Медицина • 24 Мамыр, 2022

Адам өміріне ара түскен хирургтер

1010 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Кеселдің қандай түрінен болса да аман болайық дегенімізбен, дертіне дауа іздеген адамдарды, күн сайын ауруханаларға қарай заулап бара жатқан жедел жәрдем көліктерін көреміз. Сәт сайын дәрігерлердің алдына мыңдаған науқас шипа іздеп келеді. Алматы шаһарында соңғы күндері жасалған ерекше операцияларға көз жүгіртіп көрелік.

Адам өміріне ара түскен хирургтер

Жүкті әйелдің омыртқа жарығын алды

№7 қалалық клиникалық ауруха­на­сының нейрохирургтері жүкті әйелге омырт­қааралық шеміршек жарығын алып тастау операциясын сәтті атқарды.

Әйгерім Көптілеуова аяғы ауыр­ла­­ға­нына 24-25 апта болып қалғанда Алматы қаласының №7 клиникалық ауруха­насының қабылдау бөлімше­сіне, омырт­қаның бел-сегізкөз аумағы­­ның оң аяққа жаңғырып берілген ауруы­мен жеткізіліп, шұғыл неврология бө­­лі­міне жатқызылады. Неврология бөлім­ше­сінде пациент консервативті ем қа­был­­дағанымен, нәтижесі болмаған. МРТ аппаратында тексерген кезде сек­вестрленген омыртқааралық диск жа­рығы анықталды. Пациентті 7 ҚКА бас дәрігерінің орынбасары, С.Асфендия­ров атындағы ҚазҰМУ нейрохирургия кафедрасының профессоры Марат Әлиев қарайды. Оң аяғының қатты ауыр­ғанын анальгетик дәрілер де баса алмайды. Осы оң аяғын баса, сүйене алма­ға­ны, жамбас бөліктің қызметінің бұзыла бастағаны ескеріле отырып, операция алдындағы дайындықтан кейін шұғыл түрде хирургиялық операция жасау туралы шешім қабылданған.

№7 ҚКА-ның №1 нейрохирур­гия­­лық бөлімшесінің меңгерушісі Бақыт ­Ағла­қовтың айтуынша, пациент­ке оң жақ L5-S1 диск жарығын, жүктіліктің ұлға­йып, ішпен жатқызу мүмкін еместігіне байланысты бүйірден эндотрахеальді нар­козбен жоларалық алып тастау операциясы жасалған.

Осылайша, Марат Әлиев, ассис­тент Виктор Караваев, анестезиолог Ға­лым­жан Марс сынды алтын қол­­ды дәрі­­гер­лер аяғы ауыр әйелдің омырт­­қа­аралық диск жарығын алып тас­тау операция­сын жоғары кәсіби дең­гейде жасады. «Қазір­гі уақытта па­циент­тің жағдайы жақсы, жүктілігі қалып­ты өтуде, мерзімге сәйкес келеді. Ол аяғы­нан тұрды, өздігінен жүреді, оң аяғын­дағы ауырсыну белгілері толығымен басылды», дейді дәрігерлер.

Осы арада бұл операция анаға да, құр­сақтағы балаға да аса қауіпті болғанын айту керек. Жүктілік кезінде мұндай жағ­дайды болдырмау үшін мамандар бала көтергісі келген әйелдерге өз денсау­лығына жауапкершілікпен қарауға, алдын ала тексерілуге кеңес береді.

Көзге күрделі операция жасады

Алматылықтар «12 аурухана» деп атап келген Орталық қалалық клиника­лық ауруханасының дәрігерлері көзінің торлы қабығына жарық түскен әйелге жоғары технологиялық операция жасады. Құны 700 мың теңгеден асып жы­ғылатын бұл операция міндетті әлеу­мет­тік медициналық сақтандыру шең­берінде жасалды.

Офтальмология бөлімі меңгерушісі Гүл­зат Әбрайымованың айтуынша, көздің торлы қабығының тамырлардан ажырауы ауыр патологиялар қатарына жатады. Маманның сөзіне сүйенсек, көздің торлық қабығының ажырауын дәрімен немесе екпемен емдеу мүмкін емес. Көру қабілетін қалпына келтірудің бірден-бір жолы – көзге жедел операция жасау. Сол себепті пациенттің көз жанарын сақтап қалу мақсатында микрохирургиялық манипуляция жасау туралы шешім қабылданған. Оның үстіне, көздің артқы торлы қабығының ажырауы операцияны қиындата түскен.

«Көздің торлы қабығы ажыраған кезде көру қабілеті нашарлайды және көп жағдайда пациент көру қабілетінен айырылып қалады. Әдетте торлы қабықтың зақымдануына жарақат пен миопия (көз­дің жақыннан көрмеуі), қант диабеті, көз ішіндегі ісік, қабықтың формасының бұзылуы сынды жағдайлар түрткі болуы мүмкін. Біздің пациент жоғары дең­гейдегі миопиямен ауырған. Біз оған ­витрэктомия деп аталатын опера­ция ­жасап, ішіндегі әйнек тәріздес де­нені микро­хирургиялық жолмен алып тас­тадық, орнын арнайы сұйықтықпен толтырдық», дейді маман.

Мұндай күрделі хирургиялық операциялар жоғары технологиялардың кө­ме­гімен жасалады. Себебі өте нәзік болып келетін торлы қабықтағы әрбір жасуша көздің көру қабілетіне жауап береді.

Өтіне жүзден астам ұсақ тас жиналған

Жасы 72-ге жеткен кезекті алматылық үнемі бауырының тұсы шаншып ауыратынын айтып шағымданып келген. №1 қалалық клиникалық аурухана хирургтері лапароскопиялық қондыр­ғылардың кө­ме­гімен операция жасап, қабынған өт қабын алып тастады. Бұл операция да жоспарлы түрде МӘМС шеңберінде жасалды. Пациенттің өт қабынан 100-ден астам ұсақ тас табылған. Бір қарағанда өт қабы кесілген анарға ұқсайды, мұн­дай жағдайды бұрын-соңды көрмегенін айтады дәрігерлер. Операция сәтті өтті, пациент опера­ция­дан кейін алтыншы күні ауруханадан шықты. Бұрын мұндай операция­лар дәстүрлі әдіспен жасалатын болса, қазір хирургтер шағын инвазивті тәсіл – лапароскопиялық операцияға басым­дық береді. Себебі ол науқастың тез арада айығып, хирургиялық манипуляция салдарынан ішектердің жабысу қаупін төмендетеді.

№1 аурухананың көпбейінді хи­­­рур­гиялық бөлімі меңгерушісі Марат ­Мен­ая­қов көбіне пациенттер өт қабын сақ­тап қа­луға бола ма, жоқ па деген сұрақ қойып жататынын жеткізді.

«Өкінішке қарай, тасты алып тастап өт қабының өзін қалдыруға болмайды. Өйткені қабынып тұрған өт қабы кейін де тас пайда болуына әсер етеді. Мен оны байқаусызда жарылатын бомбаға теңер едім. Себебі ұсақ тастар көшіп, өт жолдарына тас байлану және механика­лық сарыауру, өттің қабынуы сынды дерттерге әкеп соқтыруы әбден мүмкін. Сол себепті тас байланған жағдайда өтті алып тастаған дұрыс. Және операцияны шұғыл жағдайға жеткізбей, жоспарлы түрде, пациентті дайындап, денсаулығын әбден тексеріп барып жасаған жөн», дейді М.Менаяқов.

Алғаш рет кардиостимулятор орнатты

Алматыдағы Орталық қалалық кли­никалық ауруханасы да тұңғыш рет МӘМС шеңберінде пациент жүре­гіне ­кардиостимулятор орнатты. Ауруха­наның баспасөз қызметі берген ақпаратқа сүйенсек, тексеру барысында науқастың жүрек-қан тамыры жүйесінен кінә­рат табылып, атриовентрикулярлы (АВ) блокада анықталған. Бөлім меңгерушісі, интервенциондық кардиолог Ержан Құттығожин мұндай кесел көбінесе қарт кісілерде жиі кездесетінін айтады. Соны­мен науқастың өмірін сақтап қалу үшін шұғыл түрде операция жасап, қан айналымын реттеу қажет болды.

«Жүрекке 2 камералы электрокар­диостимулятор имплант орнатылды. ­Опе­­рация кезінде электродтар орнатылып электрокардиостимуляторға қостық. Операция сәтті өтті», дейді аритмолог-дәрігер Ғани Төлепбергенов.

Аталған операция ОҚКА-да осыдан бір ай ғана бұрын ашылған Интервенция­лық кардиология бөлімшесінде жасалды.

Ерекше операцияны елде алғаш рет жасады

Ал «Орталық клиникалық ауруханасы» нейрохирургтері Қазақстанда алғаш рет қабық артериясынан артериялық-веноздық байланыстарды жабу операциясын жасады. Қысқаша айтқанда, нау­қастың күре тамырын кеңейтіп, тамыр­ішілік стенд қойды. Осыған ұқсас нәзік операциялар АҚШ-та және Еуропада жа­салған, ал ТМД-да бұл операцияны біздің мамандар бірінші болып қолға алды.

Алғашында пациентке Алматы қала­­сындағы клиникалардың бірінде опера­ция жасалған, нәтижесінде бас-сүйек­ішілік веноздық гипертензия басталып, біреу­дің көмегінсіз қимылдай алмай, бас ауыру, жүрек айну, құсу басталады. Онда артериялық-веноздық фистула болып, қарама қарсы жағынан синустар бітеліп қалған, тамырлардың тарылуын қалпына келтіру қажет болды.

«Қазақстанда нейрохирургтер мұн­дай операцияларға бара бермейтін, өйткені олар инсульттің жоғары қауіп­тілігімен түйіндеседі. Алайда біздің тәжі­рибеміздің, ақпараттардың, шетелдік әріптестермен сөйлесудің нәтижесінде біз жеңіп шықтық және пациенттің өмі­рін арашалап қалдық. Біз күретамыр­дың тарылған учаскесін кеңейтіп, ол жерге тамырішілік стенд орнаттық. Саға­лар қосылысы 8 артериядан тұрды, сон­дық­тан оны бір уақытта жабу мүмкін болмады, операцияны үш кезеңге бөлуге тура келді», – дейді ОҚКА нейрохирургия орталығының басшысы Мыңжыл­қы Бердіқожаев.

Қазір пациент өз үйінде және оңал­тудан өтіп жатыр. Бұл пациентке де операция мен ем медициналық сақтандыру есе­бінен тегін көрсетілді.

 

АЛМАТЫ