Картинаға қарап, сол аласапыран дәуірдің бұлыңғыр бейнесі мен рух сипаты елестейді. Мұны ғажайып суретші Әубәкір Ысмайылов әдемі суреттеген. Қылқалам шеберінің шығармашылық жолының бастауы Қазақстандағы бейнелеу өнерінің қалыптасу кезеңімен тұспа-тұс келді. Ол еліміздегі кәсіби көркемсурет мектебінің негізін салушылар Әбілхан Қастеев пен ағайынды Қожықовтар қатарында еңбек еткен суреткер. Жан-жақты өнер иесінің бойына дарыған әртістік, режиссерлік, бишілік қасиеті де, өзге салаларда көп еңбек атқарғанын айғақтайды. Бүгінде оның қай салада болмасын, келер ұрпаққа қалдырған шығармашылық еңбегі едәуір.
Қылқалам шебері есімдері аңызға айналған қазақ батырларының ерліктеріне қайта жан бітірген жұмыстарының қатарында Қобыланды батырға арналған иллюстрациялары бар. «Жоңғарлармен шайқас. Қазақ халқының эпостық жырларына иллюстрациялар» атты күрделі композицияға құрылған акварельдік туындысы осы топтамадан. Парақта жасыл төбе басындағы қаруланған екі батырдың қызуқанды шайқасы бейнеленген. Бірінші бөліктің сол жағында жебе толы қорамсақ, оң бөлікте дулыға. Артқы планда атты әскерлердің сұлбалары және ауыл көрінісі. Басын қар басқан таулар толқынды бұлтты аспанмен жалғасып кетеді. Композицияның негізгі нүктесі – екі батырдың жекпе-жек үстіндегі көрінісі. Олардың қимыл-қозғалысы нанымды әрі аса дәлдікпен жазылған.
Жалпы, XX ғасырдың 30 жылдары Ә.Ысмайылов өз халқымыздың эпостық жырлары мен тарихына тұңғыш қалам тартқандардың бірі болды. Аталған туындыларында қылқалам шебері қанды шайқасты, жорыққа шығу немесе аң аулау көріністерін, қазақ халқының тұрмысын және батырлар ерлігін шынайы бейнелеуге тырысты. Сонымен қатар эпос тақырыбын, оның ұлттық мінезін өткен тарихпен байланыстыра, шындық тұрғысынан дәл де нақты айқындай білді. Бұл картина соның бір бөлігі.