Спорт • 25 Мамыр, 2022

Қысқы спорттың қызығынан шыжығы көп

352 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Иә, қысқы спорт түрлерінен есеміз кетіп-ақ жүр. Күні кеше Аспанасты еліндегі Қысқы Олимпиададан қоржынымыз бос қайтты. Туриннен де бос қайтқан еді. Егер Денис Тен болмағанда басымыз салбырап, Сочиден де құрқол оралатынымыз анық-тын. Қысқасы, қысқы спорттың қызығынан шыжығы басым болып тұрғаны белгілі.

Қысқы спорттың қызығынан шыжығы көп

Еліміз қысқы спорт түрлерінен қаржы аяған емес. Бірақ алға басу деген мүлдем байқалмайды. Қазақстандағы қысқы спорт түрлері бойын­ша жалғыз спорт мектеп-интернатында болғанымызда, осы мәселе мазалаған еді.

Пандемияға байланысты қысқы спорт түрлерінен спортшылар дайындайтын Риддердегі спорт мектебіне аяқ баспағалы екі жыл өте шығыпты. Жан-жағын қарағай, шырша, қайың ағаштары қоршаған мектеп-интернат орналасқан жердің табиғаты ғажап. Оқушылардың алаңсыз жаттығуына барлық жағдай жасалған. Мұнда шәкірттерге бес мезгіл тағам беріледі. Құнарлы дәруменді қоспалар өз алдына. Оқу орнының мақсаты – еліміздің құрама командасына кандидаттар дайындау, Қазақ елі спортшыларының бәсекеге қабілеттігін арттыру.

Аталған оқу орнының басшысы кикбокстан әлемнің бес дүркін чемпионы, мемлекеттік қызметте шыңдалған Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Асқар Можанов екенін айта кетейік. Ол алдымен бізді аумағы ондаған гектар жерді алып жатқан оқу орнының жоспарларымен таныстырды. «Өкінішке қарай, 2018 жылы басталып, екі жылдан кейін пайдалануға беріледі деп белгіленген жаңа оқу корпусының құрылысы аяқсыз қалды. Себебі кезінде құрылысқа жауапты екі адам мемлекеттің миллиондаған теңгесін құлқындарынан өткізіп жіберген. Кінәлілер жазасын алғанымен, амал бар ма, шәкірттерге қолайсыз жағдай туғызды. Бұрынғы бес қабатты корпуста сығылысып сабақтарын оқиды, ашық аспан астында жаттығады. Бұған шыдаудан басқа амал жоқ. Егер Мәдениет және спорт министрлігінің басшылары қаржы көзін тауып, құрылысты аяқтауға қолғабыс жасаса, алғыстан басқа айтарымыз жоқ», дейді Асқар Байжігітұлы.

Қысқы спорт түрлерінен кетіп жүрген есемізді қайтарамыз десек, ертең ел намысын абыроймен қорғайтын балғын спортшыларды дайындау мәселесіне баса мән беруіміз аса керек-ақ!

 

Оңдасын ЕЛУБАЙ,

Қазақстанның құрметті спорт қызметкері

Шығыс Қазақстан облысы,

Риддер қаласы