Референдум • 20 Мамыр, 2022

«Бізге тең мүмкіндіктер қажет» – дейді елордалық жастар

447 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Astana IT университетінде конституциялық реформалар бойынша Республикалық қоғамдық қолдау штабының мүше­лері елордалық жастар бірлестіктері өкілдерімен кездесті.

«Бізге тең мүмкіндіктер қажет» – дейді елордалық жастар

Жиынға қатысушылар Конс­ти­туцияның ел дамуындағы рөлі мен конституциялық рефор­маның Жаңа Қазақстанды құру­дағы маңыздылығын талқылап, өздерінің белсенді азаматтық ұстанымдарын білдірді. Елорда жастары көкейкесті мәселелерді қозғап, ұсыныстарын да жеткізді.

Кездесуге республикалық ерік­ті­лер фронт-офисі жоба­сы­ның үйлестірушісі Айбек Досым­бетов, Қазақстанның эколо­гия­лық ұйымдары қауымдасты­ғының мемлекеттік органдармен байланыс жөніндегі менеджері Әлішер Құмарғалиев, Birgemiz республикалық волонтерлік фронт-офисінің үйлестірушісі Перизат Қайратқызы, Қазақ­стан студенттері альянсының атқа­рушы директоры Азат Теңге­баев секілді белсенді жастар қатыс­ты. Олар осы ретте де еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласатынын дәлелдеп, жиында ой-пікірлерін еркін білдірді.

«Жастарға өзгерістер мен демократия қажет. Біз басқа буынбыз және тәуелсіз елде өмір сүріп жатырмыз. Бостандықтың не екенін білеміз және түсінеміз, өз әлеуетімізді, арманымызды жүзеге асыру үшін бізге тең мүмкіндіктер қажет. Осыған байланысты Президент биылғы Қазақстан халқына Жолдауында түбегейлі жаңа конституциялық тепе-теңдікті қалыптастыру мін­детін қойды. Елдің саяси жү­йесін жаңарту мен жаңғырту жолы қоғам мен ел өмірі­не жан-жақты ықпал етеді, ал Жаңа Қазақстан мен Екінші Рес­пуб­лика жаңа тәсілдерді талап етеді. Осы­ған байланысты барша­ңыз­ды, әсіресе, жастарды 5 мау­сым­­да референдумға барып, Жаңа Қазақстан үшін дауыс беру­ге ша­қырамын», деді Азат Теңгебаев.

Қазақстан халқы Ассамблея­сының «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» атты ХХХІ сессиясында Мемле­кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ата Заңға өзгерістер мен толық­тыру­лар енгізу жөнінде респуб­ликалық референдум өткізуді ұсынған болатын. Жастар Мем­лекет басшысының әрбір бастама­сын оның ішінде референдумда қамтылған мәселелерді қол­дайтынын бірауыздан жеткізді.