Байқау осы жолы ұлтұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы және Алматы облысының 90 жылдығына орай жариялан-ды. Ал байқаудың мақсаты ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының еңбектері мен шығармашылығын, Алматы облысының 90 жылдығын кеңінен насихаттау, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін қазіргі әдебиетті дамыту және оған қолдау көрсету еді. Байқау қатысушы ақындарға Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай «Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін» тақырыбына өлең арнау ұсынылса, проза бәйгесі Алматы облысының 90 жылдығына арналды. Бәйгеге 18-35 жас аралығындағы қаламгерлер, ақындар, журналистер, аудандық, қалалық іріктеу кезеңінен өткен байқаудың жеңімпаздары өз шығармаларын жолдаған екен.
– Алматы облысында ақын-жазушыларға, жас қаламгерлерге деген қамқорлық ерекше. Соның бірі осы – «Ақ қауырсын» әдеби сыйлығы. Байқау биыл бесінші мәрте қалам ұстаған жастардың шабытын ашып, әрі қарай шығармашылығын шыңдауына оң серпін беріп отыр. Жалпы, бұл байқау Жетісу өлкесіндегі әдебиетші қауымның асыға күтетін мерейлі салтанатына, рухани-әдеби танымдық шарасының көш басында тұр, – дейді облыстық Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетов.
Осылайша, қазылар алқасының шешімімен поэзия жанры бойынша 1-орынды «Жетісу» радиосының редакторы Аршын Айдынбекұлы иеленді. 2-орын «Жетісу» газетінің тілшісі Мәулен Әнербайға бұйырды. Сарқандық жас ақын Самал Шеңгелбаева жүлделі 3-орыннан көрінді. Сондай-ақ Алакөл ауданындағы мектеп мұғалімі Мақсат Деңгелбай мен І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің 2-курс білімгері Әділ Құттыбаев ынталандыру сыйлығына ие болды. Ал проза жанры бойынша 1-орынды жас жазушы Гүлден Жылкелдиева қанжығасына байласа, екінші жүлдені талдықорғандық Айгерім Иебекова еншіледі. Және талапкер қаламгер Олжас Наурызбаевқа үшінші орын бұйырды.
Алматы облысы