Испания судағы тіршілік иелерінің көбеюіне және емін-еркін қоныс аударуына кедергі болған өзен-көлінен 108 бөгетті алып тастады. Соның ішінде Еуропадағы ең биік 13 метрлік Анларинос бөгеті жойылды. «Сандық көрсеткіш жағынан Еуропа елдері арасынан Испания көш бастап тұр», дейді Дүниежүзілік балық көші-қон қорының жоба менеджері, бөгетті жою туралы Еуропа ұйымының мүшесі Пао Фернандес Гарридо.
Эколог ғалымдардың айтуынша, Еуропа өзендеріндегі тосқауылдардың басым бөлігі бір ғасыр бұрын салынған. Олардың кем дегенде 150 мыңы бүгінде ескірген, экономикалық мақсатқа пайдалануға жарамсыз. Ондай бөгеттермен басқа да өзендердегі кедергілер балықтардың көшу жолдарын жауып тастайды. Бұл көбінесе алабұға, бекіре, форель және жыланбалық секілді балық түрлерінің азаюына әкеліп соғады. Өзен-көлдердің ағысы негізі еркін болуы керек. Сол кезде балықтар қоректерін еш қиындықсыз тауып, көбейеді. «Бөгеттерді бұзу – нағыз қажеттілік», дейді Фернандес Гарридо. «Бізде мыңдаған қараусыз қалған қоршау бар, бұған назар аударып жатқан ешкім жоқ. Алайда оның қаупі жоғары екенін ескеру керек. Бөгеттер судың сапасы мен жерасты суларының деңгейіне әсер етеді, каналдар мен жағалауларды тоздырады және жағажайларды жоқ қылады, қоныс аударатын балықтар популяциясының азаюына және тіпті жойылуына әкеледі», деп түсіндірді ол.
«Статистикалық мәліметтерге қарасақ, Еуропа өзен-көлдеріндегі қоныс аудару арқылы көбейетін балықтар соңғы 50 жыл ішінде 93 пайызға азайған. Мұның басты себебі бөгеттердің ұрық шашуға кедергі болуы», дейді экологтер. Өзендердегі бөгеттердің пайдасынан гөрі зиянын ескерген үш ел – Португалия, Черногория және Словакия бұл іске өткен жылы кірісіп кеткен. Сондай-ақ Финляндия Хиитоланжоки өзенінде орналасқан үш бөгеттің бірі су электр тоғанын бұзды. Бұл өз кезегінде қазірде теңізге еркін шыға алмай отырған ақсерке балығының уылдырық шашатын жерлеріне оралуына мүмкіндік бермек. «Бұл іс – су электр тоғанының қажет еместігін және энергияны басқа көздерден алуға болатынын көрсететін тамаша мысал. Осылайша Хиитоланжоки өзені 120 жылдан астам уақыт ішінде алғаш рет бөгеттерден толығымен босатылады», деді Фернандес Гарридо. Ғалымның айтуынша бүгінде істің нәтижесін көріп, қолдап отырған Испания, Франция, Дания, Финляндия және Ұлыбритания елдері ғана. Италия, Португалия, Грекия, сондай-ақ Шығыс Еуропаның барлық елі бұл бастаманы әлі де болса мойындамай отыр. «Тұщы судағы балық популяциясының күрт азаюына байланысты өзендерді қалпына келтіру кезек күттірмейтін жұмыс әрі міндет. Біз биыл 2021 жылдағы көрсеткіштен асып түсеміз деп ойлаймын. Өйткені Еуропадағы өзен кедергілерін жоюға көмектесу үшін алдағы алты жылда 42,5 миллион еуро инвестициялайтын жаңа Open Rivers бағдарламасы әзірленіп, қаржы бөлінуде», деді Фернандес Гарридо. «Біз барлық елдің үкіметтерін осы игі іс-шараға қосылуға шақырамыз, әрбір елдің ағысы еркін, тұнық, мөлдір суы бар өзен-көлдері болуы тиіс. Сондықтан бұрын-соңды өзендерді салынған бөгеттер мен өзге өндіріс нысандарынан босату маңызды. Бұл елдің экологиялық мәселесін шешудің бір жолы болып саналады», дейді испан ғалымы.