Референдум-2022 • 20 Мамыр, 2022

Жаңару жолындағы құлшыныс

424 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жуырда еліміздегі барлық БАҚ-та «Қазақстан Республика­сының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы жарияланды. Әлбетте, бұл құжаттың әлі де ел ішінде талқыланары сөзсіз. Заң жобасын жариялаудағы мақсат та осы болса керек.

Жаңару жолындағы құлшыныс

Дегенмен «Ата Заңға қандай өзгерістер енгізіледі?» деген алаң көңіл орнына түскендей. Ең бастысы – суперпрезиденттік басқару жүйесінен түбегейлі бас тартып, президенттік республикаға айналатындығымызда. Яғни «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын тұғыр еткен басқару жүйесіне өтеміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған 16 наурыздағы Жолдауында жаңару мен жаңғырудың негізгі 10 бағытын айқындап берген болатын. Қазіргі таңда осы Жолдау жүктеген міндеттер кезең-кезеңі­мен жүзеге аса бастады.

«Бізге Қазақстан дамуы­ның саяси моделін қайта құру бо­йынша сындарлы қадамдар қа­жет. Мұнда ең алдымен, супер­президенттік басқару формасынан күшті Парламенті бар пре­зиденттік республикаға түп­кілікті көшу туралы айтылып отыр. Мұндай жүйе билік инс­ти­тут­­тарының қолайлы тең­герімін қамтамасыз етеді және елдің орнықты дамуына ықпалы ететін болады. Алдымызда Пар­ламенттің рөлін күшейту міндеті тұр. Бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдама­сын табысты жүзеге асыруға жол ашады. Біз болашақта қандай ел болатынымызды нақты білеміз. Жаңа Қазақстанды азаматтық қоғамы қалыптасқан тиімді мемлекетке айналдырамыз. Осыған орай күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет қағидатын басшылыққа аламыз», – деген еді Президент. Міне, осы бағытта қайта түзіліп, қарапайым халықтың талғам таразысына ұсынылған жобаның Қазақстанның кемелдену кезеңі­не кепіл боларына көзіміз жетіп, сеніміміз серпіліп отыр.

Қандай өзгерістер бар сонда?

Тәуелсіздіктің ең басты тірегі, мемлекеттің барынша баға­лы құндылығы, халықтың игілігі – жер. Конституцияның 6-ба­бын­дағы 3-тармағында «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсім­діктер мен жануарлар дүниесі, бас­қа да табиғи ресурстар халық­қа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүргізеді» деп өзгертілмек. Осы баптың өзімен-ақ, талай жыл­дан бері азаматтардың алаң­дауына негіз болып, дау-дамай, дақпыртты өршітіп келген жер мәселесіне нүкте қойылады.

Сондай-ақ Ата Заңымыздың 43-бабы «ҚР Президентінің өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде саяси партияда бол­мауға тиіс» және «ҚР Пре­зи­денті­нің жақын туыстары мем­лекеттік саяси қызмет­шілердің, квази­мемлекттік сектор субъектілері басшыларының қызметтерін атқаруға хақысы жоқ» деген жаңа тармақтармен толығып отыр.

Жаңа өзгерістер мен толық­тыру­лар арқылы Президент өзінің көп өкілеттіктерін би­ліктің басқа тармақтарына бөліп беруі де халықтың билікке деген сені­мін арттыратын фактор. Би­лік бөлінісіндегі мұндай тепе-теңдік еліміздегі саяси жү­йені демократияландыру­дың алғы­шартына айналары сөз­сіз. Сонымен қатар болашақта Парламент Мәжілісі Конституциялық заңда белгі­лен­ген тәртіппен аралас сайлау жүйесі бойынша: біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша пропорционалды өкілдік ету жүйесі бойын­ша, сондай-ақ бірмандаттық аумақ­тық сайлау округтері бойынша сайланатын 98 депутаттан тұратын (50-баптың 3-тармағы) болады. Бұл дегеніміз қарапайым халықтың таңдауы мен пікірі ескеріледі деген сөз. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астана­ның әкімдерін сол өңірдегі барлық мәслихат депутаттарының келі­сімімен тағайындау (87-бап­тың 4-тармағы) жүйесі де – жаңа­ру­дың жарқын қада­мы. Өз­геріс­тен кейін облыс әкім­ді­гі­не ұсы­нылған екі үміткер­ге мәслихат депутаттары дауыс бере­тін бола­ды және мәсли­хат депу­тат­тарының әкімдер қызметін баға­лап қана қоймай, әкімге көпшілік дауыспен сенімсіздік білдіру құқығы да (87-баптың 5-тармағы) Ата Заңның жаңа редакциясында қамтылып отыр.

Жалпы, біз жаңару жолына табан тигіздік. Мемлекет басшысы айтқандай, «Жаңарған Қазақстан – Әділетті Қазақ­стан» құру ісіне құлшына кіріс­тік. Алдағы референдум Жаңа Қазақстанның тарихи мүм­кіндіктеріне жол ашады. Елдің ертеңі үшін таңдау жасайтын тарихи сәттен алауыздық танытып, енжарлық көрсеткенімізді келешек ұрпақ кешірмеуі мүмкін. Сондықтан жарқын болашақ үшін жұдырықтай жұмылып, бірлік танытайық!

 

Бекзат АЛТЫНБЕКОВ,

Amanat партиясының Қарағанды облыстық филиалының атқарушы хатшысы