Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Бекзат Тілеген автокөлікті алу, ресімдеу жұмыстарының өзі ойлағаннан да жылдам жүргеніне қуанғанын, таңғалғанын жасырмады.
– Бағдарлама іске қосылған күні, яғни 16 мамырда түскі үзіліс кезінде автосалонға келіп өтінім бердім. Жұмыс күні аяқталар шақта менеджер хабарласты. VIN-код пен төлемге арналған шотты алып кетуімді сұрады. Одан кейін банкке барып несиеге өтінім бердім. Өнеркәсіпті дамыту қорынан үш күннің ішінде несиенің мақұлданғаны туралы жауап келді. Осылайша, банк менеджері өтінімнің мақұлданғанын айтып сүйінші сұрады. Сөйтіп, көлікті ресімдеу жұмыстары басталды, – деді Бекзат.
Ол құжаттарды ресімдеу жұмыстарына шамамен 15 мың теңге төлегенін, сондай-ақ КАСКО сақтандыруының алғашқы айына төлем жасағанын жеткізді. Сақтандырудың жалпы сомасы көлік құнының 1,2 пайызына тең.
– Шынымды айтсам, жеңілдетілген автонесие – өте ыңғайлы бағдарлама. Өзімде бұрын машина болған. Бірақ салоннан жаңа күйінде алғаш рет көлік иеленіп тұрмын. Мен барған автосалонда көліктің екі түрі болды, соның бірін таңдап, ресімдедім. Автонесие алу процесі ашық әрі кедергісіз өтті. Түсінгенім, клиенттің тұрақты жұмысы болғаны абзал. Сондай-ақ жеке тұлғаның несие тарихы таза болғаны жөн. Өзім машина құрастыру бойынша инженермін. Екі баланың әкесімін, – деді Бекзат Тілеген.
Ол өз сөзінде былтырдан бері көлік бағасы қымбаттағанын атап өтті.
– Мен таңдаған модель былтыр шамамен 5,7 млн теңгеге бағаланған еді. Жалпы, аңғарғаным, көлік бағасы жаңа бағдарлама басталған сәттен емес, жыл басынан бастап қымбаттады, – деді ол.
«Банк Центр Кредиттің» елордадағы филиалы директорының міндетін атқарушы Гүлжихан Хамитованың айтуынша, банк республика бойынша 4 мыңға жуық өтінім қабылдаған.
– Елордада, Алматы мен Шымкентте сұраныстың көптігі байқалды. Скоринг жүйесі бойынша теріс жауап алып жатқандар да бар. Несие беру кезінде өтінім иесінің тұрақты жұмысы, тиісінше алты айлық мерзімде міндетті зейнетақы аударымының болуына, несие тарихының дұрыстығына, төлем қабілеттілігіне назар аударылады. Бұл ретте ипотекасы бар адамдар да автонесие ресімдей алады. Ең бастысы, үміткердің жалақысы жақсы және зейнетақы аударымдары дұрыс болуы шарт, – деді Гүлжихан Хамитова.
Сондай-ақ ол КАСКО сақтандыру бір жылға ресімделетінін, содан кейін оны қарыздың қалдығына ресімдеу керектігін, тиісінше төлемнің азаятынын түсіндірді. Яғни көпшілік айтып жүргендей, сақтандыру төлемін жеті жыл үшін бірден төлеудің қажеті жоқ.
«Банк ЦентрКредиттің» автонесиелеу жөніндегі кураторы Әйгерім Қыстаубаеваның пікірінше, астанада Chevrolet, Kia және Hyundai брендтеріне сұраныс жоғары. Әзірше мақұлданған несиелердің дені Chevrolet Cobalt және Chevrolet Nexia маркаларына тиесілі.
– Несиесі мақұлданбағандар да бар. Скоринг жүйесі шешімді өзі қабылдайды және автоматты түрде жауап береді. Шамамен 10 өтінімнің 3-4-еуі мақұлданбайды, – деді Әйгерім Қыстаубаева.
Chevrolet автосалонының өкілдері Бекжан Тілегеннен бөлек, тағы бірнеше адам бүгін-ертең таңдаған көліктерін алып кететінін айтты.
Өнеркәсіпті дамыту қорының мәліметінше, бүгінгі таңда жеңілдетілген автонесие бағдарламасы бойынша жалпы құны 31,7 млрд теңгеге 4 290 өтінім мақұлданған.
Еске сала кетейік, 4 пайыздық жеңілдетілген автонесие бағдарламасына 100 млрд теңге бөлініп отыр. Бағдарлама 30 жылға шақталған. Бағдарлама аясында берілетін несиенің жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 4 пайыз. Банктерден 10 млн теңгеге дейін несие алуға болады. Қаржыландыру мерзімі 7 жылдан аспайды. Несиенің бастапқы жарнасы 0 пайыздан басталады. Көлік құны 15 млн теңгеден аспауы керек.
Бағдарлама бойынша Kia, Hyundai, Chevrolet, JАС, LADA брендтердің өнімін сатып алуға мүмкіндік бар. Автонесие алу үшін «Еуразиялық Банк», «Банк ЦентрКредит», «Қазақстан Халық банкі», Forte Bank секілді екінші деңгейлі банктерге жүгінуге болады.
Бағдарламаға қатысудың қадамдары келесідей. Алдымен дилерлік автоорталыққа барып, отандық өндірістен шыққан автомобильді таңдау керек. Автоорталық өкілдері үміткерге VIN-код пен төлемге арналған шот береді. Үміткер оны банкке апарып тапсыруы шарт. Банк өтінімді қабылдайды. Несие мақұлданған соң банк кепілхат береді. Оны дилерлік автоорталыққа тапсырады.
Айта кету керек, өтінім бергеннен кейін тұтынушы таңдалған автомобильдің маркасы мен моделін өзгерте алмайды. Сондай-ақ кезекте тұрған орынды басқа адамдарға қайта тіркеуге болмайды. Бағдарламаға бір үміткер екі жылда бір рет қана қатыса алады.