Несие белсенділігін сақтаған банктер арасында ForteBank (+10,9 пайыз, 1,02 трлн теңге) көш бастайды. Банктің жылдық динамикадағы көрсеткіші де жоғары (+30,9 пайыз). Үздік ондықтағы банктер арасынан займ көлемінің айлық өсімі бойынша екінші орында «Еуразиялық банк» тұр (+6,2 пайыз, 801,9 млрд теңге). Жылдық динамикада қаржы институты 28,2 пайыз өсім көрсеткен. Үшінші орында – айлық 6,2 пайыздық өсіммен «Банк ЦентрКредит». Қаржы институтының халыққа берген несие көлемі 1,31 трлн теңгеге жеткен. Бір жыл ішінде банк қарыз портфелін 18,2 пайызға дейін ұлғайта алған. Бұл банктің бірер апта бұрын ғана ресейлік еншілес «Альфа-Банкті» сатып алып, оны Eco Bank жаңа брендімен қайта тіркеуден өткізгенін де айта кетейік.
Айлық динамикада оң өсім көрсеткендер ішінде Halyk Bank (+2,7 пайыз) пен Jusan Bank те (+1,6 пайыз) бар. Ал соңғы бірер ай көлемінде санкция салдарынан жағдайы ушығып, акционерлерін ауыстыруға мәжбүр болған «Сбербанк Қазақстан» мен «Альфа-Банктің» наурыз айында қарыз портфелдері минус 4,6 және минус 2,1 пайызға төмендеп кеткен. Басына мұндай жағдай түспесе де Kaspi Bank (минус 2,3 пайыз) пен «Отбасы банктің» де (минус 1,5 пайыз) қарыз портфелі кері кеткен.
Ал қарыз портфеліндегі мерзімі өткен берешектердің үлесі сәуір айында 6,6 пайызды құрапты. Бір ай бұрын – 6,8 пайыз, жыл бұрын 10,6 пайыз болған. Сомаға шаққанда – 1,34 трлн теңге. Жалпы, төленбегеніне 90 күннен асқан несиелер үлесі бүкіл займ портфелінің 3,6 пайызын құрайды. Бір ай бұрын – 3,5 пайыз, жыл бұрын 7,1 пайыз болған. Сомаға шаққанда – 729,2 млрд теңге.