Іс-шараға М.С.Нәрікбаев атындағы Қазақ мемлекеттік заң университетінің студенттері, оқу ордасының профессорлық-оқытушылар құрамы және Жоғары оқу орындары қауымдастығының мүшелері қатысты. Кездесу кезінде талқыланған негізгі тақырып – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалары, сондай-ақ алдағы референдумды өткізудің маңызы туралы болды.
Модератор, университеттің құқық жоғары мектебінің профессоры Индира Әубәкірова алдымен қатысушыларды Конституцияға қандай өзгерістер енгізілгенінен хабардар етті. «Еліміз Президентінің бастамасымен қолға алынған, Конституцияға ұсынылатын түзетулер бойынша алдағы референдум саяси реформалардың маңызды кезеңі болып табылады. Биылғы жылдың 5 маусымында біздің бәрімізге еліміздегі демократиялық өзгерістердің ұсынылған бағыттары бойынша берілетін жауапты таңдау жасау керек болады», деді ол.
Жалпыхалықтық дауыс беру арқылы жүзеге асырылатын өзгерістердің қатарында – Конституция жобасында, Сенат пен Мәжіліс депутаттарын сайлаудың жаңа тәртібі, аралас сайлау жүйесі, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқарудың тетіктері, өлім жазасының жойылуы секілді мәселелер қарастырылған. Сонымен қатар саяси партияларды тіркеу жолдары нақтыланған. Мәселен, партия құру үшін бастамашыл азаматтар тобының ең аз санын 1 000-нан 700 адамға дейін қысқарту; партияларды тіркеу үшін қажетті шекті деңгейді 20 мыңнан 5 мың адамға дейін төмендету; партиялардың өңірлік өкілдіктерінің ең аз санын 600-ден 200 адамға дейін азайту көзделіп отыр.
Студент жастармен кездесуде «Тұран-Астана» университетінің ректоры, Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаты Гүлжамал Жапарова елімізде референдум 1995 жылдан бері өткізілмегенін атап өтіп, осы жолғы Конституциялық жобадағы үлкен өзгерістерді, оның ішінде суперпрезиденттік басқару нысанынан классикалық түрдегі президенттік басқару жүйесіне көшу секілді маңызды мәселелерді атап өтті.
Өз кезегінде Еуропалық құқық және адам құқықтары сараптамалық институтының директоры Марат Башимов алдағы референдумның және Конституцияға енгізілетін өзгерістердің маңыздылығын қоғамда, оның ішінде еңбек ұжымдарында ашық пікір алмасу, түсіндіру жұмыстарының қарқынды жүргізілуі қажет екеніне басымдық берді. «Азаматтар мемлекеттік билікті атқаруға және де өздерінің құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында беріліп отырған мүмкіндіктердің мәнін терең түсіне отырып, референдумға белсене қатысады деп сенемін», деді ол.