Байқау ережесіне сәйкес қатысушылар «Тарихи Қызылорда», «Қаланың бірегейлігі», «Қала – тұлғалар келбетінде», «Заманауи Қызылорда», «Қызылорда қаласының табиғаты», «Балаға мейірімді қала» атты аталымдар ұсынылған байқауға жергілікті іскер азаматтар демеуші болыпты.
Атаулы жыл шеңберіндегі іс-шараларды ұйымдастыруда рухани дамумен қатар саламатты өмір салтын насихаттау, бала саулығын нығайтуға баса мән беріліп отырғанын айта кеткеніміз орынды болар. Осы бағытта үкіметтік емес ұйымдар өкілдері ұйымдастырған тағы бір игілікті іс – мектеп оқушылары арасындағы марафон болды. Желаяқтар жарысына облыстық мәдениет және спорт, ішкі саясат, денсаулық сақтау басқармалары, қалалық білім бөлімі қолдау танытты. Осыған дейін облыста балалар арасында мұндай марафон өтпеген екен. 200-ге жуық бала қатысқан жарыс атаулы жылдағы жақсы бір бастама болғаны анық.
Сөз басында биыл балалар саулығын нығайтуға баса назар аударылғанын айтып өттік. Бұл ретте денсаулық сақтау басқармасына қарасты «Облыстық жастар денсаулығы орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мамандары біраз жұмыс атқарды. Осыдан 7 жыл бұрын құрылып, көп ұзамай облыстық саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығының аудандық құрылымдық бөлімшелерін құрамына қосып алған мекеме Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 8 қазандағы бұйрығымен денсаулық сақтау ұйымдарының номенклатурасына амбулаторлық-емханалық көмек көрсететін ұйым ретінде енгізіліп, мақсатты топ 10-29 жас аралығы болып бекітілді.
– Орталық жұмысының басты мақсаты – жастар мен жасөспірімдерге құпиялылықты сақтай отырып, қолжетімді көмек көрсету болып отыр. Мамандарымыздың сырт көзге көріне қоймайтын осындай жұмыстары нәтижесінде өңірде жастар арасындағы суицид пен ерте жүктілік көрсеткіштері біршама төмендеп келеді, – дейді орталық директоры Гүлжихан Нысанова.
Кейінгі жылдары жасөспірімдер мен жастардың жыныстық қатынасқа ерте түсуі, одан туындайтын зардаптар дәрігерлерді қатты алаңдатып отырған мәселеге айналғаны жасырын емес. Бұл жыныстық жолмен жұғатын түрлі инфекциялар ауруларға соқтырып, оның соңы бедеулікке әкелетінін мамандар ескертіп-ақ келеді. Осы бағытта облыстық жастар денсаулығы орталығы жастар мен жасөспірімдер арасында симмуляциялық құралдар арқылы тренингтер де ұйымдастырған. Саламатты өмір салтын насихаттау аясындағы осындай іс-шаралар нәтижесінде жастар арасында жыныстық жолмен жұғатын аурулар біршама төмендеп келе жатқаны байқалады.
Жастар денсаулығы орталығының басты қызметінің бір бағыты тәулік бойына психологиялық көмек көрсететін «Жедел желі» байланыс телефоны жұмыс істеп тұр. Бұл телефон желісіне түскен қоңыраулар саны жыл сайын артып келеді. Осы жылдың І тоқсанында 971 қоңырау түсіп, дәрігерлер мен мамандар қажетіне қарай кеңес берді. Осы қоңыраулардың 85-інде 10-17 жас аралығындағылар хабарласқан. Он жасар баладан бастап егде кісілерге дейін телефондатып жататын жедел желідегі мәселелерге талдау жасаған мамандар қоңырау шалуға отбасындағы түсінбеушілік, ата-ана мен бала арасындағы келіспеушілік себеп болатынын анықтапты. Былтырдан бастап індетке қарсы салынған вакцина жайын сұрап қоңырау шалатындар да көбейіп отыр.
Жыныстық жетілудегі өзгерістерді жақынынан сұрай алмайтын жасөспірімдер үшін орталықтағы құпиялықты сақтай отырып кеңес беретін гинекологтер мен урологтердің көмегі көп болып тұр. Жалпы осы саладағы мамандардың өзі «Облыстық жастар денсаулығы орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіндегі психологтердің кәсібилігін мойындайды. Кейде балалар мен жастардан бөлек олардың кеңесіне үлкен адамдар да жүгініп жатады.
Орталық қызметкерлері мектептердегі жоғары сынып оқушылары мен оқу орындары студенттері арасында «Дұрыс тамақтану мен дене белсенділігінін маңыздылығы», «Зиянды әдеттердің алдын алу», «Жұқпалы аурулардың алдын алу» тақырыптарында семинар-тренинг өткізді.
Текей Қарпықұлы атындағы жоғарғы колледжінің студенттеріне зиянды әдеттердің, оның ішінде темекінің, алкогольді ішімдіктің және қорқор мен электронды темекінің жас ағзаға зияны жөнінде сала мамандарын қатыстыра отырып кездесу ұйымдастырылды. Кездесу барысында орталықтың симмуляциялық құралдары арқылы тренинг өткізілді. Арнайы көзілдірік киген жастар жолақ арқылы жүріп, алкогольді ішімдік ішкеннен кейін көлік тізгініне отырған адамның ағзасында болатын өзгерістерді сезіне алды. Тренинг барысында толық және қызықты мағлұмат алған студенттер ризалығын білдіріп, тақырыпқа қатысты толымды пікір айтты. Орталықтағы 11 психолог пен 3 валеологтың әрқайсысы айына 7-8 семинар-тренингтер ұйымдастырады.
Орталықтың аудандардағы бөлімшелері де атаулы жыл аясындағы іс-шараларға үлкен үлес қосып отыр. Қармақшы ауданындағы Жастар денсаулығы орталығы мамандары ішкі саясат, полиция бөлімдері, Жастар ресурстық орталығымен бірлесе отырып «Жасөспірімдер мен жастар арасында зорлық-зомбылыққа қарсы тұру, психикалық денсаулық, саламатты өмір салтын ұстану» тақырыптарында кент орталығындағы №121 мектепте 8-9 сынып оқушылары қатысқан семинар ұйымдастырды.
Облыс орталығындағы №222 орта мектеп оқушыларының ата-аналары арасында «Суицидтің алдын алу, жыныстық тәрбие, ерте жүктіліктің алдын алу» тақырыбында түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Өткен ғасырда адамзатқа қатер төндірген кесел саналған ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталықтың Шиелі ауданындағы филиалы мамандары мектеп оқушылары арасында сұрақ-жауап сағатын өткізді. Осы күні орталық «Он жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар мен жастардың репродуктивтік және психикалық денсаулықты сақтау бойынша медициналық көмекті ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 20 желтоқсандағы №ҚР ДСМ-285/2020 бұйрығына сәйкес қоғамдық денсаулық сақтау саласында қойылған міндеттерді шешуде, жастардың саулығын сақтауда нәтижелі қызмет етіп келеді.
Қызылорда облысы