18 Сәуір, 2014

Мақсат – ғарыштық мемлекеттер клубына кіру

273 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде Ғарыш аппараттары ұшуын басқару жөніндегі тұңғыш оқу орталығы (ҰБО) ашылды BEK_0085 Салтанатты рәсімге Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы, авиа­ция генерал-лейтенанты, Халық Қаһарманы, Ресей Батыры, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Талғат Мұсабаев құрметті қонақ ретінде қатысты. Өз сөзінде ол мынадай жоғары деңгейдегі оқу-білімдік мақсаттағы ҰБО-ның ашылуы Мемлекет басшысы ұлттық ғарыш саласын дамыту орайында алға қойып отырған міндеттерге сай келетінін атап өтті. – Президент Н.Назарбаевтың биылғы Жолдауында айқындалған Қазақстан әлемнің озық дамыған отыз елінің қатарына енуінің жаңа тұжырымдамасы Отанымызда техникалық білім мен ғылымды қарышты дамыту үшін, соның ішінде ғарыштық техника мен технологиялар бойынша мамандар даярлау ісінде де зор мүмкіндіктер тудыруда. Олай болса, – деп жалғастырды Т.Мұсабаев, – ҚазҰТУ-да осындай Орталықтың құрылуы өте маңызды. Өйткені, университеттің өзі Қазақстанның дамушы ғарыш саласы үшін мамандар даярлау жөніндегі базалық оқу ордаларының бірі ретінде айқындалды. Сондай-ақ, осы жоғары оқу орны «Ғарыш техникасы мен технологиясы» мамандығы бойынша бакалаврлар даярлауға лицензияны алғашқылардың бірі болып алды. Мұнда қазірдің өзінде мамандандырылған кафед­ра құрылған, Ұлттық ақпараттық және ғарыштық технологиялар зертханасы жұмыс істейді, ға­рыштық күн электрстансасының тұ­жырымдамасы мен көрсетпелі макетін және студенттік геофи­зикалық наноспутник әзірлеу жөніндегі жобалар орындалуда. Генерал-лейтенанттың айтуынша, мұндай жетістіктерді, тіпті, Ресейдің орталық қалаларының кез келген жоғары оқу орны алға тарта алмайды. Ол жаңа ҰБО елдегі ғарыш технологияларын дамытуға және оқу орны өзінің ғылыми-өндірістік әлеуетін ұлғайтуға серпін беретіндігіне тоқталып: «Өйткені, ғарыш қызметі іс жүзінде осы замандық тіршілікті қамтамасыз етудің барлық салалары үшін инновациялық технологиялардың тұрақты қайнар көзі екендігі сөзсіз. Яғни өндірістің көптеген салалары ғарыш қызметінің дамуына тікелей байланысты. Немесе тәуелді десек те болады. Әлемнің ең алдыңғы қатарлы елдері нақ осы саладағы ғылыми һәм өндірістік әлеуетін ұлғайтуға ұмтылуы тегін емес. Қазақстан да өз кезегінде өзінің ғарыш саласын дамытуға үлкен маңыз беруде», деді. Осылай дей келе, Талғат Мұсабаев таяу болашақта біздің еліміздің ғарыштық мемлекеттер клубына енетініне сенім білдірді. Бұдан әрі ұшқыш-ғарышкер оқу-білім орталығымен таныс­ты. Студенттер өздерінің теле­метрикалық ақпаратты қалай қабылдайтындарын және оқу мақсатындағы ғарыш құры­л­ғыларын басқаруды қалай жүзеге асыратындарын, сондай-ақ Жерді қашықтан шолатын қазақстандық және шетелдік ғарыш аппарат­тарының мәліметтерін жоспарлау, қабылдау және өңдеу жөніндегі жұмыстары жайында айтып берді. Т.Мұсабаев студенттердің ғылыми жұ­мыстарына қызығушылықпен көңіл бөлді. Сонымен қатар, агенттік төрағасына ғарыштық байланыс аппараты қозғалысының имитаторы, феррошолғылық магниттік өлшеуіш, «Политех-1» студенттік ғылыми-біліми хабар қабылдаушы-таратушы наноспутник кешені және басқа күрделі аппаратуралар таныстырылды. Наноспутникті ұшыру осы жылдың аяғына жоспарланып отырғанын айтқан ләзім. ҰБО-ның тағы бір ауқымды міндеті ғарыштық күн электрстансасының қолданыстағы макетін жасау болып табылады. Оны ҚазҰТУ Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесіне ұсын­бақшы. Бір айта кетерлік жай, ғарыштық күн электрстансасының тұжырымдамасы энергия берудің дербес спутниктері мен лазерлі арналары болуын қарастырады. Бұл жобаның басты мақсаты жаһандық энергетикалық және экологиялық дағдарыс қиыншылықтарын шешу үшін келешекте аса жоғары санаттағы ғарыштық энергетика құру болып табылады. Өз кезегінде бұл жайт Қазақстанның ғарыштық электр көзінің халықаралық рыногына кіруіне және экономиканың шикізаттық емес секторын дамытуына көмектеспек. Талғат Мұсабаевқа құрметті қонақ ретінде Қаныш Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ профессорының дипломы табыс етіліп, университет Ғылыми кеңесінің шешімімен ҰБО-ның ғылыми жетекшісі болып бекітілді. Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ. ––––––––––––––––––– Суретті түсірген Юрий Беккер.