Институттың жетекші ғалымдары мен сарапшылар жиын барысында Президент Қ.Тоқаевтың жалпыұлттық референдум өткізу бастамасын қолдай отырып, реформалар нәтижесінде еліміздің саяси дискурсы, құқықтық, әлеуметтік-экономикалық барысына қатысты өзгерістерге қатысты басымдықтарға тоқталды.
Конференцияны институттың Саяси зерттеулер орталығының директоры, философия ғылымдарының кандидаты Айдар Әмребаев жүргізді.
Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша референдум өткізуді қолдайтын Алматы қалалық штабының мүшесі, Философия, саясаттану және дінтану институтының бас директоры, академик Серік Сейдуманов конференцияға қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Қазіргі кезде респонденттердің алпыс пайыздан астамы референдумға қатысуды қолдайды. Ал алдағы күндерде бұл көрсеткіштің арта түсетіндігіне сенім білдірген С.Сейдуманов құқықтық өркениеттілік, ішкі саяси мәдениетке қатысты мәселелерге тоқталды.
Саясаттанушы, ҰҚСК мүшесі Расул Жұмалы «Бұған дейін елімізде, халықаралық кеңістікте орын алған саяси ахуалды ескергенде Президент Қ.Тоқаевтың қоғам алдына саяси реформаларды жүзеге асыруға қатысты шешім қабылдауы батыл қадам», деп атап өтті. «Ал референдум өткізу өркениетті қоғамға тән. Әрине, болар іске сыншы көп. Осы орайда кез келген елдегі саяси реформаларды ой елегінен өткізіп, талдау жасаудың маңызы мол», деді сарапшы. Р.Жұмалының айтуынша, бүгінде мемлекеттік құрылым осындай сараптамалық ғылыми тұжырымдарға зәру. «Қоғамды соңғы онжылдықтарда белең алған әділетсіздік, әлеуметтік теңсіздік, жемқорлық, ашықтықтың жеткіліксіздігі сияқты факторлар алаңдатып келді. Осы орайда көше демократиясымен емес, қоғамның өзін саяси үрдістерге қатыстыра отырып оң нәтижеге қол жеткізудің маңызын уақыт көрсетіп отыр. Осы орайда өзгерістерді қалап отырған қоғам үшін референдумның барысын түсіндіру жұмыстары жеткіліксіз жүріп жатыр», деген Р.Жұмалы сауатты, өркениетті ақылға жеңдіретін реформалар дәл осы кезеңде еліміз үшін аса қажет екенін атап өтті.
Философия ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сәбит халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, кадрлар даярлау, қоғамдағы әділеттілік туралы пікірімен бөлісіп, елдегі реформаларды қолдайтындығын білдірсе, институттың бас ғылыми қызметкері, философия ғылымдарының кандидаты Раушан Сартаева «Өтпелі кезеңде еліміз жаңғыруына бағытталған міндеттерді жылдам жүзеге асырудың маңызына тоқталып, әлеуметтік, құқықтық мәдениетті арттыру, рухани дамуымызға мән бере отырып, мықты құқықтық базамызды қалыптастыру қажет», деп атап өтті. Бұл бағытта сапалы білімнің, отбасының, бүтіндей қоғамның белсенділігі маңызды екенін де алға тартты.
Еуразия ғылыми-зерттеу институтының аға зерттеушісі Әбен Дәурен реформаларды жүзеге асырудан туындаған қарама-қайшылықтар төңірегінде ой қозғап, әрбір пікірге қатысты дәйекті ойларын ортаға салды.
Сарапшылардың пікірінше, сындарлы кезеңде жүзеге асатын іс-қимылдарға байланысты сыни пікірлердің болатыны заңдылық. Дегенмен ішкі, сыртқы жағдайларды ескере қарағанда Президент ұстанып отырған реформаторлық бағыттың қорытындысы таяу келешектің еншісінде. Ал жалпыұлттық референдумның нәтижесі әрбір қазақстандықтың ел болашағына деген сенімінен көрініс табады.
АЛМАТЫ