Елдік мұрат пен ерлік шежіресіне адалдық танытып, осы жолда өмір сапарларын ерте аяқтаған ардақты азаматтарымыз бен аяулы апаларымыз аз емес. Олардың есімі мен еңбектерін қалай құрметтесек те жарасады.
Солардың бірі Кеңестер Одағы атты «ортақ отанды» қорғау ісінде ерен ерлік танытып, басын қатерге тіккен, өршіл рухты көрсеткен, Днепрден өту кезінде – Лоеводағы биікке алдымен көтеріліп, ту тіккен – Сәду Шәкіров еді.
Бала шақта болашақты армандамағандар сирек-ақ болар. Ата-ананың аялы алақанында алаңсыз өсіп-есею, келелі келешекке құштар көңілмен, ғашық жүрекпен, үміт-сеніммен қарау – кім-кімнің де асыл арманы мен өмір мұраттарының бірі емес пе?! Сәдудің де жастық кезеңін өзімен қатар тұрғыластары секілді қиялын шартарапқа жіберіп, ғаламның ғажайып құпияларын, аң-құстар әлемін, адамның мың-сан иірімдерін танып-білгісі келгені анық.

Тегінде, өмір – уақыт бір орнында тұрмайды. Өмірдің бұралаң жолы, тұрмыс салқыны, тағдыр талқысы көңілді күпті етіп, жүрекке салмақ салатын кез болады. Ол кенеттен тұтқиылдан, ту сыртымыздан кездесіп қалып жатады.
Төрткүл дүниені тітірентіп, аспан асты, жер үстін дүрліктіріп, алыс-жақынды, үлкен-кішіні, тіпті тіршілік атаулыны жойқын күш, қырғын кесапаттарымен басып-жаншыған Ұлы Отан соғысы соның бір сұрапылы болатын.
Ерліктің үлкен-кішісі жоқ. Нағыз ерлік ұлт мүддесіне, халықтың бақытына, келелі келешегіне негізделсе – баянды, ғұмырлы, нұрлы болмақ.
Арғы-бергі тарихта, әсіресе, Ұлы Отан соғысы беттерінен қазақстандықтардың ерлік шежіресі айқын аңғарылады. Осы тұста: «. . . майданға бір миллион екі жүз мың адам, соның ішінде 5183 әйел мен қыз аттандырды. Жеті жүз мың адам еңбек армиясы мен арнаулы құрылыс бөлімдеріне шақырылды. Әскери оқу орындарына 42 мың қазақстандық жастар жіберілді. Республика аумағында жұмыс істейтін 27 әскери оқу орнын 16 мың офицер бітіріп шықты. Мұның сыртында майдандағы қауырт жағдайларға байланысты 10,5 мың курсант сержант шенімен, 10 мың адам қатардағы жауынгер ретінде алдыңғы шепке аттандырылды» деген дерек ойға оралады.
Қазақстандықтардың жауынгерлік даңқы, бейбітшілік пен бостандықты сақтау жолындағы жанқиярлық батылдығы, қасиетті де қастерлі мақсат-мұраттары – Мәскеу мен Сталинград түбіндегі шайқаста, Днепр мен Курск иінінде, Балтық бойында, Беларуссия мен Украинаны, Одесса, Севастополь мен Саарема аралын, сондай-ақ, Еуропа елдерін азат етуде, соғыстың соңғы ошағы – Жапонияның қарулы күштерін талқандау ісінде кеңінен көрінді.
Ұлы ерлік шежіресін адами болмысымен, адамгершілік мұраттарымен, елдік қасиетімен, қайсар да қаһарман тұлғасымен толықтыра түскендердің бірі, алда айтқан – Кеңес Одағының Батыры Сәду Шәкіров еді (1922-1977 ж.ж.).
Ол 1942 жылдың ақпанында Қызыл Армия қатарына шақырылады. Украинаны қорғауға қатысады. Әсіресе, 106-Забайкалье атқыштар дивизиясының 188 Аргунск атқыштар полкінің сарбазы ретінде С.Шәкіров көпұлтты қиян-кескі ұрыстардың бел ортасында болады. Ерекше тапсырмаларды орындау жолында батылдық танытады.
Отан қорғау жолындағы ерен ерліктерінің бірі 1943 жылдың қазан айының басында Гомель облысына қарасты Лоево қаласы маңында болған еді. Сәду мұнда ел қорғаудың, халқын шынайы сүйіп, жан-тәнімен берілгендіктің айрықша үлгі-өнегесін көрсетті.
Оған көз жеткізу үшін С.Шәкіровтің ел қорғау ісіндегі, майдан даласындағы қалың көпке үлгі-ғибраттық маңызы мол ерен ерліктері туралы жазылған еңбектен үзінді оқылық.
«1943 жылғы 15 қазан. Түн. Десантшылар қайықтар мен салдарға барып отырды. Соңғы бұйрық берілгеннен соң, өзеннен өту басталды. Солардың бірінде қатардағы жауынгер Сәду Шәкіров болды. Жағалауға жетуге шамасы 40 метрдей-ақ қалған кезде, біздің ерлерді гитлершілер көріп қойып, қарудың барлық түрінен оқ жаудырды. Аранын ашқан ажал жауынгерлерді саптан жұлып әкетіп жатты. Снарядтардың бірі Сәду отырған салға сарт ете қалды. Көкке шапшыған су жауынгерлердің үстін жауып кетті. Салдың быт-шыты шықты. Мұздай су ішінде жауынгерлер жүзіп, ілгері қарай ұмтыла берді. Сәду Шәкіров сүңгіп кетті де, қалқып жүрген бір бөренеге жабысып, оң жағалауға қарай жылжыды. Тағы да бірнеше рет ұмтылып еді, аяғы қайраңға тиді. Днепрдің оң жағалауына алдымен жеткендердің бірі – Сәду еді. Сол жақ жағалауда өзіне командир берген қызыл жалау мен гранатын қолына алып, ол дұшпанның траншеясына тұра ұмтылды. Ержүрек солдат бірнеше рет гранат лақтырып, гитлершілерді траншеясынан қашуға мәжбүр етті...
Командирдің тапсырмасымен Сәду Шәкіров Днепрден үш рет өтіп, пулеметшілер мен байланысшыларды оң жағалауға апарып түсірді. Ерен ерлік те көрсетті...
1943 жылғы 16 қазан күні таңертең біздің жауынгерлеріміз Лоевоның оңтүстік-батыс жағындағы 138,6 биіктікті басып алуға шабуыл жасады. Шәкіров гитлершілердің бесеуін жайратып салып, биіктікке алдымен жетті де, оның төбесіне алқызыл туды қадады».
Бұл тұтқиылдан қасірет бұлтын төндіріп, қанды қырғынға бастаған неміс-фашистеріне қарсы бағытталған шешуші шайқас қана емес, сонымен бірге, жауынгерлерді ел қорғауға, ерлікке бастаған маңызды қадам әрі жеңісті жақындатқан, болашаққа үміт артқан сәулелі сәттер болатын. Ел қорғау ісін ерлік шежіресімен жалғастырған, адами мұрат пен өршіл рухтың өнегесін көрсеткен, атамекен аманатын адал атқарған Сәду Шәкіровке осы жолы Кеңес Одағының Батыры атағы берілген еді.
С.Шәкіровтің Ұлы Отан соғысындағы батыл әрекеттері мен ерліктері елеулі еңбектерге арқау болып, батырлығы мен батылдығы да анықтамалық кітаптарда, Беларусь энциклопедиясында жарық көрді.
Ең бастысы, Сәду Шәкіровтің адамдық әлемі бөлекше еді. Дос-жолдасқа адал, жақын-жуыққа қамқоршы болатын.
Ол батыр атанғанда қазақтың ұлы перзенті, академик Қаныш Сәтбаев арнайы құттықтау хатын жолдаған екен.
«Құрметті Сәду жолдас! – деп бастапты сөзін ғалым, – Қазақ халқы сіздің Днепр өзенінен ерлікпен өтіп, сол өзеннің сол жағасында күшті плацдарм құрудағы патриоттық іс-әрекеттеріңізді естіп, көл-көсір қуанышқа кенелді.
Біз Сізді және қазақ халқының басқа да айбарлы, даңқты ұлдарын батырлығы үшін алған лайықты атақ-дәрежелерін мақтан етеміз. Қазақстанның ғалымдары мен зиялы өкілдері майданға керекті республикамыздағы табиғи ресурстарды игеруге барлық күш-жігерлерін арнап келеді. Қазақтан қазіргі кезеңде Одақтың майданға жіберілетін металл, жанар-жағармай, қару-жарақ, дәрі-дәрмек, азық-түлік, т.т. маңызды базаларының бірі. Қазақстанның тылдағы жұмысшыларының үлкен де ерлікке толы еңбектерінде әкелеріміз бен аналарымыздың, қазақ ғалымдарының үлкен үлестері бар. Ғалымдар мен зиялы жұртшылық өкілдері сіздің майдандағы ерліктеріңізден қуат-күш алып, Қазақстанның барлық материалдық және идеологиялық ресурстарын зерттеуде өздерінің қажыр-қайратын жұмсап, біздің республикамызда қару-жарақ пен оқ-дәрінің сарқылмайтын арсеналын және майданға қажетті азық-түліктің мол қорын жасауда.
Құрметті Сәду, Сізден өтінерім: біздің ыстық құттықтауымызды қабылдап, өзіңіздің барлық достарыңызға ағайындық-туысқандық сәлем жолдаңыз. Сізге денсаулық, келешекте де жауынгерлік ерліктер тілейміз. Фашистік жауыздарды біздің қасиетті жерімізден тазалап, мәңгіге қуыңыз!
Неміс оккупанттарына өлім!
КСРО Ғылым академиясы Қазақ
филиалы Президиумының төрағасы,
КСРО ҒА-ның мүше-корреспонденті
Қ.И.Сәтбаев.
1943, 28 желтоқсан».
Қ.Сәтбаев хаты – С.Шәкіровке, оның майдан даласындағы ерлік істеріне арналғанымен ел-жерді қорғау идеясы, патриоттық бағыттағы ұлы мұраттар кең көлемде сөз етіледі. Хат авторы сол арқылы Қазақстан халқын, ел-жер қадірін, ғалымдары мен зиялы жұртшылық өкілдерінің Отан алдындағы асыл арман-мұраттарын, болашақ бағдарын да байыпты сөз етеді. Ерлікті үлгі, ұран етеді. Адамдық парыз-қарыз назарға алынады.
С.Шәкіров ерліктің алауы, Жеңістің жалауы желбірегеннен кейін араға бір жыл салып, 1946 жылы туған жеріне оралды. Ол «Батырмын, еңбегім сіңді!» деп қол қусырып отырмады. Ауылдағы елдің жүдеу, жұпыны тірлігін көзімен көріп, колхоз жұмысына білек сыбана кірісіп кетті. Соғыстан кейінгі қиюы қашқан ауыл-елдің еңсесін еңбек арқылы, қоғамға қызмет ету жолымен көтеруді ойлаған С.Шәкіров аз уақыт ішінде сөзі мен ісі ұштасқан білікті басшыға, халқының қалаулы азаматына айналды. Көп ұзамай аудандық кеңестің төрағасы міндетін атқарды, партия мектебінің тыңдаушысы болды. Қазақ педагогика институтын сырттай оқып бітіреді.
Қысқасы, Сәду Шәкіров мағыналы өмірін, ақыл-парасатын, тәжірибе тәлімін туған халқына қызмет етуге арнады. Өмірінің соңғы сәттеріне дейін Шу ауданының «Дружба» кеңшарының партия ұжымын басқарып, ауыл шаруашылығы жұмысын дұрыс жолға қойды. Елшіл, көпшіл Һәм қоғамшыл қасиеттерімен қалың көпшіліктің құрметіне бөленді. «Әділ іс – ағын судың арнасындай, әділ сөз – болат семсер алмасындай» (Омар Шораяқов) екенін басты ұстаным етті.
Ел алдындағы адал еңбегі бейбіт күнде де еленіп, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерімен, көптеген мерекелік медальдармен марапатталды. Батыр туып-өскен бұрынғы аудан орталығы Ақкөлде, аты жаңғырып, мектепке, көшеге, бұрынғы Жданов атындағы кеңшарға С.Шәкіров есімі берілді. Жыл сайын оның спорттық турнирлері өтіп келеді. Ең бастысы, ол үлгілі отбасы болды.
Сөз соңын батыр туралы жыр толғаған талантты ақын Нарша Қашағанов өлеңімен түйіндесек дейміз.
Батыр деген жарқ-жұрқ еткен бір алмас,
Батыры жоқ елдің басы құралмас.
Батырлығын қастерлеген халықты,
Басқалар да бағаламай тұра алмас.
Ерлік үшін еңіреген ағалар,
Кеше болды. Бүгін енді жоқ олар.
Ерліктерін ескермесек, бізді де,
Ертеңгі ұрпақ еске алуын доғарар.
Жылдар өтер қара шаштар ағарар,
Бүгін бардың барлығы ерте жоғалар.
Ескерткіштер орнатпасақ ерлерге,
Соңыра біздің соңымызда не қалар?!
Бұл тірлікте біреуді біреу сағалар,
Бұл тірлікте біреуді біреу жағалар.
Өтер бәрі. Қалар мына тас тұлға,
Болашақ бізді осы арқылы бағалар.
Алдына кеп тәу етсең де қай күні,
Еске салар Ерлік пенен Қайғыны.
Мына тұрған қола мүсін, бауырлар,
Біле-білсек, атамекен айбыны...».
Иә, ақын сөзінде азаттық пен бостандықты мұрат еткен, Отанға – жеңіс, салтанат сыйлаған ерлер есімі мен еңбегіне жырмен де мәңгілік ескерткіш қойыпты.
Осылайша, туған жердің тұғырлы тұлғасына құрмет көрсету, тағзым ету бүгін мен болашақтың басты борышы деп білеміз.
Рақымжан ТҰРЫСБЕК,
филология ғылымдарының
докторы, профессор.
Жамбыл облысы.