Аймақтар • 25 Мамыр, 2022

Балтыр батырмаған бассейндер немесе көзбояушылықты қояр кез жетті

1203 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бізде сол, істің басы дардай, аяғы қылдай. Сүйіншілеп басталып, жол ортада қалады. Нәтижесі не болғанын сұрай қалсақ, жауапты басшылар қырық сылтау айтып, бірі біріне сілтейді. Естеріңізде шығар, былтыр Күршім мен Үржар аудандарында жүзу бассейні ашылған. Ашылды деген аты. Лента қиып, ырду-дырду той еткенімен, бассейндердің есігі қайта тарс жабылған. Қыруар қаржы не үшін бөлінгені белгісіз.

Балтыр батырмаған бассейндер немесе көзбояушылықты қояр кез жетті

2021 жылдың 6 шілдесі. «Елорда күніне орай Үржар ауданында заманауи үлгіде бассейн ашылды» деп алақайладық. Ауылдың қуанышын жарыса жарияладық. Бассейн ғима­ра­тының кіреберісіне қызылды-жа­сылды шар байланып, ресми түрде ашылу сал­танаты жасалды. Әсіресе жасөспірімдердің қуанышында шек болмаған. Қысы-жазы суда жүземіз деп қуанды. Бекер екен. Бассейнге шо­мылғанды қойып, аяқ малған біреу болмады.

Жыл өтіп, аудан тұрғындары нара­зылық білдірген соң, істің мән-жа­йын білмек ниетте Үржар аудандық сәу­лет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Болат Торсықбаев­қа хабарласқанбыз. Оның айтуынша, бассейннің тапсырыс берушісі Үржар ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі екен. Алайда кім қабылдап алды, қалай қабылдап алды, бізге түсініксіз.

– Бассейнді облыстық спорт басқар­ма­сы балансқа әлі қабылдаған жоқ. Мемлекет­тік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы өкіл­дері келіп, бірқатар олқылықты айтып кеткен. Мердігерлер қайта жасап жатыр. Өзгеріс болып жатса, хабарлаймыз, – дейді Үржар аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Болат Торсықбаев.

Айтып өткендей, әуелде бассейн ашыла сала облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы теңгеріміне алуы керек болған. Бірақ құрылыстан ақау шыққан соң олар қабылдауды кейінге қалдырған. Алдымен аталған нысанға тексеру жүргізу керегін айтып, облыстық сәулет-құрылыс бақылау басқармасына хат жолдапты. Маман­дар тексере келе лауазымды тұлғалар­ға қатысты ӘҚБтК-нің 318-бабы бо­йынша әкімшілік іс қозғап, анықтал­ған ақауларды жоюды тапсырған. Соны­мен қатар жаттығу кезінде қауіпсіз­дік ережелерін сақтаудың маңызды рө­лін ескере отырып, құзыретті органдар ұсынған барлық бұзушылықтарды толық жойғанға дейін бассейн жұмыс істей алмайтынын айтады сала ма­мандары. Ал оның қашан жойылатыны тағы беймәлім.

Дәл осындай мәселе Күршім ауда­нын­да да бар. 2021 жылдың қаңтарында Күршімде «Ауыл – ел бесігі» бағдар­ламасы аясында жабық жүзу бассейні ашылды деп жар сал­ғанбыз. Иә, мұнда да кәдімгідей ақсақалдар ақ тілектерін айтып, лентасын қиған. Сол кездегі спорт бөлімінің басшысы бассейнде жүзу кестесі жасалатынына дейін хабарлап, елді сендірген. «Бақсам, бақа екен» демекші, күршімдіктердің де қуанышы алысқа бармады.

– Күршімнің маңайындағы судың бәрі қауіпті. Жаздыгүні балалардың шомылуы үшін бірде-бір арнайы орын жасақталмаған. Қаншама адам суға кетіп жатыр. Былтыр балалар бассейнде суға жүзуді үйренеді ғой деп мәз болып жүргенбіз. Өкінішке қарай, суы жоқ бассейннің лентасын қиып, ашылу рәсімін салтанатты түрде дүркіретіп өт­кізді. Көзбояушылықты қашан қояр екенбіз?! Енді міне, сыбайлас жем­қор­лықтың құрметіне қойылған ескерт­кіштей бассейніміз қаңы­рап тұр, – дейді аудан тұрғыны Меруерт Еркінқызы.

Жасырып қайтеміз?! Қандай да бір нысан ашылып алып, жұмыс істемей тұрса, иә болмаса, сапасы сын көтермей жатса, қоғам бірауыздан «ақшасын жеп қойыпты» деген пікірді ұстанады. Кім білсін?! Қолда айғақ болмаған соң, дөп басып жаза да алмаймыз. Дейтұрғанмен, шөптің басы жел тұрмаса қимылдай ма?

Күршім ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Шораяқовтың айтуын­ша, жабық бас­сейн ғимаратының құ­рылысын «СК-Kaz­Alem» ЖШС құры­лыс компаниясы жүргізген екен. Бұл үшін қазынадан 450 млн теңге қар­жы бөлінген. Қазіргі уақытта құзырлы органдар тексеру жүргізіп жатқан көрінеді. Қалай дегенмен, Шығыс Қазақстанның құрылыс саласында сал­ғырттық басым. Мейлі үй құрылысы болсын, жол салу немесе су тарту болсын, проблемасыз аяқталмайды. Тиісті қаржы бөлінгенімен, сапа да жоқ.

Ал Үржар мен Күршімдегі бассейн құры­лысынан кеткен олқылықтар Катонқарағай ауда­нының басшыларына сабақ болсын дейміз. Айта кетейік, Катонқарағай ауылында да жабық бассейн құрылысы жүргізіліп жатыр. Қазірден бастап жауапкершілікпен қарамаса, ертең Үржар мен Күршімнің кебін киіп жүрмесіне кім кепіл?!

 

Шығыс Қазақстан облысы