Медицина • 23 Мамыр, 2022

Медициналық туризмнің дамуына мүмкіндік мол

492 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Пандемия кезінде елімізге емделуге келген шетелдік пациент­тер­дің болғанын, оның нақты мысалдарын оқырманмен бөліс­кен­біз. Ал соңғы кезде ТМД аумағында болған оқиғалар отандық медицинаның бір тармағының дами түсуіне түрткі болып отыр. Себебі көрші мемлекеттердегі, оның ішінде кең­се­сін Мәскеуде орналастырған шетелдік клиникалар қазір өкіл­дік­те­рін Алматыға көшіруге мәжбүр.

Медициналық туризмнің дамуына мүмкіндік мол

 

Қысқасы, қазіргі ахуалға сәй­кес жыл соңына дейін Қазақ­станға 10 мыңнан астам меди­ци­налық турист келмек. Бәрі демесек те, Алматы ауруханаларында көрсетілетін медициналық қыз­мет­тің дені халықаралық стан­дарт­тардан қалыспайтынын айта кеткен жөн.

Осының барлығы Алматыда меди­циналық туризм бойынша ал­ғашқы халықаралық воркшоп өт­кізуге мұрындық болды. «Ворк­­шоп» деп отырғанымыз – фо­румнан кіші, жәрмеңке, тұсау­ке­сер, көрме түріндегі жиын. Ал ел­дегі медициналық воркшоп 93 жыл­дық тарихы мен тәжірибесі бар, ел аузында әлі де «Совминка» деген атаумен жүрген Президент іс басқармасы медициналық орта­лы­ғы – Орталық клиникалық ауру­ханасында өтті. Қалай десек те, осы­нау іс-шара қазақстандық медицинаға сұраныс бар екенін және әлемдік медициналық ту­ризм­нің географиясы өзгере бас­та­ғанын айғақтайды.

Айтқандай, осыдан бұрын Беларусьта өткен жиынға Грузия, Түркия, Иран, Әзербайжан, Қыр­ғызстан, Тәжікстан мен Ресей өкіл­дері қатысқан екен. Ал Ал­ма­­тыда конференция түрінде өткен іс-шараға Грузия, Түркия, Иран, Әзербайжан, Қырғызстан, Тә­жікстан, Беларусь пен Ресей өкіл­дері, шетелдік және отандық клиникалар, туристік агенттіктер, сақ­т­андыру, авиа және туристік ком­паниялары келді.

Президент іс басқармасы ме­ди­­ци­налық орталығы басшысы­ның орынбасары Жандос Жұма­бе­ков воркшоптың ашылуында медициналық көшпелі туризм әлі де толық дамымағанын, алай­да айналадағы оқиғалар Қазақ­стан­ның әлеуетін кеңейтуге септесіп жат­қанын атап өтті.

«Алматы – республикамыздың ең ірі мегаполисі. Мұнда қалалық қо­ғамдық денсаулық басқар­ма­­­сына қарасты 76 медицина­лық ұйым шоғырланған. Оның үстіне 13 республикалық дең­гей­дегі медициналық ұйым, 2 меди­ци­на­лық жоғары оқу орны, ден­саулық сақтау жүйесіне қызмет­керлерді да­йындайтын 14 медици­на­лық кол­ледж бен 200-ден астам жеке медициналық ұйым да осы қалада орналасқан. Алматыда транс­плантология, эндопротездеу, кардиохирургия саласында жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетумен айналысатын жеке медициналық ұйымдар бар екенін атап өту керек. Алматыдағы ауруханаларда емделіп жатқан науқастардың 25 пайызы басқа қаладан ке­ле­ді», деді Алматы қаласы қо­ғам­­дық денсаулық бас­қар­ма­сы бас­шы­сының орынбасары Светлана Сұлтанғазиева.

Биылғы төрт айда Орталық кли­никалық ауруханасында жүз­ден астам, ал былтыр 500-дей шетелдік турист емделді.

– Қазақстанға келетін ме­ди­­ци­на­­лық туристердің 15%-ы біздің ауруханада емделеді. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Биыл бізде аритмология орталығы ашылды және ТМККК мен МӘМС квотасы арқылы Паркинсон дертіне душар болғандарға алғашқы операциялар жасадық. Әрі ОКА базасында Паркинсон ауруын хирургиялық жолмен емдейтін орталық ашылды. Осы воркшоп арқылы жылына бізге 700-750 шетелдік пациент жүгінеді деп жоспарлап отырмыз. Тәжірибе көрсетіп отыр­­ғандай, оларды нейрохирур­гия, аритмология, Паркинсон аур­уы, кар­диология, стоматоло­гия ем­дері қызықтырады. Бү­­гін­гі таң­да Қазақстан тиісті дең­гей­де және бағасы жағынан Еуро­падан әлде­неше есе төмен медициналық қыз­мет­тің барлық түрін көрсете алады, – деді «Орта­лық клиникалық ауруханасы» АҚ президенті Рустам Албаев.

Сол сияқты №4 қалалық кли­ни­калық ауруханасы да меди­ци­налық және сауықтыру туриз­міне қатысты алғашқы халық­аралық семинарда белсенділік танытты.

– Бұл іс-шараның біздің ауру­ха­­на үшін де маңызы зор. №4 қалалық клиникалық аурухана трав­матологиялық-орто­пе­диялық көмек көрсетумен қа­тар, ком­бус­тио­­логия саласында же­тек­ші рөлге ие. Клиника ұжы­мы­ның жамбас, тізе, иық ауыс­ты­руда үлкен тәжірибесі бар. 10 жыл ішін­де бізде 16 мың эндопротездеу опе­рациясы жасалды. Капсула-байланыс құрылымдарының арт­ро­­с­копиялық ре­кон­струк­тив­тік хирур­гиясы (иық, шын­тақ, тізе, тобық буындары), интер­вен­ция­лық хирургияда кадр­лар құ­рамы ха­лық­аралық стан­дарт­тар­ға сай. Біздің мамандар АҚШ, Израиль, Жапония, Қытай мен Еуропа ел­де­рінде оқудан өтті, – деді №4 қа­ла­лық клиникалық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Елдес Сүгір.

2021 жылы ауруханаға меди­ци­­налық қызмет алу үшін 100 мыңнан астам адам жүгінген. Ауруханада 23 мыңнан астам науқас емделсе, хирургтер жылына 12 мыңға жуық операция жасайды.

№4 қалалық клиникалық ауруханасы воркшопта травматология, ортопедия, күрделі жа­ра­қаттар, хирургия, гинеко­логия, кардиология, интер­вен­циялық кардио/нейрохирургия, реабилитация, урология мен комбустиология сала­ларындағы медициналық қыз­мет­терді ұсынуға дайын екен­дігін мәлімдеді.

Екі күн қатарынан өткен B2b фор­матындағы кездесулер нәти­жесіз емес. Отандық клиникалар мен медициналық турагенттер ше­телдік емделушілерге қызмет көр­сетудің келешегін талқылауға қол жеткізді. Клиникалар өздерін насихаттап, түрлі келісімшарттарға қол жеткізуге, тәжірибе алмасуға ұмтылды.

– Әдетте қазақстандықтар жақ­­­­сы емделу үшін басқа елдерге ба­­ра­тын. Қазір жағдай өзгеріп жатыр. Қазақстанды да қазір толық тексеруден өтуге және операция жасатуға болатын ел ретінде қа­рау­ға болады, – дейді Түркиядан келген Famax Medical Tourism меди­циналық кеңесшісі Илькин Бабаев.

Медициналық семинардың келесі күні Universal Health Expert ұйымдастырушылары Алматы кли­никаларын аралап, өзара ын­ты­мақ­тастық меморандумына қол қою рәсімдерін өткізді. Олар ме­ди­циналық воркшоп өткізуді дәс­түрге айналдыруды жоспарлап отыр.

 

АЛМАТЫ