Спорт • 19 Мамыр, 2022

Жалпы есепте топ жарды

276 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл күндері Францияның Нормандия қаласында 2004-2006 жылдары туған оқушылар арасындағы Гимназиада жарысы өтіп жатыр. Бұл бәсекеде қазақстандық таэквондо шеберлері 3 алтын және 2 қола медаль жеңіп алды.

Жалпы есепте топ жарды

Ұлдар арасында 48 килода сынға түскен Акрамат Долгиев қарсылас шақ келтірмей, топ жарса, қыздар арасында 49 килодағы Рита Бакишева мен 55 килодағы Азиза Қараджанова алтыннан алқа тақты. Айта кетерлігі, бұл сынға Қараджанова ұлттық құраманың бас бапкері Батырбек Есдәулетовтің қарамағында дайындалды. Ал 44 килода Наргиз Мейрамбек пен 73 килодағы Бекарыс Бекенов оқушылар сынында қола жүлдеге қол жеткізді. Осылайша, ұлттық құрамамыз жалпыкомандалық есепте бес жүлдемен көш бастады.

Айта кетейік, биылғы Гимназиадаға әлемнің 64 елінен 3600 спортшы қатысып жатыр. Олар спорттың 17 түрінен және паралимпиадалық үш сыннан жүлдеге таласады. Қазақстан оқушылар арасындағы спорт аламанына бірінші рет қатысып жатыр. Елімізден Францияға 17 спорт түрінен 234 оқушы аттанған. Жарыс 22 мамырда аяқталады.