Коронавирус • 19 Мамыр, 2022

Жылжымалы медициналық кешендерде 1,8 млн тұрғын екпе алды

422 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Медициналық жылжымалы кешендер арқылы еліміздің 1,8 млн тұрғыны вакцинацияланды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Гүлнар Сәрсенбаева айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жылжымалы медициналық кешендерде 1,8 млн тұрғын екпе алды

«Еліміздің денсаулық сақтау жүйесі коронавирус инфекциясымен байланысты жаһандық өзгерістер аясында күрделі ауыртпалыққа шыдас беріп, біршама сапалы өзгерістерді бастан кешірді. Мәселен, медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымдары жанынан шамамен 3 мың мобильді бригада құрылды. Олар коронавирус инфекциясын жұқтырған пациенттерге көмек көрсетуде тиімділігін көрсетті. Осы тәжірибе жетілдіріп, дамытылып жатыр. Бүгінде көліктегі медицина шалғайдағы ауылдардың тұрғындарына медициналық көмекті қамтамасыз етіп отыр. Атап айтқанда, 149 жылжымалы медициналық кешен ауылдарға шығып, халықтың мақсатты топтарына скринингтік зерттеулер жүргізеді. Бейінді мамандар кеңес беру үшін қабылдайды», деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен жиында.

Оның айтуынша, өткен жылы жылжымалы медициналық кешендер халықты вакцинациялау жұмысын жүргізді. Шалғайдағы елді мекендердің шамамен 1,8 млн тұрғынына коронавирус инфекциясына қарсы екпе жасады.

«Жылжымалы медициналық кешендердің жұмыс қорытындысында созылмалы аурулары бар тұлғалар анықталып, бақылауға алынды. Биыл да кешендер бекітілген кестеге сай жұмыс істеп жатыр. Осы жылдың 1-тоқсанында 300 мыңнан астам тұрғыны бар 550 елді мекенге қызмет көрсетілді. 118 мың диагностикалық, 57 мыңнан астам зертханалық зерттеу жасалды. Шамамен 16 мың науқас анықталып, оның 3 мыңға жуығы бақылауға алынды», деп толықтырды Гүлнар Сәрсенбаева.