17 Сәуір, 2014

Өнеркәсіп пен еңбек бірлігі

531 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

expo2017_v2 0ЭКСПО шежіресі: Турин, 1911 жыл

1911 жылы Турин қаласында өткен Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесі Италияның бір орталыққа бірігуінің 50 жылдығына арналды. Халықаралық көрме Италияның бұрынғы астанасы Турин мен қазіргі астанасы Рим қалаларының арасындағы тығыз байланысты паш етті. Туринде өткен ЭКСПО-ның басты тақырыбы – «Халықаралық өнеркәсіп және еңбек бірлігі» ұранымен айшықталды. 1911-turin Айтулы халықаралық шараны ұйымдастырушылар бұл көрмені ерекше жоғары дәрежеде өткізуге барлық күш-жігерлерін жұмсады. Көрмеде алғаш рет өнеркәсіп пен өнердің одақтастығы тығыз көрініс тапты. Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесін өткізуге дайындық барысында арнаулы комиссия құрылды. Оның құрамына Италияның барлық ірі қалаларының дерлік мэрлері, қоғам қайраткерлері, белгілі заңгерлер және басқа да елге кеңінен танымал тұлғалар кірді. ЭКСПО бағдарламасын жасау барысында комиссия көптеген консалтингтік компанияларымен бірлесе отырып, экономикалық ең­бек заңдылығы мен өндірістің ты­ғыз байланыста дамитындығы тура­лы идеяға барынша басымдық берді. Осы бір басты идеяны іс жү­зіне асыру үшін көрмені ұйым­дас­тырушылар жан-жақты белсенділік танытты. Басты идеяны жүзеге асы­ру мақсатында халықаралық көр­ме 26 топқа бөлінді. Әрбір топ өзі­нің бағдарламасы: тәрбие, оқу, отан­ды қорғау, өнеркәсіп, ауыл ша­­руашылығы, сауда, қала құры­лы­сы, ғылым және өнер салалары бойынша елдің қол жеткізген игі же­тістіктерін көрсетуге тиіс болды. Қалалық халықаралық көрме қалашығы әлемге кеңінен танымал ортағасырлық ғимараттар қоныс тепкен Валентино саябағында бой көтеретін болды. Бұған дейін бұл саябақта 1898 және 1902 жылдары үлкен халықаралық жәрмеңкелер өткізілген болатын. Енді осы бір атақты саябақта 1911 жылы жалауы желбірейтін ЭКСПО көрмесінің қалашығы қоныс тебетін болды. Бүкіләлемдік көрме қалашығын салу міндеті Пьетро Феноглио, Стефано Молли және Джакомо Сальвадори ди Вишиноф сияқты белгілі архитекторларға тапсырылды. Сәулетшілер тобының алдына шешімі күрделі өте жауапты міндет қойылды. Олар көрме қалашығында италиялық сәулет өнерінің дәстүрі мен бірнеше сарайлар тұрғызып, көрме павильондарын салуға тиіс болды. Ең бас­тысы, олар құрылыс жұмыстарын жүргізген кезде Валентино саяба­ғын­дағы бірде-бір ағашқа немесе бұтаққа зақым келтірмеуге тиіс еді. Құрылыс жұмыстары бары­сын­да саябақтағы бірде-бір ағаш­ты кесуге рұқсат етілмеді. Бұл ас­қан шеберлікті және туған қала­ға де­ген зор сүйіспеншілікті қажет ет­кен аса қиын да құрметті міндет болды. Италия сәулет өнерінің тарихында есімдері ерекше құрметпен аталатын Пьетро Феноглио, Сте­фано Молли және Джакомо Саль­вадори ди Вишиноф сияқты архитекторлар бұл күрделі мін­дет­ті абыроймен атқарып шықты. Көрме қалашығын салу барысында олар ғасырлар бойы қала халқының көзайымына айналып келе жатқан Валентино саябағының бір шы­бығына да зақым келтірмей, оның көркін асқақтата түсті. Көрме қалашығында бой көтер­ген ғимараттар ерекше сәуле­ті­мен күні бүгінге дейін таңдай қақты­рады. Осы ретте көрме қала­шы­ғын­да тұрғызылған Сән сарайын ерекше атап өтуге болады. 1590 шаршы метр аумақты алып жат­қан сарайдың архитектуралық көркі күні бүгінге дейін маңыз­ды­лығын жойған жоқ. Сән сарайына қатарластыра салынған галереялардың барлығы дерлік шыныдан тұрғызылды. Сонымен бірге, мұнда көрмені тамашалауға келушілерге қызмет көрсететін бірнеше асхана, дәмхана және шайханалар бой көтерді. Қонақтар көңіл көтеретін үлкен би залы да асқан сәулетімен салтанат құрды. 8 мың шаршы метр аумаққа қанат жайған қолданбалы өнер жәдігерлерінің павильоны да шебер архитектуралық шешімі және көз тартар көркімен көрмені тамашалаушыларды ерекше әсерге бөледі. Қолданбалы өнер жәдігерлері қойылған бұл павильонның өзі бірнеше бөлікке бөлінді. Қала жи­һаздары деп аталатын бөлігінде үй жиһаздарының сол замандағы небір озық үлгілері көрініс тапса, көрме павильондарының келесі бір бөлігіндегі сөрелерде ыдыс-аяқ, шыны бұйымдарының небір кереметтері қойылды. Көрме қалашығының екінші бір бөлігінде сол заманғы байланыс саласының техникалық жетістіктері паш етілді. Байланыс павильонында телефон, телеграф және пошта қызметінің озық техникалары мен технологиялары көрініс тапты. Сонымен бірге, корольдік әскери-теңіз күштерінің жәдігерлері қойылған көрме павильондары да қонақтардың көңілінен шықты. Италиялық өндірістерде шығарылған бұйымдар мен өнім­дер Турин қаласында өткен халық­аралық көрменің негізгі тақы­ры­бына айналды. Сонымен бірге, көрмеде шетелдерден әкелін­ген өнеркәсіп және өнер бұйым­дары да мол болды. Осы ретте қол­данбалы өнер жәдігерлері орна­лас­қан павильондардағы Жапон елінің арнаулы көрмесі ерекше назар аудартты. Бұл елдің ұлттық дәстүрлеріне сай келетін өндіріс бұйымдары көрмені тамашалауға келген қонақтардың ерекше қызығушылығын туғызды. Туринде өткен ЭКСПО-1911 Халықаралық көрмесінің тағы бір есте қалатын ерекше көрінісі – «Альпі деревнясы» атты павильоны еді. Атақты инженерлер Шевалле және Морелли ди Попололардың қолымен тұрғызылған бұл жәді­гер шындығында да тамаша еді. Павильонда шағын шіркеуі, бір­неше қолөнер өндірісі, фермалар және шаруа үйлері бар тұтас бір деревня бой көтерді. Мұнда еңбексүйгіш таулықтар қолынан шыққан небір өнер туындылары да кеңінен көрініс тапты. «Халықаралық өнеркәсіп және еңбек бірлігі» ұранымен өт­кен Туриндегі Бүкіләлемдік жетіс­тік­тер көрмесі өзінің алдына қойған биік міндеттер үрдісінен шыға білді. Сарапшылардың пікірінше, 1911 жылы өткен Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесі халықаралық көрмелер шежіресінде өзінің лайықты орнын алды. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».
Соңғы жаңалықтар