Осыған орай Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров «Groupe M6» компаниясының телеарналар мен радиостанциялар портфелін халықаралық дистрибуциялау жөніндегі директоры Жан-Рене Окутюрье және «Лти Восток» Халықаралық дистрибуция жөніндегі бас директоры Мария Жабина-Пантелик және Қазақстан Республикасындағы Француз Республикасы Елшілігінің мәдениет және ынтымақтастық мәселелері жөніндегі кеңесшісі Алекс Бортоланмен кездесті. Кездесу барысында тараптар балалар үшін қауіпсіз ақпаратты қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталды.
Сарапшылардың айтуынша, алдын ала жүргізілген зерттеулер мен сауалнамалар нәтижесінде қазақстандық балалардың отандық өнімнен басқа, әсіресе осы TiJi арнасының өнімін көбірек көретінін көрсеткен. Аударма жұмыстары өткен жылы басталып, 70 сағаттық телеөнім мемлекеттік тілде дубляждалды. Естеріңізге сала кетейік, бұл жобаның жүзеге асырылуына 2021 жылы Аида Балаева бастамашылық еткен болатын.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялағанын атап өткен Асқар Омаров қазіргі ақпараттық ғасырда балалардың қарым-қатынас ортасын қалыптастыруда мультфильмдердің ықпалы зор екенін атап өтті. «Министрлік әлемге танымал мультипликациялық балалар арналарын қазақ тіліне аудару бойынша ауқымды жобаны іске асыруда. Бұл балалардың мемлекеттік тілге деген қызығушылығын арттыруға, сондай-ақ өскелең ұрпақты тәрбиелеуге септігін тигізетініне сенімдімін», деді министр.
Кездесу барысында журналистердің біліктілігін арттыру, анимация өндірісі және министрлік жетекшілік ететін басқа да салалар бойынша екіжақты ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды.
Айта кету керек, балалар телевизиялық контентін өндірушілерді таңдау кезінде балалар телеарналарының осындай жобаларды іске асырудағы тәжірибесі және хабар тарату тілдерінің саны ескерілді. Мәселен, TiJi арнасының 20 елде 14 түрлі тілде хабар тарату тәжірибесі бар. Телеарнаның негізгі миссиясы 2-ден 7 жасқа дейінгі балалар үшін қауіпсіз ақпараттық кеңістікті қамтамасыз ету болып саналады.
«Қазақ тілі – өте бай тіл. Осы тілді кеңінен насихаттау мақсатында қазақстандық балалар үшін арна құруды қолға алдық. Қазақ балаларына олардың мемлекеттік тілінің дамуына ықпал ететін ойын-сауық және білім беру контентін қалыптастыруды мақсат тұтқан бірлескен бұл жоба – бізді осынау игі іске ынталандырды», деп атап өтті Жан-Рене Окутюрье.
Қазіргі таңда қазақ тіліндегі TiJi аудиожолағы Алма ТВ, TV Commerce, Қазақтелеком, Фермата ПРК, Қайнар Медиа (Талдықорған қаласы), Тералайн (Нұр-Сұлтан қаласы), ТТК (Теміртау қаласы) секілді операторларда қолжетімді.