Қазақстан • 19 Мамыр, 2022

Сот жүйесінде судьяларды іріктеу мәселесіне қатысты реформа қажет – Президент

312 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сот жүйесінде судьяларды іріктеу мәселесінен бастап, төрелік принциптерін реттеуге қатысты бірқатар реформа қажет. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық бизнес өкілдерімен кездесуінде айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сот жүйесінде судьяларды іріктеу мәселесіне қатысты реформа қажет – Президент

«Бірінші кезекте – кадр мәселесі, өйткені судьяларды іріктеу принциптерін жетілдірмейінше, бұл бағытта жұмсалған күш түгел тиімсіз болып қала береді. Қазір сот жүйесінде екі мыңнан астам судья қызмет етеді. Жыл басынан бері сот жүйесінен емес, өзге салалардан келген 50 практик-заңгер судья болды. Ілгерілеу бар, бірақ бұл - жеткіліксіз. Жұмысты барынша күшейту қажет»,  деді Президент.

Мемлекет басшысы екінші маңызды аспект ретінде сот төрелігінің принциптері туралы айтты. Жекеменшік пен мүдденің сотта қорғалу кепілдігі – экономиканы дамыту мен инвестиция тартудың, яғни елдің жалпы алға жылжуын қамтамасыз етудің базалық шарты екеніне тоқталды.

«Қазақстанда мемлекеттік және жекеменшік қатар мойындалады, тең дәрежеде қорғалады. Бұл - Конституцияда бекітілген қағида. Алайда бізде іс жүзінде жекелеген мемлекеттік органдардың мүддесін қорғауға басымдық беріліп кетеді. Олар мемлекеттің мүддесі ретінде жаңсақ қабылданады. Әкімшілік әділетті енгізу арқылы біз бұл үрдіске тосқауыл қоя алдық, бірақ жұмыс әлі де көп», деді Мемлекет басшысы.

Президент сот төрелігінде әділдік пен бейтараптықтан басқа принцип болуы мүмкін еместігін айтты.

«Сот жүйесін реформалаудың уақыты келді. Біз бұл қажеттілік туралы шетелдік инвесторлардан да, өз кәсіпкерлеріміз бен отандастарымыздан да естіп жүрміз. Сондықтан жуық арада осы бағытта нақты әрі ауқымды шараларды жария етемін», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.