Спорт • 23 Мамыр, 2022

Азияның үздігі деп танылды

196 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

UCI-дің құрлықтық рейтингінде «Астана» клубының велошабандозы Алексей Луценко жеке-дара көш бас­тап тұр. Оның еншісінде 1 233 ұпай бар.

Азияның үздігі деп танылды

Азияның ең үздік велошабандозы деп танылған жерлесіміз ондай құрметке әбден лайық. 29 жастағы Солтүстік Қазақстан облы­сының тумасы 2011 жылдан бері «Аста­наның» сапында өнер көрсетуде. Ол Қа­зақстан біріншілігі мен Хайнань, Алма­ты, Оман турларының бірнеше дүркін жеңім­пазы. Луценко 2017 жылы «Испания Вуэльтасының» кезеңдік сайысында топ жарды. Ұлттық командамыздың сапында 2014 жылы Инчхон мен 2018 жылы Жакартада алауы тұтанған жазғы Азия ойындарында бас жүлдені олжалады. 2017 жылы Бахрейнде Алексей құрлық чемпионы атанды. Сондай-ақ UCI-дің құрлықтық рейтингінде Қазақстан құрамасы бірінші орынды иеленсе, «Астана» клубы екінші орынды олжалады.

Ал «Джиро д’Италия» көпкүндігінің 14 кезеңі Саймон Йейтстің (BikeExchange-Jayco) жеңісімен аяқталды. «Астананың» велошабандоздары арасында ең үздік нәтиже әлі де Виченцо Нибалиге тиесілі. Бұл жолы ол мәреге төртінші болып жетті. Осы нәтижесінің арқасында Нибали жалпы есепте сегізінші сатыға көтерілді.