17 Сәуір, 2014

Мемлекеттік тілді меңгеру әдемі әдіс-тәсілге тәуелді

361 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында: «Қазақ тілі бүгінде ғылым мен білімнің, интернеттің тіліне айналды. Қазақ тілінде білім алатындардың саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Еліміз бойынша мемлекеттік тілді оқытатын 57 орталық жұмыс істейді. Олар­­­дан мыңдаған азаматтар қазақ тілін үйреніп шықты, әлі де үй­ренуде» деді. Шынында, қазіргі таңда еліміздегі барлық азаматтарға мемлекеттік тілді меңгеремін деушілерге қолайлы жағдай жасалуда. Сондықтан болар, қоғамда қазақ тілін үйренуге деген ынта, ықылас күн санап артуда. Оларға қажет қазақ тілін оқытуға арналған әдістемелер, оқулықтар, мультимедиалық оқу құралдары жарыққа шығуда. Мемлекеттік тілді оқытатын орталықтың бірі – Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасына қарасты «Руханият» орталығы. Орталықтың негізгі міндеті, мем­ле­кеттік мекемелердің қызмет­керле­рін қазақ тіліне үйрету; қазақ тіліне баулуға арналған ғылы­ми-әдістемелік конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстел­дер өткізу; тілді үйретудің үш деңгейлік бағдарламасына сай негізгі оқулықтар мен мұғалімдерге арналған әдістемелік нұсқаулықтар, грамматикалық анықтағыш пен сөздіктер, оқу құралдарын шығару. Орталықтан мемлекеттік және бюджеттік мекемелердің қызмет­керлері қазақ және ағылшын тілдерін меңгеруге талпынуда. Атап айтсақ, олардың қатарын­да Президент Іс басқармасына қарас­ты мекемелер, Парламент депу­таттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, Астана қаласы әкімдігі, тағы басқа қыз­меткерлер бар. Қазіргі тіл үйрету әдістемесінің көпшілігі тілді сөйлеуге емес, жеке сөздерді немесе тіркестерді жаттатуға негізделген. Орыстілді мектептердегі, жоғары оқу орын­дарындағы «Қазақ тілі» оқу­лық­тарын шолып шықсаңыз, соған көзіңіз әбден жетеді. Тілді бір-бірімен байланыссыз жеке сөздерді жаттау үшін үйренбейді, тілді сөйлесу үшін үйренеді. Сондықтан, біз қазақ тілін үйрету әдістемесін әлдебір монологтық деңгейден күнделікті өмірде қолдана алатын қажетті диа­логтық деңгейге жеткізгеніміз жөн. Тіл үйретудегі басты мәселе – әдістемеде, мұғалімнің біліктілігіне немесе оқулықтың сапасына ғана тәуелді емес, мәселенің үлкені – тіл үйренушінің өзін қамшылауында, намысқа тырысуында, сөйтіп, ықыласын оятып, көкірек көзін ашуында. Орталығы мемлекеттік қызметкерлерді өз салалары бойынша әзірлеуде. Оларға қажет «Са­лалық қазақ тілі» оқу құралы жарыққа шықты. Ал «Бастау» оқу құралы қазақ тілін үйренуге енді бет бұрғандарға арналған. Бұл оқу құралының өзге оқу-әдістемелік құ­ралдардан ерекшелігі – оның мазмұны мен құрылымының тіл үйренушіні сөйлеу әрекетіне бағыттаумен сабақтасып келеді. Еңбекте алдымен жаңа сөздер ұсынылып, кейін олар сөз тіркестері мен сөйлемдерге, аударма мен сұхбаттарға ұласады. Сөйтіп, тіл үйренушінің тілдік қатысымға шығуына орайлы мүмкіндік ту­ғызады. Қарапайымнан күрделіге қарай негізделген мұндай әдістеме тіл үйренуге тиімді деп білеміз. Қазақ тілін үйретуге арналған мультимедиалық құралдың бірі – «25 кадр». Онда әрбір тақырып бойынша алдымен бірнеше сөздердің, содан кейін осы сөздерден тұратын сөз тіркестері, әрі қарай сөйлемдер блогы берілген. Бұл әдістің тіл үйрету саласын­дағы басқа әдіс-тәсілдерден айыр­ма­­шылығы – ол адамның түйсігін актив­тендіруге бағытталған. Қазіргі кезде қазақ тілін үйренуге кедергінің бірі – қызметкерлердің сабақ уақытында толық құрам­да қатыса алмауы. Себебі, тыңдау­шылар жұмысты алдыңғы кезекке қойып, мемлекеттік тілді оқыту сабағына қатысуды екінші кезекке ысыруы тілді меңгеруде біршама қиындықтар әкелуде. Сондықтан, мекеме басшылары осыған жете назар аударса дұрыс болар еді. Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ, «Руханият» орталығының қызметкері. АСТАНА.