Бұрынғы бабаларымыз ортақ мақсатқа ниет пен көңіл біріктіре ұмтылған ауызбірлікті «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару» десе, бір іске жұмыла кірісуді «бәріміздің илегеніміз бір терінің пұшпағы» деген екен. Ел тыныштығын сақтау, экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында атқарылу үстіндегі жұмыстар – тәуелсіз Қазақстанды өркендету жолындағы қадамдар. Осы орайда, биыл құрылғанына 20 жыл толатын Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі де еліміздің өркендеуіне бағдаршам болған «Қазақстан-2030» және «Қазақстан-2050» бағдарламаларын орындауда, елімізді дамыған 30 елдің қатарына қосу жолында өз үлесін қосып келеді. Ауызекі тілде қаржы полициясы деп аталатын саланың теңіз арқылы және құрлықта бір өзі бес мемлекетпен шектесетін, сауда-саттық қызып, алыс-беріс, келім-кетімі көп өндірістік аймақтағы жұмыс ырғағы туралы Маңғыстау облыстық экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті басшысының бірінші орынбасары, қаржы полициясының полковнигі Мансұрхан Махамбетовпен әңгімелескен.
– Мансұрхан Махамбетұлы, қызметтің оңайы жоқ, әйтсе де, әрбір істі заңдылық негізінде жүргізіп, ел экономикасына кері әсер ететін әртүрлі қылмыстармен, құқық бұзушылықтармен күресетін қаржы полициясы қызметінің ауырлығы айтпаса да түсінікті. Оның үстіне тоғыз жолдың торабы саналатын Маңғыстау өңірінде қызмет етудің өзіндік қиындықтары да бар шығар...
– Егемен еліміздің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көлеңкелі экономикаға тосқауыл қою, орын алуы мүмкін сыбайластықты, жемқорлық әрекеттерді құрықтау, алдын алу мақсатында осыдан 20 жыл бұрын салық полициясы, артынан қаржы полициясы деп атауы өзгертіліп, кейінірек Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі құрылған болатын. Осы агенттіктің Маңғыстау облысындағы департаменті де тәуелсіз еліміздің баянды болашағы жолында жауапкершілікпен жемісті жұмыс жүргізіп келеді. Осы жылдар ішінде қаржы полициясы қызметкерлері күшімен Маңғыстау облысында мемлекет қазынасына зор көлемде шығын келтірген бірнеше қылмыстық істер анықталып, әшкереленді. Тегеурінді тергеулер, тынымсыз іздеулер нәтижесінде республикалық және жергілікті бюджетке миллиардтаған теңгелер қайтарылды.
Маңғыстау облысының Каспий теңізі жағасында орналасуы, онда еліміздің жалғыз халықаралық теңіз-сауда портының болуы да өзіндік ерекшелік болып табылады және бұл біздің жұмысымыздан қалт етпес қырағылықты талап етеді. Өңірде ауданаралық екі басқарма бар, бірі Жаңаөзен қаласында, екіншісі, Бейнеу кентінде орналасқан.
Өткен жылы біздің департамент 8,5 млрд. теңге шығын әкелген 249 қылмыстық істі анықтады, оның ішінде 92 іс сыбайлас жемқорлыққа қатысты болды. Сотқа дейінгі тәртіппен 8 млрд. теңгеден астам қаржы мемлекет пайдасына өндірілді. Осы істерді жіктеп қарасақ, өткен жылы құрықталған қылмыстардың басым бөлігі Кеден департаменті саласына тиесілі, әсіресе, лауазымдық қызметін асыра пайдалану фактілері кездесті. Сондай-ақ, Бейнеу ауданы аумағындағы Тәжен кеден бекетінде, «Ақтау» халықаралық теңіз-сауда портында контрабандалық әрекеттер әшкереленді. Облыстың құрылыс саласында да бірқатар келеңсіз әрекеттер орын алды. Нәтижесінде, басқарма басшысының орынбасары қылмыстық жауапкершіліке тартылса, тендерге қатысқан мердігер компания басшысына қатысты қылмыстық іс қозғалып, ол ҚР ҚК 312-бабымен сотталды. Биылғы жыл басталғалы бері де ауқымды қылмыстарды құрықтап үлгердік. Олардың арасында мемлекетіміз сенім артқан жауапты қызметтерді атқарып жүрген азаматтардың болуы өкінішті. 4 млн. теңге көлемінде пара алу кезінде салық департаменті басшысы ұсталса, жалған құжаттар жасау арқылы 600 млн. теңгені жымқырған өңірдегі іргелі оқу орнының мемлекеттік қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Қазақстан – біздің Отанымыз, ортақ үйіміз. Оның құндылықтарын тонау, мемлекеттің қалтасына қол салу, есебін тауып қымқыру – заң алдында – қылмыс, ар алдында – күнә. Бірақ, пайда көксегендер дүние-мүлік, ақша-қаражат, материалдық пайда жолында осыны екінші орынға ысырып тастайды, олар заңсыз табылған байлықтың ақыры есебі болатындығын түсінгісі келмейді.
– Өткен жылы демекші, аққудың атын жамылып қарғаның қылығын жасаған деуге тұрарлық ірі қылмыстық әрекеттерді әшкерелегендеріңіз есте...
– Иә, 2013 жыл қызметте оңай жыл болған жоқ, бірақ департамент қызметкерлерінің табандылығын, білігін сынға салған және олардың жоғары кәсібилігін дәлелдеген жыл болды. Ақтаудағы планшетті компьютер құрастыру зауытына қатысты іс туралы істі бүкіл ел естіді, ол туралы еліміздің бас басылымы – «Егемен Қазақстан» газеті де алдыңғылардың бірі болып жариялаған еді. Қазіргі таңда 2010-2014 жылдарға арналған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде планшетті компьютерлер, теледидар мен мониторлар өндіретін зауыт – кәсіпорын ашуға, оның толыққанды қызмет атқаруына мүмкіндіктері жоқ екендігін біле тұра, бірлескен кәсіпорынды ашып, қылмысқа жол берген «Каспий» ҰК» АҚ және «JX Company» компаниясының бұрынғы басшыларына қатысты қылмыстық істің тергеуі аяқталып, сотқа жолданды. Іс сотта қаралуда.
Департамент қызметкерлерінің назарынан қаржы полициясы құзырына кіретін заңсыз істердің, салалардың қай-қайсысы да тыс қалып жатқан жоқ. 38,8 мың тонна мазутты топырақты нормадан тыс шығарып, қоршаған ортаға тигізген залалы үшін төленетін эмиссияны төлеуден екі жыл бойы жалтарып келген «Өзенмұнайгаз» АҚ Жоғарғы соттың шешімімен жергілікті бюджетке 4,3 млрд. теңге төледі. Департаменттің араласуымен 2007-2008 жылдары салық төлеуден жалтарып келген «Нельсон Петролеум Бузачи» компаниясының филиалынан мемлекет пайдасына 3,3 млрд. теңге қаражат өндірді. Ал, «Ақтау халықаралық теңіз-сауда» портының қызметкерімен бірге ұзақ жылдар бойы заңсыз ірі көлемдегі қара металды Түркияға тасымалдаған осы елдің азаматы ұсталды. Ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекеті әшкереленіп, топ жетекшісіне және мүшелеріне қылмысына сай жыл кесілді. Мұның бәрі – Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен және сенімімен қаржы полициясына жүктелген міндеттерді мүлтіксіз орындап жүрген сала қызметкерлерінің еңбегі. Адал еңбек етуді Отанымыз – тәуелсіз Қазақстанның мүддесін сақтау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы парызымыз және ел дамуына қосқан үлесіміз деп білеміз.
– Президент Нұрсұлтан Назарбаев шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне тексеру жүргізуге мораторий жариялады. Бұл сіздердің сан-салалы жұмыстарыңызды белгілі бір дәрежеде жеңілдеткен болар?
– Кәсіпкерлік – ел экономикасын көтеріп, дамуға атсалысатын сала. Халыққа жұмыс беруде, әлеуметтік жағдайын көтеруде, мемлекетке салық төлеуде – кәсіпкерлік саласының үлесі зор. Сондықтан, Елбасының шағын және орта кәсіпкерлікті қорғауға мораторий жариялауы тектен-текке шығып отырған шешім емес. Кәсіпкерлікті қолдау – Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі жұмысының басым бағыттарының бірі. Президенттің үстіміздегі жылғы 28 ақпандағы Жарлығына сәйкес, еліміздің Бас прокурорының және агенттіктің нұсқауымен біздің тарапымыздан қазір кәсіпкерлікті тексеру тоқтатылды. Екі жылдан бері агенттік жанында ахуалдық орталық жұмыс жасайды, аймақтарда оның бөлімдері бар. Орталық мемлекеттік органдардан түсетін жалпы мәліметтерді қорытып, бізге жіберіп отырады. Осы мәліметтер негізінде кәсіпкерлердің шаруасына араласпай, сырттан мониторинг жасау арқылы бақылауға, жұмысының заңдылығын анықтауға мүмкіндігіміз бар. Қылмыстық іс бойынша тергеу амалдарын жүргізе береміз.
– Істің оң нәтиже беруі маманға қатысты. Кадр мәселесі қалай шешілген?
– Жасыратыны жоқ, кадр мәселесі біздің қазіргі жанды мәселеміз. Біз қылмыстық қудалау органы болғандықтан, басым бағытымыз – тергеу. Алайда, департаментте көбінесе тергеушілер жетіспейді. Қыруар жұмыстың тобықтай түйіні тергеушіге тіреледі. Құжаттарды жинақтайтын, күдіктінің кінәсі бар-жоғын анықтайтын, айып тағатын – тергеуші. Бұл үлкен жауапкершілікті, біліктілікті қажет етеді. Тәжірибелі тергеушілеріміз бар, бірақ аз. Жастарға үйрету қажет. Қиындығынан болар, жастардың қызығушылығы аса жоғары емес.
– Сіздердің қатарларыңызда теріс әрекетпен көзге түскен жағдай жоқ па?
– Қазір ақпарат ағыны мол, әрбір жан хабар-ошардан тез құлағдар болып отырады. Қаржы полициясы қызметкерлерінің атына кір келтіріп, істі болып жататындар жоқ емес. Шүкір деп айтайын, біздің қызметкерлер арасынан ондай оғаш әрекеттерге жол берушілер кездескен жоқ. Қызметкерлеріміздің адалдығына дәлел ретінде бір оқиғаны айтып берейін. Жуырда Маңғыстау облыстық қан орталығының басшысы өзін тексермеуді сұрап департамент қызметкеріне пара ұсынған. Өз міндетін жақсы түсінетін және оны бәрінен жоғары қоятын қызметкер одан бас тартып, нәтижесінде, пара ұсынушы әшкереленді. Жалпы алғанда, өңірде парақорлық, сыбайластық мәселесі көп емес, бірақ біздің қызметкерлер осы жолда табанды, сенімді күрес жүргізіп келеді.
– Алдын алу жұмыстарын ұйымдастыру мәселесі назарда болар?
– Сыбайлас жемқорлықты болдырмау, алдын алу мақсатындағы шаралар тұрақты жүргізіліп келеді. Жыл басынан бері студенттер мен оқушылар арасында 23 дәріс оқылды, көшелерге көлемді билбордтар ілінген. Сондай-ақ, тұрғындардың әлеуметтік белсенділік деңгейін көтеру мақсатында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте жәрдемдескен адамдарды көтермелеу тетігі мен тәртібін түсіндіретін әлеуметтік бейнеролик әзірленіп, Ақтау мен оның төңірегінде 20 орынға ілінді.
Елбасымыз Н.Назарбаев биылғы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стратегияны қалыптастыруды және іске асыруды аса маңызды мақсат ретінде атаған болатын. Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Маңғыстау облыстық департаменті өз жұмысын еліміздің тыныштығын, мемлекеттік мүдделердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында Елбасы тапсырмаларын басшылыққа ала отырып жүзеге асыра беретін болады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
АҚТАУ.