Аймақтар • 24 Мамыр, 2022

Bolashaq сарайы – тәлім мен тәрбие бесігі

18 рет көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды Балалар жылы деп жариялаған болатын. Осы орайда жас ұрпақтың үйлесімді дамуы жолында қолға алынған игі іс-шаралар өзінің оң нәтижесін берсе, Балалар жылының жетістігі мен жемісі мол болмақ.

Тәуелсіз мемлекетіміздің қадалған әр уығы іспеттес жас ұрпақтың адам­гер­шілік-рухани жағынан дамуы мен ой-санасының дұрыс қалыптасуы жолында игі жұмыстар атқарып жатқан Bolashaq сарайында балалар мен жасөспірімдер білім-ғылым арқылы ар-ождан, әдептілік пен жауапкершілік, жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар арасындағы ұлы мұраттар рухында тәрбие алады.

Қазіргі таңда бұл ұжымда спорт, медиа, шығармашылық, ғылыми-интел­лектуалдық, ІТ бағыттары бойынша 3 500-ден астам бала 120 түрлі үйірмеде өз таң­даулары арқылы білім-қабілеттері мен саламатты өмір салтын жетілдіруде.

Ыстық ұяда еңбек етіп жатқан ұйымшыл ұжым қала мен облыстың қоғамдық өмі­рі­не белсене атсалысып, әр түрлі мәдени, әлеуметтік, ғылыми-практикалық іс-ша­раларды өткізу, еліміздің танымал тұл­ға­ларымен жүздесу алаңына айналды. Облыс әкімі Ермек Маржықпаев Bolashaq сарайының жас шәкірттері «РобоОлимп» халықаралық байқауының иегері Талғат Мақсат және Euro Stars халықаралық өнер фестивалінің жеңімпазы Ясмина Қуатпен бірге Балалар жылының бастау батырмасын басып, облыс бойынша балалар мен жасөспірімдердің білімі мен қабілеттерін одан әрі шыңдауға қадам жасалғанын жеткізді.

Балалар жылының бастау алуының аясында тұңғыш рет облыстық JasSkills Аqmola-2022 чемпионаты ұйым­дас­тырылып, 120-дан астам қатысушының білімі мен біліктілігіне жоғары баға берілді. Осы үрдіс өз жалғасын тауып, жас ұрпақтың парасатты және шығармашылық әлеуеті шыңдалып, санасы жаңа сапалық даму сатысына көтеріледі деген сенімдеміз. Техникалық, ІТ, ғылым бағытындағы үйірмелер білім алушыларына айрықша көңіл бөліп, оларды бизнес қауымдастығы да қолдайтын болса, бір-екі жылда осы кәсіпорынға дайын жас кәсіби мамандар пайда болады.

Балалар жылының аясында шығарма­шылық бағыты бойынша «Үкілі домбыра» үйірмесі халықаралық өнер байқауының, Bolashaq би ансамблі Қазмедиа орта­лығында өткен «Арена Танцев» ха­лықаралық конкурс-фестивалінің, Diamond би ансамблі «Жұлдызға қадам» халықаралық көпжанрлы байқауының жеңімпаздары атанды. Ал «Жұлдыздар» үлгілі вокалдық студиясының «үлгілі» атағы, «Гүлдер» халық би ансамблінің «халықтық» атағы тағы бір мәрте расталды. Оның бәрі жетекшілер мен шәкірттердің қажырлы еңбегінің нәтижесі.

Ахмет Байтұрсынұлының 150 жыл­дығына арналған «Рух сәулесі – ақын сөзінде» атты алғашқы облыстық жас ақындар айтысы өтіп, жас дарындардың танымы мен парасатын, білімі мен тағылым­ды тәрбиесін, бірлігі мен ынтымағын одан сайын шыңдай түсті.

Талай байрақты бәсекеде дес бермеген ұжымның ел намысын қорғап жүрген жас балуаны, еркін және грек-рим күресінен 3 дүркін ел чемпионы Алдияр Балташев Бразилияда өткен Сурдалимпиадада қола жүлдені қанжығасына байлап, көк туымызды тағы бір желбіретіп, соңынан ерген іні-қарындастарын қанаттандырды, ел мерейін асырды.

Балалардың саламатты өмір салтын жетілдіру, олардың жазғы демалыстарын дұрыс бағытта өткізіп таным-қабілеттерін шыңдау мақсатында балаларды қорғау күні Зеренді ауданында орналасқан Bolashaq сарайы жанындағы «Сұңқар» сауықтыру кешенінде жазғы лагерьдің ашылуы Балалар жылындағы ерекше бастама болмақ. Лагерьде балалар үшін демалыс-сауықтыру шаралары ғана емес, сонымен қатар шығармашылық, ғылыми және техника бағытында ізденулеріне, қосымша білім алуларына барлық жағдай жасалмақ.

Балаларды қорғау күні мен Кеңес Одағының батыры, жерлесіміз Талғат Бигелдиновтың 100 жылдығына орай арнайы өтетін ІТ бағытындағы авиамодельдеу жобасы тың серпіліс беріп, оң көзқарас қалыптастыратынына кәміл сенеміз. Ал «Жас ғалымдардың зерттеулері» атты ғылыми-практикалық конференция арамыздан көптеген ойы ұшқыр, зерек, интеллектуалды жас ғалымдардың шығуына негіз болары анық.

Біздің ұжым аз уақыттың ішінде ұлт­тық рухты жас ұрпақтың бойына сіңі­ріп, қазақстандық патриотизм арқылы білім алуға жетелейтін, оларды жауапты да білімді, өресі биік, мәдениетті, үйлесімді азамат етіп қалыптастыруға жағдай жасайтын орынға айналып отыр.

 

Айнагүл БАЛТАШЕВА,

Bolashaq сарайының басшысы

 

КӨКШЕТАУ

Соңғы жаңалықтар

Цифрландыру – өзекті мәселе

Үкімет • Бүгін, 00:49

БҰҰ-ның Жаһандық шартына қосылды

Экономика • Бүгін, 00:34

Жеті түрлі сөз

Әдебиет • Кеше

Елорда күніне тарту

Театр • Кеше

Ұқсас жаңалықтар