Референдум-2022 • 24 Мамыр, 2022

Жастар жауапты таңдау жасауға дайын

576 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Бүкілхалықтық дауыс беру арқылы Конституцияға өзгерістер енгізу – Жаңа Қазақстанды құруға тікелей қатысу деген сөз». Бұл – Birgemiz республикалық волонтерлер фронт-кеңсесіндегі пікірталас алаңына жиналған жас буынның ортаға салған ойлары.

Жастар жауапты таңдау жасауға дайын

Еркін ой мен ашық пікір алмасу алаңында ерікті жастар референдумды қолдайтын­дарын айтып, 5 маусым күні барлығы бірігіп саяси өзгеріске өз үлестерін қосатынын жеткізді.

Пікірталас алаңында Birgemiz республи­калық волонтерлер фронт-кеңсесінің бас үйлестірушісі Айбек Досымбетов, Amanat партиясы Қоғамдық сая­­си инсти­ту­ты директорының орынбасары, рес­пуб­­ликалық «Жас ұлан» балалар мен жасөс­пірімдер ұйымының жетекшісі Динара Сәдуақасова, «Ұлан-ғайыр дала елі» қоғам­дық бірлестігінің жетекшісі Уәлихан Бах­ретдинов, «Қазақстан жастар конгресі» қауымдастығы нысанындағы ЗТБ атқарушы директоры Тоқтар Болысов, облыстық және қалалық мәслихаттардың жас депутаттары, волонтер­лер­дің аймақтық фронт-кеңселерінің жетекшілері, волонтерлік ұйымдар, бастамашыл топтар мен еріктілер өзара сөз жарыстырды. Талқылау барысында қатысушылар конституциялық реформа және референдум өткізу, референдумға шақыру жұмыстары туралы ойларымен бөлісті.

Волонтерлік қозғалысты дамыту Жаңа Қазақ­станды жүзеге асыру жолында ма­ңызды рөл атқарады. Волонтерлер – аза­мат­тық қоғамның белсенді бөлігі ретінде мемлекеттің қоғамдық-саяси жүйе­сіндегі өзекті өзгерістерді тізбектеді. Бас­қосу бары­сында А.Досымбетов рес­пуб­­лика кө­лемін­де волонтерлер өткізіп жат­қан үгіт-на­си­хат жұмыстарына тоқтал­ды. Ақпараттан­дыру­ға 400-ден астам волон­терлік ұйым мүше­лері мен белсенді еріктілері қатысып отыр­ғанын атап өтті. Сонымен қатар Д.Сәдуақасова: «Мен барлық волонтерді референдумға қатысуға, халық арасында кеңінен насихат­тауға шақырамын. Өйткені бұл – біздің азамат­тық ұстанымымыз. Біз рефе­рен­думды саяси процесті одан әрі жаң­ғыр­туға әкелетін қадамдардың бірі еке­нін түсінуге тиіспіз», деп қолдау білдір­ді. «Қазақ­станнан басқа Отанымыз жоқ, барлы­ғымыздың бағытымыз бір. Сол себепті алдағы уақытта референдумға біз де өз тарапымыздан барынша елді ақпараттандырып, жастармен және волонтерлермен бірге жұмыс істеп келеміз. Әрбір адам өз таңдауын еркін түрде жасауы керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға үлкен сенім артып отыр», деп ерікті жастарды белсенді болуға шақырды Дәурен Рахымбек.

Birgemiz республикалық волонтерлер фронт-кеңсесі қоғамдық бастамаға қосылып, референ­дум­ды қоғамдық қолдау жөніндегі республи­калық штаб құрамына кірді. Облыстардағы волон­тер­лермен жұмысты облыстық штабпен бір­лесіп, волонтерлердің өңірлік фронт-кеңселері­нің басшылары мен мамандары жүргізуде.