Ауылдың өзекті мәселесінің шешімін табуына өзім де кіріскім келді – дейді жақында ғана аудандық мәслихат депутаты болып сайланған ІІ топтағы мүгедек Виктор ДЕРКАЧ
Сарыкөл аудандық мәслихатындағы шығып қалған депутаттың орнына Злотауст ауылдық округінен ІІ топтағы мүгедек Виктор Деркач депутат болып сайланды. Оған таңғалғандар болған жоқ, қайта қуанғандардың қарасы көп. Сайлаушылар бірауыздан дауыс берді. Адамға адам неге құрметпен қарайды? Адамның кемістігі неде, артықшылығы неде? Виктор Николаевичті білген, онымен араласқан жанның барлығы да бірден осы сұрақтарға жауап тапқандай болады. Адамның қадір-қасиеті оның өмірге құлшынысында, адамгершілігінде болса керек. Виктор Деркач – ІІ топтағы мүгедек. Бәрі бала кездегі абайсыздықтан болды. Жоқ, абайсыздық емес, тағдырдан болса керек. Өйткені, оның мүгедек болып, аяқсыз қалуына 9 жасар Витяның ешқандай кінәсі болған емес. Техникаға әуес еді. Иә, ұлға тән мінез. Трактор айдайтын туысқан ағасының қасынан үйіріліп шықпайтын. Ол Витяға көмектес деп, бір темірін ұстатып қойса, бұл соған мәз. Бірде екеуі техниканы тағы да жөндеді. Ағасы тракторын жүргізе бергенде доңғалақтың астында қалған баланың шырылын бір-ақ естіді. Дәрігерлер баланың аяғын сақтай алмады, тізеден жоғары кесті. Бала кезде мүгедек болудың қасіретін басынан өткізген жан білер. Мүгедектік түгілі қатарынан нашар киінудің өзі баланың рухын түсіріп, жасқаншақ етпей ме? Мүмкін, кейбір тағдырдың жүгін арқалаған кісілердің кінәмшіл, өмірге өкпелі болып өсетіні де сондықтан болар. Қою қасы, ұялы көздері нұрланып тұратын Виктордан ондай мінезді ешкім байқай қоймайтын. Оның өмірге құлшынысы ғажап болды. Жалғыз аяғымен жүгіріп, ойыннан қалмай, балалардың арасында шауып жүретін. Ауыл балалары велосипед тепсе, бұл да велосипед тепті, өзенге шомылды, балықтай жүзді. Тіпті, шаңғы да теуіп көрді. – Қазір ойласам, менің бала кезден-ақ ішкі рухым мықты болған екен. Ешқандай мойыған емеспін. Ата-анама көмектестім, бақша күтуден де, мал жайлаудан да тартынған емеспін. Оқудан да қалған жоқпын. Көршілеріміздің барлығы да мені балаларына үлгі ететін. Отбасын құрған кезімде бір көршім болды. Соның аяқ-қолы балғадай, соқталдай ұлы бар еді. Сол жігіттің ұйқыдан қолы тимейтін, бір кержалқау. Мен біраз мал ұстаймын, шөбімді уақтылы орып, отынымды уақтылы түсіріп аламын. Есіктің алдындағы бау-бақшам ол, жайнап тұрады. Сонда әлгі кісі баласына мені үлгі етіп, кейіп жататын еді, – дейді Виктор Николаевич. Мектепті бітірген соң еңбек жолын алдымен Солтүстік Қазақстан облысындағы Киллин элеваторында таразышы болып бастады. Бірақ ақылды жігіт еді, мамандық алу керек екенін ойлады. Сөйтті де, Омбы қаласындағы №62 техникалық училищесінде оқып, киномеханик мамандығын алып шықты. 80-ші жылдары әйелінің ата-анасына жақын болу мақсатымен, Қостанай облысының Сарыкөл ауданындағы Краснодон ауылына көшіп келді. Осында табаны күректей 13 жыл киномеханик болып істеді. Ал 90-жылдары келген ауыл шаруашылығындағы дағдарыс кімді аяды? Атақты «Краснодон» асыл тұқымды жылқы шаруашылығының қазір қайда қалғаны белгісіз. – Краснодон ауылында жыл сайын аламан бәйге болар еді, еліміздің әр шалғайынан небір сәйгүліктер қосылатын. Краснодонның жылқылары да тамаша еді-ау!.. Бәйге болар күнді асыға күтіп жүрер едік. Атқұмарлық бізге де жұғысты болған ғой, – деп еске алады Виктор сол күндерді. Одан кейінгі жылдары краснодондықтар күнкөрістің соңында кетті. Жан-жаққа бытырай көшті. Ал Виктор еш жаққа қозғалған жоқ. Қолынан келгенше саудамен айналысты. Әйелі екеуі дүкен ашты, қаладан тауар әкеліп сатты. Солай тиыннан теңге құрап, бизнесін дамыта берді. Оның сыртында қорадағы малы, бау-бақшасын да тоздырған жоқ. Ұлы мен қызын оқытты, бірін үйлендіріп, бірін ұзатты. Қолынан келгенше ауылдастарына көмек қолын созды. Үш адамға жұмыс орнын берді. Аядай ауылға бұл аз көмек пе? 2007 жылдан бастап «Нұр Отан» партиясына мүшелікке кірді. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және Президент сайлаулары науқанында белсене жұмыс істеді. Президенттің жыл сайынғы жолдауларын насихаттайды. – Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауында 2015 жылдан бастап мүгедектер мен асыраушысынан айырылғандарға 25 пайыз көлемінде жәрдемақыны көбейту туралы айтқан шешімі менің жүрегімді толқытты. Бір қадам жүруге зар болып отырғандар, зағиптар, күні адамға қарап қалған ғаріп жандар үшін бұл қандай қамқорлық десеңші, дейді Виктор Деркач. Оның сайлауалды бағдарламасында да мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету мәселесі бар. Сонымен қатар, ауылдастарының тұрмыс деңгейі депутаттың басты назарында. Мұнда шаруашылық тозғалы онымен бірге жол да тозды, бұрын Есілден тартылған ауызсудың құбырлары қаңырап қалған. Қазір осы екі мәселе ауылдағыларды шаршатып тұр. – Ауылда жастар қалмай бара жатыр. Адамдардың мәдени демалысын ұйымдастыру және жасөспірімдердің құқық бұзушылығының алдын алуды да ауылдастар аманат етіп тапсырды, дейді Виктор Николаевич. Ол аудандық мәслихаттағы депутаттың босаған орнына өз кандидатурасын өзі ұсынды. Себебі, ауылдан ешқайда кетпейді. Егер қалада тұрғысы келсе, көшіп кетуге шамасы жетер еді. – Мен ауылда туғанмын, өскенмін. Ауыл жақсы ғой. Ондағы қолға алатын мәселелердің шешімін табуына өзім де үлес қосқым келді, дейді Виктор Деркач. Сарыкөл аудандық мәслихатындағы жаңа депутат қазір іске құлшына кірісіп те кеткен. Оның бойында жауаптылық, ұйымдастырушылық, білімділік пен біліктілік сияқты қасиеттің барлығы бар. Мәслихатқа жаңа леп келді. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». Қостанай облысы, Сарыкөл ауданы.Жаңа тариф жергілікті халыққа тиімді
Табиғат • Бүгін, 17:48
Қарағанды облысында алты жасар бала өзенге батып кеткен
Төтенше жағдай • Бүгін, 16:22
Анасы түрмедегі ұлына телефон кіргізбек болған
Қоғам • Бүгін, 15:45
Семейде 22 жастағы жігітті азаптап өлтірген күдікті 12 жылға сотталды
Қылмыс • Бүгін, 15:20
Қар, көктайғақ және тұман: Қазақстанда ауа райы күрт құбылуы мүмкін
Ауа райы • Бүгін, 14:52
Роза Рымбаева жаңа атаққа ие болды
Мәдениет • Бүгін, 14:10