экономикалық кеңістік құру арқылы осы әлемдік бәсекелестікке дайындық, бейім­деу мектебінен өтіп жатыр. Олар­дың жеткен жетістіктері әлемдік бәсекелестікте өздерінің лайықты орын алуларына мүм­кіндік жасайды. Еліміздің кәсіпкерлері Еуразиялық экономикалық кеңіс­тіктің мол пайдасын бүгін көр­месе де, ертең көретіні сөзсіз. Ал Бүкіләлемдік сауда ұйы­мына (БСҰ) кіру – жаһандық бә­секелестік ортаға ену деген сөз. БСҰ-ға мүшелікке кірген­нен кейін, біз оған мүше мем­ле­кеттердің тауарларына, қызмет­теріне, қаржыларына, инвес­ти­циялық мүмкіндіктеріне, жұмыс күшіне ешқандай тосқауыл қоя алмаймыз. Оның өзінің белгіленген тәртібі, қабылдаған ережесі бар. Әр елдің осы Ұйымға мүше болар алдында мойнына алған міндеттері бар. Міне, осыларға сәйкес біздің еліміз де өзінің нарығын БСҰ мүшелеріне ашуына тура келеді. Егер Еуразиялық экономикалық кеңістікте кәсіп­керлеріміз өз әлеуетін көрсетіп, бизнестерін өркендетсе, бәсекеге қабілеттіліктерін арттырса, әлемдік экономикада өздерінің тиісті орнын алатыны сөзсіз. – Икрам Адырбекұлы, Еуразиялық экономикалық одақ құру жұмыстарының барысы қаншалықты деңгейде? – Бүгінде осыған байланыс­ты қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр дегенге келсек, 2012 жылғы 19 желтоқсанда Мәскеуде Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттерінің басшылары үш елдің үкіметтері мен Еуразиялық комиссияға Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістіктің құқықтық базасын құрайтын халықаралық шарттарға кодификация жүргізуді және соның негізінде 2014 жылғы 1 мамырға дейін Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт жобасын дайындауды тапсырған болатын. Қазіргі уақытта осы мәселелер бойынша қарқынды жұмыстар жүргізілу үстінде. Ал Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт жобасының  институттық бөлігін дайындау бойынша бүгінгі күнге дейін келіссөздердің төрт раун­ды өтті және іс жүзінде құ­жаттың 80 пайызы дайын болды. Жобаның салалық бөлігі екі пішінді, яғни Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістіктің шарттық құқықтық базасын құрайтын халықаралық шарттарды кодификациялау жөніндегі кіші жұмыс тобының шеңберінде және Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі мүшелерінің төрағалық етуімен бейнеконференция режімінде апта сайын тұрақты өткізіліп келеді. Қазіргі кезде Еуразиялық экономикалық интеграцияға қатысушы мемлекеттердің қатары көбею үрдісі байқалып отыр. Мысалы, Қырғызстан 2013 жылғы 30 мамырда Еуразиялық экономикалық комиссия мен Қырғыз Республикасы арасында өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қойды. Сонымен қатар, Армения Республикасы қабылданған Жол картасына сәйкес тиісті жұмыстарды аяқтауға жақын. Мұның барлығы Еуразиялық экономикалық одақтың тартымды болатынын дәлелдеп тұрғандай. – Еуразиялық экономикалық одақ жөнінде әртүрлі пікірлер айтылып жүргеніне байланыс­ты сұрақ қойған едік... – Елдің болашақ дамуын айқындайтын, оның өсіп-өркендеуіне тікелей әсер ете­тін үлкен интеграциялық қоғамның құрамына ену әртүрлі пікірлер туғызатыны түсінікті. Бірақ, Орталық Азия өңіріндегі сая­си, гео­саяси, сондай-ақ, экономикалық жағдайларды есепке алғанда, бұл бағыттың дұрыс екендігіне көз жеткізуге болады. Үлгі есебінде әлемдегі көптеген өңірлік экономикалық интеграциялық ұйымдарды мысалға келтіруге болады – АСЕАН, НАФТА, МЕРКОСУР және т.б. Ал 1951 жылы көмір мен болат өндірушілердің бірлестігінен басталған, 1992 жылы Маастрихт шартына сәйкес құрылған, 28 ел құрамына кіретін Еуропалық одақ бүгінде тек экономикалық емес, әлемдегі аса беделді, ықпалды, саяси интеграциялық ұйымға айналып отырғаны белгілі. Еуразиялық экономикалық одақ – саяси одақ емес, ол тек экономикалық мәселелерді шешу мақсатында құрылатын, экспорт, импорт, транзит бойынша кәсіпкерлер үшін барлық кедергілерді алып тастайтын өңірлік ұйым. Ел Президенті Н.Ә.Назарбаев осы ұйымға қатысты сөздерінде Қазақстанның тек экономикалық мүддені көздейтінін, ел тәуелсіздігіне, егемендігіне нұқсан келтіруге жол берілмейтінін, ешқандай саяси мәселелер одақ құзырына өтпейтінін және Қазақстан көп­векторлы сыртқы саясатын сақ­тап қалатынын, халықаралық аре­надағы қалыптасқан қаты­нас­тарды жан-жақты дамыта бе­ретінін бірнеше рет қадап айтты. – Орталық Азия ел­дері арасындағы өзара ынты­мақтастық қалыпты жағдайда деп айта алмаймыз. Жер, су-энергетикалық, басқа да мәселелерде қайшылықтар бар. Сол проблемаларды қалай шешуге болады? – Президенттің Жарлығымен бекітілген Қазақстан Респуб­ликасы сыртқы саясатының 2014-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасында Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық мәселесіне ерекше мән бе­рілді. Жалпы, Орталық Азия мемлекеттерінің бүгінгі әлеу­меттік-экономикалық дамуы әртүрлі сатыда. Осы өңірде бей­бітшілік болуына, өзара тығыз қатынастар орнауына елдердің барлығы мүдделі. Дегенменде, Орталық Азиядағы әр мемлекет өз мүддесін қорғайтыны түсінікті. Мысалы, трансшекаралық өзен­дерге қатысты бір мемлекет электр энергиясын өндіру үшін, екіншісі ауыл шаруашылығын суландыру үшін пайдаланғысы келеді. Осының салдарынан кейбір қарама-қайшылықтар туындап жатады. Онымен қоса, ішкі саяси жағдайлар мен әлі шешімін таппаған шекара мәселелері де бар. Міне, осы жағдайлар Орталық Азиядағы елдердің нақты интеграциялық қадам жасауына мүмкіндік бермей келеді. Сондай-ақ, Ауғанстандағы қалыптасқан жағдай да алаңдаушылық туғызып отыр. Ертеңгі күні Біріккен коалицияның әскери күштері Ауғанстаннан шыққаннан кейінгі ықтимал жағдайлар біздің өңірдің қауіпсіздігі мен болашағына ықпал етуі мүмкін фактор. Ал оларды шешудің жолдары ынтымақтастықты дамытуда, интеграциялық қадамдар жасауда жатыр. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ. «Егемен Қазақстан».