Қазақстан • 19 Мамыр, 2022

Бар жақсымыз – балаларға

1434 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл – Балалар жылы. Атаулы кезеңде атқарылар іс аз емес. Міндет жүгі де салмақты. Басым бағыттарды саралаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі, олардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі» деген болатын. Қазір өңірлерде Президент пәрмені бойынша бірқатар іс-шаралар жүзеге асып жатыр. Бұл санатта Алматы облысы да бар.

Бар жақсымыз – балаларға

Жалпы, атаулы жылда атқарылатын іс-шаралар реті Үкіметтің арнайы қаулысымен 7 бағыт бойынша жүргізілуде. Олардың қатарында «Білімді бала», «Отбасы – қауіпсіз мекен», «Дені сау бала», «Жетімсіз ел», «Жайлы мекен», «Bala qorgay», «Bala_time.kz» сияқты негізгі жоспарларды қамту міндеті тұр. Ал аймақта қолға алынған іс-шараның бір бағыты білім саласына қатысты болып отыр.

– Президент бұл жылды тек ұрандап немесе мереке түрінде ғана өткізуді емес, балаларды қорғау мақсатында денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қамсыздандыру саласында нақты іс-шаралар жасау керектігін тапсырды. Осыған орай облыста іс-шаралар жос­пары бекітілген, – деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айжан Адамбекова.

Оның айтуынша, бұл балалардың сапалы білім алуына, толыққанды қосымша оқумен қамтылуына, денсаулығын нығайтуға, құқықтарын іске асыруға, отбасылық және адамгершілік-рухани құндылықтарды қалыптастыруға бағытталып отыр. Облыста Балалар жылын өткізу аясында 5 мыңнан астам іс-шара қарастырылса, бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 7 млрд теңгеден астам қаржы бөлініпті.

Биыл балалар игілігі үшін берілетін 13 мек­тептің құрылысын аяқтау жоспарлануда. Мұнан бөлек Еңбекшіқазақ көпсалалы ауданаралық ауруханасының базасында «Қамқорлық» оңал­ту орталығы ашылмақ. Орталықта нейро-ортопе­диялық, церебралды сал ауруы бар балаларды оңалтудың үздік әдістемелері мен заманауи тәсіл­дері енгізілген. Жыл соңына дейін 600 баланы қабылдау жоспарланған. Жалпы, аймақтағы мүмкіндігі шектеулі 58 бала уақтылы сауықтыру үшін Нұр-Сұлтан қаласының «Балаларды оңал­тудың ұлттық орталығына» жіберілген. Бала денсау­лығына көңіл бөлу ісі облыста оң бағытта өрбіп отыр. Қазір аймақ­та 11 оңалту орталығы жұмыс істейді. Оның төр­теуі таза мемлекеттік мекеме екен. Мұндай орталық­тарда қызмет алу­шы­ларға әлеуметтік-мәдениет, әлеуметтік-эконо­мика, әлеуметтік-психология, әлеу­меттік-медицина, әлеу­меттік-құқық салалары бойынша көмек беріледі.

«Бар жақсылық – балаларға» дегендей, аймақтағы жасөспірімдерді рухани тұрғыда қолдау әрдайым назарда. Облыстық тарихи-өлкетану мұражайлары мен музейлерге жетім балалар мен ата-анасы­ның қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған, көпбала­лы от­басылардан шыққан жеткіншектерге тегін көрме-экскурсиялар ұйымдастырылуда. Жақында «Қайырым­ды ұлт» республикалық қайырымдылық акциясы аясында «Айналайын» балалар үйі мен кәме­летке толмағандарды бейімдеу орталығының екі жүз­ден астам тәрбиеленушісі мен мүмкіндігі шек­теулі балаларға мерекелік концерт және дастар­қан ұйымдастырылған. Жетім және ата-ана қам­қор­лығынсыз қалған балаларға арналған меке­ме­лердің 210 тәрбиеленушісіне ойыншықтар, спорт­тық инвентарлар және басқа сыйлықтар табыс етіл­ген. Ал Б.Римова атындағы драма театры 860 балаға қайырым­дылық қойылымдарын ұсынды. «Айна­лайын» және облыстық №1 балалар үйлерінің 194 тәр­биеленушісі үшін демеушілер тарапынан мереке­лік дастарқан ұйымдастырылып, сыйлықтар та­быс етілді, бұл шараға 2 млн-нан астам қаражат жұмсалды.

Облыста бала құқығын жүзеге асыру, отбасы­лық және адамгершілік-рухани құндылықтарды қалыптастыру мақсатында сурет, мәнерлеп оқу, плакат, патриоттық әндер байқауы, ашық сабақ, тәрбие сағаты, акция, әдеби оқылым, мұражайларға экскурсия, көрме, фестиваль, слет, ата-аналардың қатысуымен дөңгелек үстел, кездесулер өтті. Іс-шаралар мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдар, демеушілер, меценаттар, қоғамдық ұйымдардың қатысуымен ұйымдастырылуда. Бұл аталған шаралар «Балалар жылы» аясында тұрақты жалғасын таппақ.

 

Алматы облысы