Қазақстанда белгісіз кісілердің дүрліктіруімен «Зил-Москва» деп аталатын ескі тоңазытқыш бұрын-соңды кездеспеген сұранысқа ие болып отыр. Сатып алушылар аталған тоңазытқыш үшін 3-4 мың АҚШ долларын ұсынуда. Бұл туралы «Экспресс К» хабарлады.
Интернет желілерінде «Зил-Москва» тоңазытқышында қызыл сынап бар деген мазмұндағы аңызға құралған ақпарат жарияланыпты. Сатып алушылар осы қызыл сынапты алу үшін аталған құрылғыға қызығушылық танытып жатқан көрінеді. Ал бұл сынаптың бағасы тым қымбат деседі.
«Зил-Москваны» сатып алуға ниеттілер тек Қазақстанда ғана емес, Ресей мен Қырғызстаннан да қылаң бере бастапты. Әсіресе, аталмыш тоңазытқыштың «дәуірі» Алматы мен Бішкекте жүріп тұр екен. Қазіргі кезде бұл қалалардың көшелерінде ескі тоңазытқыш артып, белгісіз жаққа бет алған жүк көліктері жиі кездесуде.
Осы іске байланысты зерттеу жүргізген Бауыржан Сәбитов деген маман: «Мен осы ақпараттың интернет желілерінде көрініс бергеніннен бастап зерттеу жүргіздім. Бұл – қулықпен ұйымдастырылып отырған іс. Тарата айтар болсам, белгісіз адамдар алғашқыда әлгі тоңазытқышқа деген сұранысты арттырады. Жарнамалайды. Нәтижесінде көпшілік аталған тоңазытқышты сатып алуға ұмтылады. Осы сәтте сұранысты қолдан арттырған адамдар ә дегенде өздеріне жинап алған тоңазытқыштарды сұрап келгендерге қымбатқа сатып пайда табады.
Егер сіз бастапқыда елу шақты тоңазытқыш жинап алсаңыз, онда көп ұзамай қомақты қаржыға ие боласыз. Арандап, жалған жарнамаға сеніп, ескі тоңазытқышты сатып алып, оны қайтадан қымбатқа өткіземін деп үміттенген адамдар жақында «Зил-Москваның» ешкімге керек емес екенін түсінеді.
Осы секілді алаяқтық ТМД аумағында бұрын да кездескен. Жұртшылықтың есінде болар, сол кезде тоңазытқыш емес, «Зингер» атты тігін машинасына сұраныс көбейген. Алаяқтар «Зингердің» құнын 10 мың долларға дейін көтерген. Олар сол кезде де әлгі қызыл сынапты алға тартып, жұртшылықты дүрліктірген-ді.
Қызыл сынап дегеніміз не? Физиктердің айтуынша, ондай зат мүлде жоқ, ол – кезінде кеңестік қорғаныс саласын әурелеген, өнертапқыштардың қиялынан туындаған аңыз. Тағы бір айта кетер жәйт, осы қызыл сынап аңызын кеңестік мемлекеттік қауіпсіздік комитеті (КГБ) АҚШ-тың барлау қызметін алаңдату үшін ойлап тапқан деген де сөз бар», – деп түсіндірді.
Жолдыбай Базар.
Дереккөз: «Экспресс К».
Фото: blogger.de.