17 Сәуір, 2014

Сарапшылардың оң бағасы

224 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясын жүзеге асыруды шолу шеңберінде халықаралық сарапшылар Астана қаласында болды. Астанаға Қазақстанның БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенция қағидаларын жүзеге асыру барысын шолу мақсатында Пәкістан мен Катар сарапшылары келіп қайтты. Шолу барысында сарапшылар БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенция қағидаларын іс жүзінде қолданудың практикалық мысалдарымен танысып, Қазақстан Парламенті Сенаты және Мәжілісі депутаттарымен, Жоғарғы Сот, Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі, Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі, Қар­жы министрлігі, Сыртқы істер минис­трлігі және Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік қызмет­керлерімен кездесулер өткізді. Сондай-ақ, сарапшылар Қа­зақ­станның үкіметтік емес ұйымдары өкілдерімен де жүздесіп, ол кездесулер қорытындылары бойынша, Пәкістан мен Катар сарапшылары елдік сапар ұйымдастырылуының жоғары деңгейін атап өтіп, қазақстандық тараптың шолуды өткізуге дайындығын оң бағалады. Шолу туралы елдік баяндаманы дайындау үшін сол елге сапар маңызды шарт болып табылады. Шолудың түйіндемесін БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы (БҰҰ ЕҚБ) дайындап, Конвенцияның жүзеге асырылу барысын шолу жөніндегі Үкіметаралық жұмыс тобының кезекті 2014 жылғы маусымда өтетін мәжілісіне ұсынады деп күтіліп отыр. Айта кетерлігі, еліміз Кон­венцияға 2008 жылы қосылған болатын. Ал сарапшы ретінде Пәкістан мен Катар мамандарының келуі де кездейсоқ емес. 2011 жылы Конвенцияның жүзеге асырылу барысын шолу жөніндегі Үкіметаралық жұмыс тобы жеребе салғанда Қазақстанның заңнамаларына шолу жүргізу үшін екі ел – Пәкістан мен Катар анықталған болатын. Қазіргі таңда шолудың бірінші – қазақстандық тараптың кешенді бақылау сауалдамасына жауабы мен қазақстандық сарапшылардың Пәкістан мен Катар сарапшыларымен бейне және телефондық конференциясымен қоса кабинеттік шолу және екінші – Қазақстанның мемлекеттік органдары және ҮЕҰ-мен кездесу үшін елдік сапар жасау кезеңдері аяқталды. Шолудың соңғы, үшінші кезеңі БҰҰ ЕҚБ шолудың түйіндемесін дайындап, оны Конвенцияның жүзеге асырылу барысын шолу жөніндегі Үкіметаралық жұмыс тобы қабылдаған кезде аяқталады. «Егемен-ақпарат».