Бұрын екі қазақтың бірі ақын болған ғой. Әркім-ақ көңілдегі көкейкесті ойын ұйқаспен өріп, ырғақпен екшеп, өлеңмен беруге ұмтылған. Бірақ солардың бәрі де қағаз бетіне түспей, айтылғаны айтылған жерінде, шығарылғаны шығарған жерінде қалып, кейінгі ұрпаққа жетпеген. Жетсе, жібектің түйініндей өңбейтін де тозбайтын, жүректің лүпіліндей жан-жүйеңді қозғайтын ілуде біреуі ғана жетті. Сонау бір сұрапыл соғыс жылдары майдан даласынан ауылдарға ағылып келіп жататын үшбұрышты хаттардың да бәрі болмағанмен, тең жарымы өлеңмен жазылғанын ешкім жоққа шығара қоймас. Алайда, солардың қайсын құнттап, қайсын жинап, қайсын сақтады дейсің, бұл бейқам қазақ: оқылғаны оқылған жерінде, жыртылғаны жыртылған жерінде шашылып, мыңнан бірі де қалмаған шығар.
Айтыстың ақтаңгері Орынбайдың жырларымен тербеліп, сырлы сазды Ақан серінің әндерімен әлдиленген, дабыл үнді Үкілі Ыбырайдың тізесінде өскен кешегі Кеңес Одағының Батыры, қайсар қазақ Жәлел Қизатовтың да оқ пен оттың ортасында жүріп жекжат-жұраттарына, құрбы-құрдастарына жазған хаттарының біразы өлең болатын. Олар оның асып-тасқан ақындық өнерінен емес, жан сырын жырмен өрнектеуге әуес қазақы әлемінен туған-ды. Әйткенмен, достар арасында, дастарқан басында суырып салатын бірқақпай әзіл-қалжыңдары ғұмыр бойы қалған жоқ. Сонда да олардың бірін өлең-ау, өнер-ау деп құнттап, жинаған жан емес. Ал оның қанды көйлек қаһарман досы Ақан туралы деректі дастанының орны мүлдем бөлек.
Алапат соғыстың алғашқы күндерінен-ақ алдыңғы шепте болып, қанды қырғын шайқастарға қатысып, Сталинград, Одесса, Керчь секілді қаһарман қалаларды қорғасып, Орел-Курск иініндегі шешуші ұрыстарда ерен ерлік көрсеткен Жәлел Қизатов Украина, Белоруссия, Польша жерлерінде болған шайқастарға қатыса жүріп, жалғыз-ақ қазақ жігітін кездестірген екен. Ол фашистер басып қалған қарт Днепрден өтіп, Тарас елін азат ету жолындағы қанды қасап жорықтарда ұшырасқан жан досы, атбасарлық Ақан Құрманов еді.
Басқа құрамадан бұлардың атқыштар полкіне екі-үш қазақ жігітін ертіп келген Ақан Жәлелге жақсы болды. Үш жыл бойы соғыс соқпақтарында салпақтап, бір қандасын көрмей, ана тілін тосырқай бастағанда қазақша жан-жүрегінің қалтарыс-қуысын ақтарып, мәре-сәре болып қалды. Оның үстіне Арқаның сал-серілерінің асқақ әндерін нәшіне келтіріп шырқайтын әнші жігіттен көптен естімеген атамекен әуендеріне құлақ құрышын қандырып, көңіл шөлін басты. Ақан сері мінезді әнші ғана емес, жаужүрек батыр да екен. «Темірдей тоғыз» атанған оның басқаруындағы взвод талай шепті бұзып, жаудың басына қара бұлт төндіріп, өз жауынгерлерімен ұдайы жол ашып отырды.
Бір жолы Жәлел жанында екі барлаушысы бар Чернигов облысының Мыси селосына арнаулы тапсырмамен келеді. Бір украин шалының қайығын алып, қыркүйектің қараңғы түнін жамылып Днепрдің екінші жағына шығады. Тың тыңдаса, құлаққа таныс орыс үні келеді. Дыбыс шыққан жаққа ентелеп еңбектей кеп траншеяға түсе қалса, Ақан бастаған темірдей тоғызға тап келеді. Олар әлгінде ғана фашистерді бас сауғалап жатқан жерінен қуып шығып, өлгенін өлтіріп, қашқанын жаралап, жүз елу метрдей траншеяны окобымен бірге басып алыпты.
– Армысың, «генерал»! – дейді қуанып кеткен Жәлел.
– Менің міндетім бүгін генералдан да ауыр болды-ау деймін, бауырым. Жаңа ғана біраз жаудың жанын жаһаннамға жіберіп, арқаны бір босаттық. Біздің жақтың үскірік боранынан бетер мынау төпелеген қара жауында дұшпан қауіп күтпесе керек, аңдаусызда өлтіре соқтық өздерін. Алайда, қанша қара күшке сенгенмен қарусыз болмайды. Қару дегеннен бір пулемет, бір танк, жеті автомат қана бар. Оқ таусылуға жақын, деді, Жәлел командованиемен хабарласып.
Жәлел окопқа жайғаса салып, дереу рациямен батарея, дивизион командирлеріне байланысқа шығып, жағдайды түгел баяндап, таңға таяу дұшпанның шабуылға шығатынын, олардың бетін бірден қайтарып, тойтарып тастау үшін дивизион зеңбіректерінің қолдауы қажеттігін мәлімдеді. Айтқандай-ақ, таң ағара бірнеше танкімен, соңында ербеңдеген жүзге тарта жаяу әскері бар фашистер шабуылға шықты. Бұлар «Өлі бас» аталатын жанкешті «СС» жендеттері екен. Катюшалар ойнап, зеңбіректер зіркілдей жөнелгенде, бәрі тым-тырақай болды. Осылай апаттың алдын алмағанда, жағдайдың не болары белгісіз еді. Жау шегінді. Шегіне беріп, шабуылға қайта кірісті. Бұл жолы олар айқасты бұлардың бағытын атқылаудан бастады. «Темірдей тоғыздың» екеуі оққа ұшты. Ақан да сол қолынан жарақат алды. Айқас енді қоян-қолтыққа ұласып, ол жалғыз қолмен алысып жүріп, екі дұшпанды жер жастандырды. Шыбын жанын шүберекке түйіп, қасықтай қаны қалғанша айқасқан біздің батырлар бұл шабуылды да тойтарды.
Тағы да қай тұстан тап берер дұшпан барын барлау үшін Жәлел жақынырақ жерде тұрған маяға қарай тартты. Шөп әжептәуір биік үйілген екен, төбесіне шығу оңай емес. Сәтін салғанда көзіне анадай жерде жатқан терек түсті. Соны әкеліп маяға сүйеп, басынан өзіне орын әзірлеп, дүрбімен жан-жағына көз тастады. Бір тұстан жаудың пулемет ұясы көрінді, ойпаңдау бір жерде зеңбіректер батареясы көзге шалынады. Гомель жақтан топталған мәшинелер мен зеңбіректер, топырлаған жаяу әскерлер қаптап келеді. Табанда бәрін картаға түсіріп, координатын анықтап, дивизион командиріне хабарлап, өз орнына оралды. Оралғаны не керек, өз көзіне өзі сенбей дал болды. Қарсы алдында қанға батып Ақан досы жатыр. Тұла бойында бір сау жері жоқ. Тап жанынан түскен жау снаряды сабазға ажал болып тиген екен. Ол қанжоса досын құшақтай алып, еңіреп тұрып жылады. Оқ пен оттың ортасында тас болып қатқан көкірегі елжіреп, көзінен жас бұршақтап ақты. Амал нешік, бұл соғыс небір өндірлерді қыршынынан қиып, небір боздақтарды жалмамады дейсің. Күн де ұясына батып бара жатты, бұл да Ақанның аспанға қарап қалған ашу-ызаға толы көзін өз қолымен жапты.
Ізінше уралаған жеңіс дабылы қағылды. Бұл берген координаттар бойынша жаудың жасырынған пулемет ұялары мен батареялары тас-талқан етіліп, біздің жауынгерлер алға ұмтылды. Алайда, олардың бұл ұлы сүреңінің арасында қыр ұланы, қайсар мерген Ақан Құрманов жоқ еді.
1944 жылғы 15 қаңтарда КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының жарлығымен Днепрден өткенде көрсеткен ерен ерлігі үшін Ақан Құрмановқа қаза тапқаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Днепрден кескілескен ұрыспен өтіп, ата жаудың сағын сындырып ұлы Жеңіске жол ашқан көпұлтты кеңес жауынгерлерінің қисапсыз қаһармандығы биік бағаланып, ең жоғары атақ берілген сол жолғы жарлықта Ақанның қанды көйлек жолдасы әрі қандасы, батыр барлаушы Жәлел Қизатовтың да аты бар еді.
Жеңіс туы желбіреп, елге оралысымен-ақ ол жан досы Ақанның туған жері ерке Есілдің бойындағы Қосбармақ ауылына барып, ағайын-туғандарына, жекжат-жұрағаттарына көңіл айтып, ауылдастарымен кездесіп, батыр жерлестерінің ерен ерлігін жырдай ғып баяндап берді. Сонда бір ақсақал тұрып:
– Балам, Ақан жайында қара сөзбен жырдай ғып айтып бердің. Ал атаң қазақ ондай батырларының ерлігін өлеңмен өрнектеп, қисса ғып айтушы еді ғой. Өзің де сөз қонып, жыр ұялап, ән самғаған өңірдің жігіті екенсің. Оның үстіне, баламыздың көзін көріп, қолдан жерлеген жақын досы көрінесің. Сондықтан келесі жолы оның ерлігін жырға айналдырып, дастанмен оралуыңды өтінер едік, – деп үлкен аманат артқаны бар.
Қанша жерден ақынжанды халықтың перзенті болғанымен, өлеңді өмірінің мәні деп білетін кәсіби ақын емес. Бұған қадірмен қарияның бұл тілегі ауыр соқты. Даңқты досының өшпес ерлігін естелік етіп, қара сөзбен баяндауға болар еді. Жетінші сыныпта оқып жүргенде бір әңгіме жазып, Жазушылар одағына жібергенде, сол кездегі көрнекті жазушы әрі ақын Қапан Сатыбалдиннен сәт-сапар тілеген хат алғаны бар-ды. Бірақ қаламын әрі қарай ұштамай, ауылшаруашылық техникумына түсіп, әдебиет ауылынан іргесін аулақ салған. Ал әлгі ақсақал болса, даңқты досының жау жаусатқан батырлығын баяғы Бөгенбай мен Қабанбайға ұқсатып жырмен баяндап, дастан ет деп аманат жүктеді.
Аманат жүгі қашанда ауыр. Әйткенмен, оны орындау парыз. Қазақта әу демейтін азамат жоқ деп білетін көпті көрген көнекөз қария аманат жүктегенде ойы ұстамды, тілі орамды жас батырдың тақа қара жаяу емес екенін сезген сияқты. Демек, «шын жыласа, соқыр көзден жас шығады» дегендей, қалам тербеп толғану керек. Сол ниетпен ол Отан үшін опат болған батыр досы туралы толғауының алғашқы шумақтарын қағазға түсірді. Ет қызуымен тәуекел теңізіне қайық салғанмен, жыр жазу инемен құдық қазғандай қиын өнер екеніне, ол сүмесіне ана сүтімен сіңген ақындықты талап ететініне көзі жетті. Оны және жырдан жасырмай:
Білемін, борышым бар ақталмаған,
Досымды қала алмадым сақтап жаудан.
Тағы да ақын болмай армандамын,
Ерлігін жырмен өріп айта алмаған, – деп те тебіренді. Не керек, осылай жүрекжарды ойларын оңашада қойын дәптеріне түсіріп, батыр дос туралы дастанның алғашқы тарауын тәмамдап, өзі көзімен көріп, қанды қасап майданына қолма-қол араласып, алапат ауыртпалығын мойнымен көтерген Днепр шайқасын жазуға кіріскен еді.
Алайда, көңілдегі көрікті ойды өмірдегі күнделік күйбеңі билеп кетті. «Алтын Жұлдызды» жауынгер әскери академияның келесі кезегіне қалдырылып, партия жұмысына жіберілді. Сөйтіп, Жәлел Қизатов өзі туған Қызылжар маңындағы бір аупарткомның қатардағы хатшысы болып шыға келді. Әскери өмірмен қош айтысып, соғыстан күйреген халық шаруашылығын қалпына келтірудің қат-қабат қарбаласы бел шештірмейтін шаруасына басымен сүңгіді де кетті. Қандай жұмысты болсын жанын салып, жалындай жүріп атқаратын оны ұзамай ауатком төрағалығына жоғарылатып, үш-төрт жылдан соң аупарткомның бірінші хатшысы етті. Күрмеуі қиын күрделі мәселелерді жоғары жаққа жалтақтамай қолма-қол шешетін батыр басшысын жерлестері екі мәрте КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты етіп те сайлады. Бірақ оның жалтақтығы жоқ батылдығы, жалпы жұртқа, жерлестеріне деген жанашырлығы кейін өзіне пәле болып жабысты. Жерді жөн-жосықсыз жырта беру қазақ халқын ата кәсібінен айырып, қыспаққа ұшыратады, тың игерушілерді тұс-тұстан топырлата беру жергілікті жұрттың қалыпты өмір ырғағын бұзады деп ашық айтты ол. Сол үшін барып тұрған ұлтшыл, партияның тың көтеру саясатына қарсы деген желеумен партиялық қызметтен шеттетіліп, шамалы ғана шаруашылық жұмысқа жіберілді. Түп ізіне түсіп қудалау үдей түскен соң, туған өңірден ірге көтеріп, Қызылордаға көшіп, есін Сыр бойында бір-ақ жиды. Сондай алас-күлес, қуғын-сүргіннің тұсында баяғы батыр досы жайындағы жазбасы жайына қалды, дастан тұрсын бас қайғы болып кетті.
Аударыс-төңкеріссіз отыра алмайтын Хрущев тақтан тайдырылған соң тірлік қалыпты арнасына қайта түсіп, бейкүнә қудаланғандарға көңіл бөлініп, қамқорлық қанаты астына алынғанда жазықсыз жапа шеккен Жәлел Қизатовқа да сенім көрсетіліп, облыстық білдей бір басқарманың тізгіні тапсырылды. Қыран мінезді батыр дүр сілкініп, күрішті өңірдегі дайындау саласын шырқ үйірді. Басқарма жұмысын бір жолға салып, көптің құрметіне қайта бөленіп, көңілі жайланған сол бір жазда жан-жары Шәмшібануды алып, «Оқжетпес» шипажайында демалғалы машинамен Көкшеге тартты.
Курортқа келген алғашқы күндердің бірінде Күміскөлді жағалай серуендеп, Көкшенің Кенесары бастаған батыр-бағландарын, Сәкендей сал-серілерін еске түсіріп келе жатқанда, бір шоқ талдың тасасынан жап-жас Ақан шыға келгендей болды. Кәдімгі Днепрден өтерде жаужүрек жасағымен қарсыдағы қас дұшпанның шебін бұзып, армияға жол ашып, опат болған батыр досы. «Ақан, апырай, Ақан, жарақаттанып аман қалғансың ба, досым?» деп ұмтыла бергенде, әлгі елес ізім-қайым жоқ болды. Түстен кейін тынығып алайын деп қисайған еді, мызғып кетсе керек, әлгі елес көз алдына қайта оралды. «Бауырым, Ақан, бармысың, тірімісің өзің, неге тіл қатпайсың?» деп құшағын жая ұмтылғанда, есік сықыр етіп оянып кетті. Немересін жетектеп кіре берген Шәмшібануға:
– Шақыр анау шоферді. Ақанның аруағы маза берер емес. Ауылының дәл түбіне келіп, ағайын-туғандарымен сәлемдеспей жатқанымыз жөн болмас, – деді.
– Күн екіндіге ауып қалды. Ертең ерте шығайық. Ай-түй жоқ, ауылына жетіп барғанымызды жұрт қалай түсінеді? Әуелі аудан орталығы – Атбасарға барайық. Мән-жайды біліп алып барған дұрыс болар ауылына, – деп ақыл қосты.
Ертеңіне оларды Атбасарда ауданның бірінші басшысы, ақынжанды, жан-жақты білімді, арғы-бергі тарихты жете білетін, аңшылық жайында әңгімелері жиі жарияланатын білікті маман Қасым Тәукеновтің өзі қарсы алып, батырдың кіндік қаны тамған туған ауылы – Қосбармаққа бастап барды. Алдымен Ақанның туған ағасы Сәметтің үйіне атбасын тіреп, қадірлі қонақтар сәлем беріп, елім деп еңіреген ерді еске түсіріп, өзі өлгенмен ісі өлмеген, ізі өшпеген батыр ел жүрегінде мәңгі жасайтынын медет қып, жиналған ағайын-туғандарын жұбатты. Кешкісін клубта кездесу өтіп, жиналған кәрі-жас кезек-кезек сөйлеп, даңғайыр жерлесінің балалық, жастық шақтарынан сыр шертіп, зымыран заманына қарай ерте есейген азаматтың қабілет-қарымының сан қырын аша түсті. Бақса, оны өз ауылы ғана емес, дүйім аудан мақтан тұтып, абзал есімін ардақтап төбеге көтереді екен.
Толарсақтан қан кеше жүріп, талай жауды бірге жайпасқан Жәлел де үш рет ауыр жараланса да саптан шықпай, Отан алдындағы перзенттік парызын ақтық қаны қалғанша ақтап, қаруластарына жеңіс жолын ашып берген жан досы туралы шешіле, көсіле сөйледі. Қол пулеметімен-ақ ажал шашқан талай тажал танктерді оққа орап, автоматпен-ақ жүздеген дұшпанның жанын жаһаннамға жібергенін көзімен көргенін айтты. Өзі опат болғанмен, рухы аспан шарлап кеткен досын ұмытпай ұдайы есте ұстап, қастер тұтып, алыстан арнайы іздеп келген батырға жиналған жұрт мың да бір алғысын жаудырды.
«Қосбармақ – жан досымның туған жері,
Кіндік кесіп, кірін де жуған жері.
Қырында тай үйретіп, қоян қағып,
Көл айналып көбелек қуған жері, – деген жыр жолдары жүрегіне сонда ұялап, жауынгер жолдасының елдестері мен жерлестеріне дән риза болып, сол сапардан ойы шарықтап, қиялы қанаттанып, мәртебеленіп қайтты. Шипажайға оралысымен Ақан жайында әр жылдары жазғандарын бір арнаға түсіріп, біразын өңдеп, әрлеп, жаңа тараулар қосып қайта жазып, оншақты күннің ішінде он жыл ойланып, ертелі-кеш толғатқан «Ақан батыр» дастанын дүниеге әкелді.
Әдеби талап тұрғысынан мұны толыққанды көркем туынды деуге келмес. Бейнелеуінен баяндауы басым, әрлеуінен әңгімесі басым бұл дастанды өлеңмен жазылған очерк десе де болар. Өлеңді кәсіп қып ұдайы жазып жүрмеген кәнігі ақын болмағандықтан, оның осал шумақтары мен олақ ұйқастары да кездесіп қалады. Дегенмен, автор аппақ қардай кіршіксіз көңілін жайып салып, досына деген адал сезімін, алғаусыз сырын шама-шарқынша толық жеткізуге тырысады.
Асылы, Жәлел Қизатов – досқа адал, достыққа берік болған кісі. Кейін ол Украинаға әдейі іздеп барып, Днепрдің сол жағалауындағы Мыси селосында қарулас досы Ақанға орнатылған ескерткішке тағзым етіп, дұға бағыштады. Құлпытасқа: «Бұл жерде қазақ халқының қаһарман ұлы, Кеңес Одағының Батыры Ақан Құрманов жерленген» деп жазылыпты. Дастанды түйіндер тұстағы:
Болды ақын Көкшетаудың қыранындай,
Жырымның сарқылмайтын бұлағындай.
Бейнесі, жігері астам өзгелерден
Алдымда елес болып тұрар ұдай», – деген шумақ дәл сол зиярат еткен тұста туған сияқты. Ал ерліктің елесі ешқашан өшпейді. Батырдың батыр туралы дастандарының түйіні осы болса керек.
Сарбас АҚТАЕВ,
жазушы.