Осыған орай Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев республикалық референдумға байланысты Алматы қаласындағы шығармашыл интеллигенция өкілдерімен кездесті. Кездесуге тәуелсіздік жылдарының бедерінде әр салада танылған орта буын өкілдері қатысты.
Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев қаңтар оқиғасы, қоғамда жүріп жатқан өзгерістер, қылмыстық тергеулер, сыбайлас жемқорлыққа байланысты шешімдер әрбір азаматты алаңдататынын айта келе, жиналғандарды еркін пікір алмасуға шақырды. Мемлекетті сақтау, тәуелсіздікті нығайту, елімізді экономикалық тұрғыдан табысты етіп, демократияның даму даңғылына түсу – күн тәртібіндегі кезек күттірмейтін көкейкесті мәселе екендігін алға тартқан ол орнықты ұсыныс, елдің келешегіне пайдасы бар, електен өткен пікір билік тарапынан ескерусіз қалмайтынын айтты.
Дөңгелек үстел форматында өткен басқосуда сөз алғандардың бәрі қандай мәселе болса да ұсыныс айтуда, пікір білдіруде ашық және әділетті болуға ұмтылды. Бір жағынан кездесудің еркін әрі шынайы пікірталасқа құрылуына Президент кеңесшісінің ғылым, өнер, әдебиет, БАҚ саласындағы тұлғалардың еңбектерінен жақсы хабардар болуы, сол ортамен замандас және өзі де шығармашыл қауымның белді өкілі екендігі ықпалын тигізді деуге болады.
Ақын Маралтай Райымбекұлы референдум ертеңімізді бағдарлайтын маңызды да жауапты іс-шара екенін айтып, саяси науқанға қатысты азаматтық ұстанымын ортаға салды. Ақын сөзін күллі Шығыс шайыры Жүсіп Баласағұнидің құқықтық қатынастардың сақталуы мен заңдардың үстемдік құруы жайындағы өлеңімен аяқтады. Ал актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Азамат Сатыбалды өнер мен саясаттың байланысын, жалпы шығармашыл ортаның саяси сауаттылығы, елдің жаңа Президентке деген сенімі туралы сөз қозғады. Актер елдің Президентке сенетінін, енді осы сенімді сақтау мен ақтау жолындағы бастамаларды қолдау тұрғысындағы ұсыныстарын жеткізді.
Саясаттанушы, тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлан Сейдін демократиялық өзгерістер жүргізудің уақыты әлдеқашан келіп жеткенін алға тартты. Ол конституциялық реформалар жүргізу арқылы Президент өзіне тағдыршешті жауапкершілік алып тұрғанын, маңызды шешімдер қабылдауда бір мәмілеге келу келешекте сөзсіз жемісін беретінін және халықтың өзі де осыған мүдделі болып отырғанын кеңінен түсіндірді. «Президент биліктің барынша шыншыл және оның ең өзекті мәселелерді әділетті түрде шешуге ұмтылып отырғанын көрсетті. Бәріміз де өмірімізді еліміздің болашағымен байланыстырамыз және сол жарқын келешек үшін жауапкершілікті де сезінеміз», деді Н.Сейдін.
Айтыскер ақын, «Алатау» дәстүрлі өнер театрының директоры Ринат Зайытов референдум өткізуді толық қолдайтынын, алайда көңілінде жүрген түйткілді мәселелерге қатысты үш түрлі ұсынысын ортаға салды. Бұл – тіл мәртебесі, білім сапасындағы кемшіліктер мен ұлттық дәстүрлі өнерді насихаттаудағы олқылықтар туралы болатын. Айтыскердің ойын ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының орынбасары Бақыт Беделханұлы да қуаттап: «Тест тапсыру баланың ой түйіп, оны сөзбен жеткізу қабілетін өлтіретін таяздыққа жетелейді», деді.
Жиналғандардың басым бөлігі халықтың саяси сауатын көтеру, қарапайым ел түгілі, кейде зиялы қауымның өзі де саяси үдерістердің айырмашылығын ажырата алмайтынын, сондықтан әлеуметтік желілерде жұртты адастыратын үстірт пікірлер кездесіп жататынын жасырмады.
Заң ғылымдарының кандидаты, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті Қазыбек Дауталиев: «Референдумға адам құқығын қорғау, конституциялық құрылыс негіздері мен мемлекеттік билік механизмін жетілдіру мәселелері шығарылып отыр. Адам құқығын шектейтін, бұрынғыдай Президент билігін күшейтетін, ел дамуын тежеуі мүмкін бірде-бір норма жоқ. Әрине, жер – тек Қазақстан азаматтарының жеке меншігінде болады дейтін норманы халықтың күткені анық. Жаңа Қазақстан осы бір ғана конституциялық реформамен шектелмеуге тиіс. Алдағы уақытта әлі де болса тәуелсіздігімізді бекемдей түсетін, мемлекеттің әлеуметтік функциясын жетілдіретін елдік, халықтық сипаттағы нормалар өмірге келеді», деген пікірін жеткізді. Ол, сондай-ақ, тәуелсіздігімізді түгендеп, мемлекеттігімізді дәріптейтін мұражайлар жүйесін құруды ұсынды.
Президент кеңесшісіне тілектерін аманаттап келгендер «Балапанды» аяғынан тұрғызғанымызбен, әсіресе жасөспірімдерге арналған қазақтілді телебағдарламалар, әлеуметтік мәселелерді шешуге ықпалы бар «Айтуға оңай», «Қарекет» сияқты рейтингке емес, адамгершілікке құрылған телебағдарламаларға көрермен зәру екенін ашық жеткізді. Телевизиядағы қазконтентті дамытуға, идеологиялық саясатқа қатысты Әлібек Шегебай, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Әлия Құдайберген, ақын, «Кітап ал» баспалар желісі балалар баспасының редакторы Саят Қамшыгердің ұсыныстарымен кездесуге жиналғандар да келіседі.
Ақын Мұратхан Шоқан ауылды өркендету мәселесіне оралуды ұсынса, жазушы, баспагер Бақытжан Бұқарбай «Қазіргі өзгерістердің формасы мен мазмұны сәйкес келуі қажет. Сөз еркіндігі, пікір бостандығы және ол үшін «жаза» болмауы керек», дейді. Ал әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Сәдуақасова елге еңбегі сіңген танымал тұлғалар мен қайраткерлерге құрмет пен сыйластықты қалыптастыру жөнінде ойын білдіре келе, өнер жұлдыздарының да әлеуметтік желілерде сөзін тыңдайтын миллиондаған оқырманы бар екенін еске салды.
Президент кеңесшісімен кездесуге жиналғандардың барлығы да әділет барлық салаға, алдымен халықтың көз алдында жүретін руханиятқа керек десті. Сондықтан да мемлекеттік марапат, адамдардың еңбегін бағалау мен бағамдау ісінде де әділетті болу мәселесі қозғалмай қалған жоқ.
Кездесуді қорытындылаған Мәлік Отарбаев жиында айтылған мәселелердің барлығы ескерусіз қалмайтынын жеткізді. «Референдум – жай формальды түрде өтетін науқан емес, еліміздің болашақ тағдырын шешетін, мемлекетіміздің тұғырын биіктететін маңызды тарихи белес. Халықтың тұрмыс-тіршілігін, қоғамдағы өткір мәселелерді жан-дүниесімен сезінетін ең әуелі шығармашыл интеллигенция. Президентіміз бастаған саяси реформалар ел дамуына бағытталып отыр. Осы себептен зиялы қауым өкілдері, өнер және мәдениет қайраткерлері халыққа референдумның мән-жайын түсіндіріп, Ата Заңымызға қандай өзгерістер ұсынылғаны туралы мән беріп, жеткізуі керек. Жаңа Қазақстан халықтың қалауымен құрылады. Осыны естен шығармаған абзал», деді.
АЛМАТЫ