Аймақтар • 19 Мамыр, 2022

Бас болмаққа ұмтылған бала көңіл

232 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Үздік ұланбасы-2022» облыстық байқауына қатысқан балалардың бойындағы от-жалынды көріп, жанымыз жадырады. Жас та болса бас болуға ұмтылған балалардың бойында ұлтына деген құрмет, еліне деген махаббат, Отанына деген ыстық ықылас шүпілдеп-ақ тұр екен.

Бас болмаққа ұмтылған бала көңіл

Бұл іс-шара – жас ұрпақтың бойына парасатты патриотизмді, берік білім мен өзін өзі қамшылап, жетілдіруге деген ғаламат құштарлықты ұштау­ға және құрбыларына үлгі етуге бағыт­талған бастама. Әрі өздері аудан­дық және қалалық іріктеу ке­зең­де­рі­нен озып шыққан өрендер екен. Оларға облыс орталығындағы дарынды балаларға арналған №3 об­лыс­тық мамандандырылған мек­теп-интернаттың жампоздары қо­сыл­­ды. Жүзден жүйрік, мыңнан тұл­пар шығатын, көрерменнің қанын қыздырып, көкірегіне ризашылық сезім ұялататын бәсекенің бәсі де кілең сайдың тасындай бүгінгі заманның қияға қанат қаққалы тұрған темірқанат балапандардың көптігімен қыза түсті.

Мазмұны терең, мәнді іс-шараны олыс­тық білім басқармасының «Ақ­мо­ла дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қол­дау жөніндегі орталығы мен об­лыс­тық «Жас ұлан» бірыңғай ба­ла­­лар мен жасөспірімдер ұйымы» қо­ғам­дық бірлестігі ұйымдастырып отыр. Байқауға қатысушылар ал­ды­мен жатық, жалынды тілмен өз­де­рін таныстырды. Былтырғы оқу жылында өткізілген мазмұнды іс-шаралар туралы шолу жасалды. Әрқайсысы өздерінің қиял қа­нат­ы жеткен жеріне дейін барып, өз­де­рі осылай дұрыс болады-ау деп топ­шы­лаған бағыты бойынша түзген бағ­дарламаларымен таныстырды. Әсі­ре­се, шығармашылық шеберханасы көп көңілін өзіне аудар­ған мазмұнды аталым болды.

Қорытындысын сарапқа салған кезде Көкшетау қаласындағы Абай атындағы дарынды балаларға арналған №3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының ұланбасы Алуа Дулатова ие болды. Талабы тас жаратын өзге де оқушылар арнайы сый­лықтарға ие болды. Осындай маз­мұн­ды шаралар жиі өткізілсе, өзге оқу­шылар да топ жарған тарланбоздармен үзеңгі қағыстырмақ болып ұмтыла түсер еді.

 

КӨКШЕТАУ