Румыния ұлттық опера театрының арт-директоры Михай Косма мен белгілі дирижер Кристиан Санду «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының жетекші солисті Жұпар Ғабдуллинаны Джузеппе Вердидің «Аида» операсындағы басты партияны орындауға шақырған болатын.
Өзіне тән ерекше үнімен көптеген сахналық бейнелердің тамаша үлгісін жасап үлгерген қазақ әншісіне Румыния театрының майталмандары жайдан-жай қолқа салды деп айта алмайсыз. Нәзік жаратылыс иесінің кескін-келбеті мен әуез-әуенін мүлтіксіз жеткізу опера әншілерінің бәрінің бірдей табаны тие беретін шың емес. Әлемнің ең ірі сахналарында өнер көрсетіп жүрген танымал тұлғалардың өзі мұны табысқа бастап баратын бірден-бір кесек кейіпкер әрі сахна иесі үшін Аида рөліне лайық болу өте жоғары жетістік деп санайды. Сондықтан да Ж. Ғабдуллинаның Румыния ұлттық операсының сахнасында өнер көрсетуі әлемдік деңгейдегі орындаушылардың санаты тағы бір жарық жұлдызбен толығып келеді деген сенімді кеудеге күмәнсіз ұялатты. Дж. Вердидің «Аида» операсындағы басты кейіпкерді сомдаған қазақ аруының шеберлігі румын көрермендерінің ыстық ықыласына бөленді. «Театрдың көркемдік жетекшісі Михай Косма мен дирижер Кристиан Сандудың сенімін толықтай ақтап шыққан әншінің лирикалық-драмалық сопрано дауысы Аида бейнесін қазіргі заманға жеткізуде күрделі иірімдердің өзімен сәтті үйлесті» деген пікір айтылуда бұл туралы. Шетелдік шеберлердің назарына «Астана Опера» театрының солисті қалай ілігіп жүр деген сұрақ туатын шығар. Еске сала кетейік, Жұпар Ғабдуллинаның өнеріне олар өткен жылы Вердидің 200 жылдығына арналған халықаралық фестивальде тәнті болған екен. Ал әншінің өзін әңгімеге тартқанымызда, румыниялық әріптестерінің шақыртуын ол толғана қарсы алғанын, мұндай мәртебе жас әншінің келешегі үшін өте үлкен құрмет болып саналатынын айтты.
Орындалуы күрделі вокалдық партиялардың біріне жататын Аида бейнесіне дауыс диапазоны кең әртіс керек. Және бір ерекшелігі, оған тек бір дауыстың жетістігі аздық етеді. Өйткені, операның драмалық сәттерімен дауысты шебер қиыстыра алу – нағыз кәсіби әртістің ғана қолынан келетін іс.
Румыния ұлттық опера театрының көркемдік жетекшісі Михай Косма бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында оларды таныстырған румын операсының кереметі Ирина Иордакеску екенін айтты. «Бұған дейін де Қазақстанның талай танымал солистері туралы жақсы білетінмін. Көбін концерттерде, сахналық қойылымдарда тамашаладым, халықаралық басылымдардан Қазақстанның мәдени өмірі жайында көп мағлұматтар оқыдым. Бірде онда тамаша опера және балет театры пайдалануға берілгенін және онда жергілікті әртістердің қатысуымен әлемдік деңгейдегі қойылымдар өтіп жатқанын білдім», дейді маэстро.
Екі ел арасындағы мәдени байланыстың жемісі дегенде, румын режиссерінің Бухарестегі ұлттық опера және балет театры төріне қазақ әншісін оздырған оқиғасын мысалға келтіруге болады. Жұпар қызымыз да жұтынып тұрған әнші. Ол республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты, «XXI ғасыр өнері» халықаралық байқауында бас жүлдені жеңіп алған, 2013 жылы «Дж. Верди – 200 жыл» атты халықаралық опералық фестивальде «Аида» операсының бас партиясын шырқау осы әншінің маңдайына бұйыруы да кездейсоқтық емес.
Адамның тағдыры бір-ақ сәтте басқаша өзгеріп шыға келуі мүмкін. Верди мерейтойынан кейін Ж.Ғабдуллинаның өмірінде де сондай қызық жағдай орын алды. Соның бірі – Румыния театрының шақыруы. Айта кету керек, әнші бұған дейін Аида партиясын Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрында орындаған болатын. «Бұл – әлемнің көптеген елдерінде жұрттың сүйіспеншілігіне ие болған классикалық бейне. Мұндағы әсіресе, қыздың Отанына деген, Радамеске адал махаббатын көрсететін үшінші акті аса қиын соғады. Румыния сахнасында сол жолдан сүрінбей өттім дей аламын. Көп дайындалуға уақыт жетпей қалғанына қарамастан, сахналық әріптестеріммен бірден тіл табысып кеттім. Олар мені, мен оларды жерге қаратқан жоқпын. Спектакльдің сәтті өтуіне театрда көп дайындық жасауымның едәуір көмегі тиді деп ойлаймын. Себебі, жылдам уақытқа ілесе алған адам ғана қазір белгілі бір табысқа қол жеткізеді десек, бұл орайда маған әлемдегі ең көп сұранысқа ие әнші – Елдар Әбдіразақовпен бірге өнер көрсеткен «Аттила» операсындағы Одабелла бейнесі, Мария театрында Роберто Тальявинимен шырқаған рөлдерім қымбат», дейді Ж.Ғабдуллина.
Жетіқара ҚОҢЫР.