Жамбыл өңірінде күн жылынып, жер көгере бастады. Шаруасына құнтты тумалар ауласының жерін қопсытып, көшет отырғызудың қызығына кіріскен. Әкімдік жақтан жеткен «облыста биыл 141 749 мың дана ағаш отырғызылып, 36 778 шаршы метр жерге көгал өсірілмекші екен» деген жағымды жаңалық та көңілімізді бір марқайтып тастаған. Әлбетте, көшеттердің неше атасын сорттап, сұрыптап, саудаға шығарған ағайындардың да ұпайлары түгел. Көше бойындағы сол жас өскін көшеттерге қызыға қарап тұрып есіме Еңбек Ері атағына екі мәрте ие болған Жазылбек Қуанышбаев еккен теректің хикаясы оралған. Сол тал атамыздың Мойынқұмдағы қара шаңырағының алдында көненің көзіндей болып әлі жайқалып тұр. Қасиетті ағаштың бағзыдан сыр шерткен бұтақтары биыл да бүршік жара бастаған шығар...
* * *
Жазылбек атамыздың Мойынқұм ауылындағы қара шаңырағында отырғанбыз. Кеңес өкіметінің қаламгерлері «малшылардың маршалы» атандырған, оның үстіне Еңбек Ері деген жұп жұлдызы бар қарияға қошқардай егіз ұл сыйлаған Әлімхан апамыздың батылдығы да батыр шалынан бір кем емес. Дүниеге Тойшыбай мен Қойшыбай келгенде сол апамыз егіздің сыңарын енесіндей боп кеткен Жәйшібала бәйбішенің бауырына салып тұрып: «Апа, мына егіздің біреуі сіздікі, біреуі менікі болсын» дегенде Жазата: «Әй, сенің мұның не? Бір баланы неге бересің оған?» деп «ашуланған» бопты. Сонда Әлімхан анамыз: «Құдай маған егіз бала бергенде апа да бір жаман неме иіскесін деген шығар, неге бермеймін» депті. Мінеки, Ұмай, Домалақ және Сыланды аналардың далалық даналықтарының, кемелдігі мен кеңдігінің жалғасы. Сол Тойшыбай әлі күнге дейін өзін Жәйшібала апасының баласымын дейді. Ал туған анасы Әлімханды «мойындамайды». «Бала тапқандыкі емес, баққандыкі» дегеннің мысалы да осы. Қара шаңырақта отырған соң сол құтханаға байланысты да сөз қозғайсың. Ескі дәстүрмен Әлімхан ападан үйдің «тарихын» да сұрадық.
– Бұл үйді аталарыңның өзі салдырған. Берекелі адам еді ғой жарықтық, бұл шаңырақ та өзі сияқты сол кездегі кең, ең үлкен үйлердің бірі болды ауданда. Шал өмірден өткеннен кейін әртүрлі жағдай болып, қариядан қалған шаңырақты сатуымызға тура келді. Аты-жөнін айтпай-ақ қояйын, аудандағы бір бастық сатып алды. Өзі бір момын, жақсы кісі еді, бірақ бұл үйде көп тұра алмады. «Неге?» деп сұрасақ: «Түнде Жазата келіп, үйді айналып, терезені таяғымен тарсылдата қағып, ашу шақырып ұйықтатпайды. Жазата «тынышталған» күні, ауладағы талы «шулап» қорқытады. Қорқытқанда, ауа тұп-тұнық күннің өзінде тура бір жел тұрғандай сыбдырлап, сықырлап қоя береді. Өзі салдырған үй мен өзі еккен талды қимай жүр-ау деймін, өздеріңіз қайтып сатып алыңыздаршы», дейді жалынғандай боп. Әлімхан апа, ұлы мен келіні бар, олар да бекер саттық-ау деп ойланып жүр екен. Сол әңгімеден соң қара шаңыраққа қайта көшіп келіпті.
Әлімхан апаның әңгімесі қызық. Оған жаныңнан бірдеңе қоссаң әсері болмай қалады. Еш қоспасы жоқ сондай әңгіменің біреуі мынау:
Жазекең құйрығы шарадай дәу қазақы қойды шілдехана тойына соямын деп жүреді екен. Бірақ Әлімхан апаның нағашысы Үшкемпір Жазекеңе: «Анау тұрған қызыл қойды бересің» деп, тура әлгі құйрығы шарадай дәу қазақы қойды көрсетеді. Қария: «Мен оны әйелім туғанда соямын деп жүр едім» дейді. Сонда апамыздың нағашысы: «Сізге қой деген сөз бе екен», деп дәл сол қойды қалап алып кетіпті. Үшкең сөйтіп, Қойшыбай мен Тойшыбай дүниеге келгенде Айдарлыдағы 9 үйден сүйінші сұрап, 9 қой алып, «шала байып» қалыпты.
Әлімхан апамыздың айтуынша, Жазекең алты ай ауырыпты. Оған дейін ауырған емес еді дейді. Алты айдан кейін жағдайы төмендей береді. Сөйтіп жатып, Жамбыл ауылындағы қарындасын күткендей, «Жұмакүл келсін», деп жан-жағына қарай беріпті. Қарындасы келген кезде қолынан ұстап жатып, жүріп кетіпті. Күйеу баласы молда екен, әйтеуір атасына дем салып үлгеріпті.
Жазатаның тегін адам емес екенін мына жайттан де аңғаруға болады. Ресей отаршылдары қазақ жерінің ту-талақайын шығарып, бөліске салып жатқан тұс болса керек, Ағыбай батыр жер дауымен Батыс Сібір генерал-губернаторы болған Гасфортқа барып, елі мен жерінің тағдыры үшін неден болса да аянбайтынын білдіреді. Абырой болғанда, батырдың талабымен жер дауы шешіліп, ушыққан мәселе дұрысталады. Батырдың көңіл-күйі орнына түскен шақта генерал-губернатор суретшісін шақыртып Ағыбай батырдың қайталанбас келбетін сыздырып алады. Кейін батыр бейнесі түземдіктердің көсемі ретінде Эрмитажға жөнелтіледі. Жазылбек ата құдай берген бақ пен дәулеттің арқасында Ленинградқа барған сапарында сол суретті көріп, батыр бейнесінің қасынан айналсоқтап шықпай қояды. Әрідегі Ағыбай тұрмақ, берідегі Ахмет Байтұрсыновтың суретін көруге зар болған заманда мына бейне Жазатаға керемет олжа болып көрінеді. Еңбек Ері деген атағының беделін халқы үшін осындайда пайдаланбағанда, қай уақытта пайдаланады? Жазатаның қолқасымен Ағыбай батырдың суретінің көшірмесі жасалады. Елге жеткен сол олжа бүгінде тарихымыздағы құнды мұралардың бірі.
Біз әңгімеден соң аулаға шыққанбыз. Күн жып-жылы екен. Әшейінде желі басылмайтын өңір тып-тыныш. Жазата еккен тал да мүлгіп тұр. Соған қарағанда, Жазатаның аруағы бүгінгі ұрпақтарының бірлігі мен тірлігіне риза екен ғой деп іштей бір марқайып қалдық.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
журналист-жазушы.
Жамбыл облысы.
––––––––––––––
Суретте: Жазылбек ата ауласындағы терек.