Қазақстан • 24 Мамыр, 2022

Адалдық пен шындықты шырақ етті

299 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ол уақытта мен Алматыда қызмет істейтінмін. Тоқсаныншы жылдардың іші еді. Туған жерім Қарағандыға кейде жұмыс бабымен іссапарға барсам, енді бірде ағайын-туыстың қуаныштарын бөлісу үшін сапарлайтынмын.

Адалдық пен шындықты шырақ етті

Бауыржан Ысқақұлымен жұ­мыс бабындағы жиындардың бірінде танысқан едім. Ол қызметі ауысып, Қарағандыға қауіпсіздік комитетінің төрағасы болып келген екен. Алғашқы таныстықтан бастап-ақ арамызда бір жақындық пайда болды. Сол таныстығымыз кейін келе достыққа, сыйластыққа ұласты. Қарағандыға барған сайын кездесіп, сөйлесіп жүрдік.

Оның бойында адамды өзіне тартып тұратын қасиеті бар еді. Ерекше қызметте жүрсе де, қа­рапайымдылығы, білімділігі, ашықтығы ғажап еді. Ғылым саласы дейсіз бе, өнер саласы дейсіз бе, бәрінен білімі өте терең болатын. Өмірде болып жатқан әрбір оқиғаға көзқарасы да айрықша еді.

Баукеңмен таныспас бұрын қарағандылық бауырларым оның атына әбден қанық қыл­ған. «Осындай бір керемет азамат келді» дескен. Кездесіп таныс­қанда жерлестерімнің ол кісі жайлы айтқан жылы пікірлерінің еш жалғаны жоқ екеніне көз жеткіздім. Содан бері байланысымыз үзілген емес. Жаңа астанамыз бой көтерген кезде басымыз қосылды. Ол Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары болды. Бұрын өзіміз ғана аралассақ, бір қалада тұрған соң отбасымызбен араласып кеттік. Сол достығымыз Баукең өмірден озғанға дейін ұласты. Оның өмірге көзқарасын, әр нәрсеге байланысты өзіндік пікірін жоғары бағалайтынмын. Ойларын, әңгімелерін ортаға салғанда іштей сүйсінетінмін де.

Баукеңнің мемлекеттік мә­селелерде де өзіндік ұстанымы бол­ды. Шын мәніндегі мем­лекетшіл азамат еді. Пат­риот­­т­ық сезімі де айрықша еді. Оның адамдық, азаматтық бол­­мысы туралы әріптестері мен достарының пікірлері әр­дайым бір жерден шығатын. Бәрі де оның адамгершілігіне, азаматтығына ризашылықтарын білдіретін. Әлі күнге Торғайда, Қарағандыда бірге қызмет істеген азаматтардың бәрі де Баукеңнің аты аталғанда әрқайсысы жан сүйінтер жылы лебіздерін білдіріп жатады. 

Бауыржан Ысқақұлы азамат­тық  ұстанымы мен жан дүниесінің тазалығының арқасында айналасына аса қадірлі, сыйлы болды. Фәни жалғаннан ар-намысына кіршік жұқтырмай өтті.

Биылғы қаңтар оқиғасы кезін­де қауіпсіздік органдарының қаншалықты құлдырап кеткенін естіп білдік. Сол кезде шіркін Баукеңдей азаматтар болғанда бұлай болмас еді-ау деген ойға қалдым. Себебі жастарды тәр­биелеуде, бағыт-бағдар беруде оның орны ерекше еді.

Баукең зейнет демалысына шықса да уран өндірісіндегі мемлекеттік мекемеде қауіпсіз­дікті қадағалады. Ондай азамат ел үшін әлі де керек еді, амал нешік? Өкінішке қарай, өмірден ерте кетті. Зайыбы да сенімді өмірлік серігі бола біл­ді. Екеуі білімімен де, мәде­ниеттілігімен де бірін-бірі толық­тырып жүруші еді. Бұдан бес жыл бұрын дүниеден өткен жан жары Шәмшібану әдебиетші еді. Ұлтымыздың фольклорын жетік білетін. Жыр-қиссаларды айтып, отырған жерінің көркі мен ұйытқысы болатын. Қазақ тілі туралы толғағанда тыңдаған жұртты түгел тамсандырушы еді. Әр сөздің түп-төркінін, қай тілден енгенін ғылыми негізде айтып отыратын. Қазақ тарихын да бір кісідей білетін еді.

Баукең айтқан сөзінде тұра­тын азамат еді. Екі сөйлеуді білмейтін. Тағы бір тамаша қыры – шыншылдығы. Әрқашан шындықты айтатын. Азамат, дос ретінде нағыз үлгі-өнеге тұтатын, беткеұстар тұлға еді. Баукеңде шек­пеніне шен таққандардың көбіне тән тәкаппарлық мінез де жоқ еді.  Қара­пайымдылығы мен көпшілдігінен танбай өтті. Жұбайы екеуі өте қонақжай еді. Үйлерінен қонақ арылмайтын. Қазақстанның қай түкпірінде болсын араласатын адамдары көп еді.

Адам жақсы адаммен кездессе, тәлім алады. Баукең сондай азамат еді. Қиын кездерді де бірге бастан кештік. Ол мемлекет пен қоғамның дамуына байланысты мәселелердің бел ортасында жүрді. 

Баукең бір қалпынан танбаушы еді. Берген тәлімі мен тәрбиесінің арқасында балалары өздері ойлағандай саналы, үлгілі болып өсті. Немерелерін ерекше жақсы көретін еді. Жарына деген махаббатына, балаларына деген сүйіспеншілігіне адал болды. Балалары да Баукеңді алақанына салып ұстады. Бұл да – көпке өнеге. 

Бауыржан Ысқақұлы өмірдің бейнетін де, зейнетін де көрді. Әлі де көруге тиіс қызығы көп еді. Әттең, тағдырға шара жоқ, ажалға қарсы тұра алмайсың. Асыл азаматтан айырылып қалдық.

Марқұмның алды жарық болсын дейміз. Өзі де өмір бойы адалдық пен шындықты шырақ етіп өткен жан еді ғой.

 

Оралбай ӘБДІКӘРІМОВ,

мемлекет және қоғам қайраткері

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше