Жақында Қазақстан Республикасының Бразилия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі, Аргентина Республикасы мен Чили Республикасында елші қызметін қоса атқарушы Бақытжан Ордабаев Уругвай Шығыс Республикасының Сыртқы байланыстар министрі Луис Алмагро Лемеспен арнайы кездесу өткізді, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі.
Кездесу барысында саяси, экономикалық және мәдени салалардағы екіжақты қатынастарды дамыту, сондай-ақ, халықаралық ұйымдардағы өзара ықпалдастық мәселелері талқыланды.
Кездесу аясында Б.Ордабаев уругвайлық СІМ басшысын Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың 2014 жылғы наурыз айындағы Гаагада өткен Ядролық қауіпсіздік саммитіндегі сөзімен және Қазақстанның ядролық қарудан бас тарту және оны таратпау саласындағы бастамаларымен таныстырды.
Министр Л.Алмагро өз кезегінде Уругвай ядросыз мемлекет болып табылатынын жеткізе отырып, Қазақстанның бұл бағыттағы дәйекті әрекеттерін жоғары бағалайтынын мәлімдеді.
Сондай-ақ, кездесуде қазақстандық дипломат уругвайлық тараптың БҰҰ ҚК-нің Тұрақты емес мүшесі болуына Қазақстанның үміткерлігін қолдағанына алғысын білдіре отырып, осы мәселеге қатысты Уругвай министрінің атына жолданған Қазақстан Сыртқы істер министрі Е.Ыдырысовтың алғыс хатын табыс етті.
Келіссөздер нәтижесінде тараптар екіжақты үнқатысуда 2014 жылғы маусымда Парагвайда өтетін Америка мемлекеттері ұйымы Бас ассамблеясының 44-ші отырысы алаңында жалғастыруға уағдаласты.
* * *
Қазақстан Республикасының Тәжікстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Ағыбай Смағұлов Тәжікстан Республикасының Сыртқы істер министрі Сироджиддин Асловпен кездесті.
Қазақстан елшісі тәжікстандық СІМ басшысына 2017-2018 жылдар кезеңіндегі БҰҰ Қауіпсіздігі Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне Қазақстанның кандидатурасын қолдағаны үшін Тәжікстанға ризашылық білдірген Қазақстан Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың жеке жолдауын тапсырды.
Достық сипаттағы сұхбат барысында тараптар өзара іс-қимылдардағы саяси деңгейдің жоғарылығын, достас екі ел басшыларының өңірлік және халықаралық бастамаларын өзара қолдап отырудың дәстүрге айналғандығын ерекше атап өтісті.
Сондай-ақ, екіжақты саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды. Тараптар Тәжікстан Сыртқы істер министрінің Қазақстанға жасайтын алдағы ресми сапарының қазақ-тәжік қатынастарының дамуына қарқын беріп, екіжақты және көпжақты пішіндегі ынтымақтастықтың келешегін талқылауға жол ашатынына сенім білдірді.