Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі Алматы қаласында өз бөлімшесін ашты. Аталмыш қызмет өзінің алғашқы баспасөз брифингін Қазақстан халқы Ассамблеясы Алматы қалалық және облыстық өкілдіктерінің алдағы Қазақстан халқы Ассамблеясы ХХІ сессиясының әзірлік жұмыстары барысына арнады.
Қазақстандағы түрік этномәдени бірлестігі басшысының орынбасары Қазақбай Қасымов, грек ұлттық этномәдени бірлестігінің басшысы Георгий Иорданиди, кәріс ұлттық этномәдени бірлестігі басшысының орынбасары Георгий Кан, ұйғыр этномәдени бірлестігінің мүшесі Рахилям Махпирова қатысқан брифингте 18 сәуірде өтетін Қазақстан халқы ассамблеясының ХХІ сессиясына дайындық жайы мен осы күнге дейін қала мен облыс көлемінде атқарылған істер қаралды.
Журналистермен кездескен топ Қазақстан халқы Ассамблеясының тарихына қысқаша тоқтала келіп, жаңа әрі баламасыз осы құрылымды іске асыру жұмыстары аймақтарда кіші ассамблеялар құрудан басталғанын, Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамды топтастырушы тетіктердің біріне айналып, ол шын мәнінде ұлтаралық келісімнің қазақстандық моделін жүзеге асырудың маңызды тетігі болғанын ерекше атады.
«1995 жылы 16 ақпанда Президент Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі ұлттық мәдени орталықтардың жетекшілерімен кездесу өткізді. Сонда, Елбасы республикадағы ұлтаралық келісімді сақтау және оны одан әрі нығайту үшін елімізде жаңа қоғамдық институт – Президент жанындағы Консультативті-кеңесші орган ретінде Қазақстан халқын ортақ мүддеге біріктіретін Ассамблея құру қажеттілігі туындап отырғандығын ерекше атап өткен еді», деді Георгий Кан.
Бүгінгі күні Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздегі – әрбір этностың мүддесін қорғайтын қоғамдық бірлестік. Ассамблея көпұлтты Қазақстан халқын топтастырушы институт ретінде қалыптасып болды деп есептеуге толық негіз бар. Ассамблея Қазақстан азаматтарын отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге, этностар арасындағы достық пен бірлікті нығайту ісіне өлшеусіз үлесін қосып келеді.
«Қазақстан халқы Асамблеясы әр алуан этностарды азаматтық тұрғыда топтастырудың қуатты құралының біріне айналды. Жалпы алғанда, өз қызметінің алғашқы күндерінен бастап Ассамблея еліміздегі этностардың мәдениетінің қайта жаңғыруы мен дамуына елеулі үлес қосып келеді. Наурыз мейрамы, корей, неміс мәдениетінің фестивальдері, татарлар мен башқұрттардың сабантойы жалпыхалықтық сипатқа ие болды. Дүнгендер, күрдтер сияқты, т.б. этностардың мейрамдары мен түрлі форумдары республикалық деңгейде дәстүрлі түрде өткізіліп отырады», деді түрік этномәдени бірлестігінің өкілі Қазақбай Қасымов.
Ассамблеяның белсенді қызметінің нәтижесінде Қазақстандағы этностардың мәдени өмірі жандана түсті. Өйткені, Ассамблея этностық топтар арасындағы ұйымдастыру жұмыстарының орталығына айналды. Ассамблея органдарына мемлекеттік мәртебе берілуіне байланысты этномәдени бірлестіктердің мәселелері жедел шешімін тауып, кейбір өзекті мәселелер бойынша үкімет деңгейіндегі шешімдер қабылданып келеді. Ассамблея Кеңесінің шешімімен этномәдени бірлестіктерге қаржылай және ұйымдастыру жұмыстары бойынша көмек көрсету мақсатында республикалық қор құрылған.
Алматы қалалық этномәдени бірлестіктерінің кеңселері Демократия үйінде және республикалық Достық үйінде орналасқан.
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.