Баянауыл дуанының оңтүстігіндегі Қарағанды облысының Егіндібұлақ, Қарқаралы аудандарымен шектесіп жатқан аумақ Күркелі ауылдық округі деп аталады. Ертеректе «Большевик», «Южный» аталған ауылдық округ орталығы – Қапар ауылы. Бұл жер «Күркелінің бауыры – күнде дауыл» деп жырлаған Көтеш ақынды, Кенесарының батырлары Сейтен мен Тайжанды, аспандағы аққуға ән қосқан Жарылғапбердіні, Ілияс Жансүгіров «Құлагер» поэмасында «таутан Жақып» атаған Жақып палуанды, Алаштың ардақты перзенті Жұмат Шанинді, Екібастұз көмірін ашқан кенші Қосым Пішенбаевты, басқа да ел тарихында есімі қалған тұлғаларды дүниеге әкелген ардақты мекен.
Ұлтымызға осындай аяулы арыстарды сыйлаған Күркелінің, өкінішке қарай, ауылға атау беру мәселесінде біраз дау-дамайдың ошағына айналып отырған жайы бар.
Неге десеңіз, бұл ауыл ел аузында төрт түрлі аталады: «Южный», Жұмат Шанин ауылы, Күркелі, Қапар. Ауылдық округтің Күркелі атануы сол жерде Күркелі тауының болуына байланысты. Ал Жұмат Шанин есімі 1992 жылы кеңшарға берілген. Бұл туралы күркелілік азамат Ерсін Сәрсенбаев былай деп еске алады: «Южный» кеңшарына Жұмат Шаниннің, ал осындағы мектепке Қошке Кемеңгеровтің есімі берілген жылы мен ауылда партком едім. Үй-үйді аралап тұрғындардың келісімін алып, қол жинап шыққаным есімде. Ел Шанин туралы азды-көпті білетін болып шықты. Сөйтіп, өшкеніміз жанғандай болып, ауылымыз жаңа атпен атала бастады». Осыдан соң, 1993 жылы, кеңшардың құрылғанына 50 жыл толғанда, ауылдың кіреберісіндегі асфальт жол бойына Жұмат Шаниннің батар күннің шұғыласына шағылысып жанып тұратын бейнесі орнатылды.
Ал Қапар атауының ауылға қалай таңылғаны беймәлім. Ауылдың Жұмат Шанин атауынан кездейсоқ ажырап қалуы сол кездегі басшылардың салғырттығынан болды ма, кім білсін. Әйтпесе, әйтеуір адам есімімен атап тұрған соң, Жұмат ауылы десе де болмас па еді.
2000 жылы Екібастұз қаласындағы С.Торайғыров атындағы гимназия-мектебінің оқушысы Ербол Жүнісов «Баянауыл ауданындағы жер-су атауларының тарихы» атты зерттеу жұмысын жүргізіп, осы оқушымен бірге ауылға жолымыз түсті. Сол кезде біздің назарымызды ауыл шетіндегі көлдің Қапаркөл атануына себепкер болған Қапар атты адамның көне зираты аударды. (Осы тұста Қапаркөлдің жергілікті тұрғындар ауызға жиі алатын салмақты атауға айналғанын, яғни, Қапар есімі де өзіне лайықты дәрежеде еленіп жүргенін атап өткен ләзім). Өкініштісі, шежіре, тарихтан хабардар-ау деген ауыл тұрғындарының ешбірі «Қапар кім?» деген сұраққа мандытып жауап бере алмады. Тіпті руын, өмір сүрген жылдарын да білудің сәті түспеді. Тек ол кісінің бай болғанын білдік. Аталған зерттеу жұмысы республикалық байқауда жүлделі орынға іліккенімен, көкейімізде: «Қапар деген шынымен кім болды екен?» деген сұрақ кілкіп қала берді. Одан бері талай жыл өтсе де, баспасөз беттерінен Қапар есіміне қатысты дерек кездестіріп немесе ел аузынан «Қапар бай сөйткен екен» деген татымды әңгіме ести қоймадық.
Осыған қарамастан, ауыл жұртының бір бөлігі елді мекеннің Жұмат Шанин есімімен қайта қауышуына үзілді-кесілді қарсылық білдіруде. Бұдан бұрын да жергілікті басылым беттерінде Жұмат есімін ауылға қайтару мәселесі көтерілгенде, бастамашыларға бірлі-жарым ауыл ағалары дөңайбат көрсетіп: «Қапардың аруағына неге тиісесіңдер?» дегеніне куә болғанбыз. Бір рудың аталары арасындағы келіспеушіліктер салдарынан алты алаштың ардағы Жұмат Шанин есімі өз туған жерінде атаусыз қалып бара жатқаны жанға батады.
Жалпы, Жұмат Шаниннің кім екенін айтып жатудың өзі артық. Оны әр қазақ білуі тиіс. Өмірі мен шығармашылығын кезінде Рымғали Нұрғалиев зерттеп, ол туралы қыруар еңбек қалдырғаны белгілі.
...Республикамыздың алғашқы халық әртісі, тұңғыш режиссері, драматург, театр қайраткері, көзі тірісінде «қазақтың Станиславскийі» атанған Жұмат Шанинге орыстың белгілі режиссері К.Станиславский отызыншы жылдарда мынадай сөз арнаған екен: «Құрметті дос, келешекте ұрпағыңыз сізді әңгіме етпей қоймайды. Сіз, сеніңіз маған, өзіңіз туралы халқыңыз әңгіме етіп, аузынан тастамайтындай тамаша мұра жасадыңыз. Қоғамдық өмірдегі алған бағытында бүтін бір халық үшін пионер болу әркімнің сыбағасына тие бермейді. Демек, сізден соңғыларда ондай мүмкіндік жоқ. Олар тек сіз бастаған істі дамытып алға апарушылардың қатарында ғана қалады».
Бір естелігінде Кереку өңірінен шыққан әнші Бісміллә Балабековтің ол туралы: «Қазақтан шыққан тұңғыш театр режиссері Жұмат Шанин мен министр Темірбек Жүргеновтің ұлт өнеріне қамқорлықтары ерекше еді ғой», дегені бар. Жұмат Шанин Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театры мен Абай атындағы опера және балет театрының дүниеге келуіне, дамып қалыптасуына жанын сала кіріскен қайраткерлердің бірі ғана емес, бірегей басшысы да болған.
1972 жылы Шымкент облыстық драма театрына Жұмат Шанин есімі берілді. Ал жерлестерінің Жұмат атынан неге үркіп отырғаны түсініксіз.
Негізі, Баянауыл кентінің өзінде бір көше, сондай-ақ, Астанада бір қысқа да елеусіз көше Шанин есімімен аталыпты. Алматыдағы көше үлкен. Басқа да елді мекендерде Шанин атында көше бар шығар, бірақ мұның бәрі Жұматтың атына бір ауылды қимай қалуға себеп емес қой. Әсіресе, туған ауылы Жұмат Шанин есіміне қайта ие болып жатса, оның несі айып?!
Жанаргүл ҚАДЫРОВА.
Павлодар облысы.