Кеше Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев селекторлық режімде кеңес өткізіп, онда үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны мен «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасының жүзеге асырылуы қаралды, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, кеңеске қатысушылар көктемгі дала жұмыстарын ұйымдастыру мен өткізу, ағымдағы су тасқыны ахуалы және өңірлердегі әлеуметтік маңызды азық-түлік бағаларының тұрақтылығы мәселелерін талқылады. Кеңеске орталық мемлекеттік органдардың басшылары, облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының әкімдері қатысты.
«Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасының орындалу барысы туралы Өңірлік даму министрі Б.Жәмішев хабарлады. Оның айтуынша, қаңтар-наурызда тұрғын үй құрылысына 110 млрд. теңге бағытталған (барлық қаржыландыру көздерінен) немесе өткен жылдың тиісті кезеңінің 123 пайызы, 1,7 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, ол 2013 жылғы тиісті кезеңнің 111 пайызын құрайды.
Әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны туралы Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі М.Әбілқасымова хабарлады. Алдын-ала мәліметтер бойынша, үстіміздегі жылдың қаңтар-наурызында ІЖӨ өсімі 2,9 пайызды құраған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет алдында 2014 жылы экономиканың 6-7 пайыз деңгейінде тұрақты өсуін қамтамасыз ету міндеті тұр.
Төтенше жағдайлар министрі В.Божко атап өткеніндей, тасқын су ахуалы елде тұрақты. Барлық су қоймаларындағы судың деңгейі жобалық көлемге сай. Ернеуінен асып кету қаупінің алдын-алу үшін қауіпсіз жағдайда суды ағызып жіберу жүзеге асырылуда, ол өз кезегінде өзендер арналарын шаюға және экологияны жақсартуға ықпал етеді.
Үстіміздегі жылы 21,8 млн. га алқапқа ауылшаруашылық дақылдарын орналастыру жоспарланған, ол 2013 жылғыдан 313 мың гектарға немесе 1,5 пайызға артық, деп хабарлады салалық ведомство басшысы А.Мамытбеков.
Көктемгі тұқым себу алаңы өткен жылғы 19 млн. га деңгейінде сақталады. Астық дақылдарына 15,9 миллион га, оның ішінде бидайға 12,8 миллион га егістік арналмақ. Осылайша, 2013 жылғы деңгей 311,3 мың гектарға қысқарады. Майлы дақылдарды 2 миллион гектарға, қант қызылшасын 11,5 мың гектарға, мақтаны 133 мың гектарға, көкөніс-бақша дақылдарын 220,7 мың гектарға, картопты 189 мың гектарға, азықтық дақылдарды 3,4 миллион гектарға орналастыру жоспарланып отыр.
«Қолжетімді тұрғын үй» бағдарламасын жүзеге асыруға қаржы толық көлемінде бөлінді. Облыс әкімдері бұл мәселені айрықша бақылауда ұстауы керек. Уақытында игерілмеген ақшалар табысты игеріліп жатқан өңірлерге қайтадан бөлініп берілетін болады, деп атап өтті Б.Сағынтаев.
Осы мәселе бойынша ай сайын селекторлық кеңес өтіп тұрады. Біз әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын, мемлекеттік және салалық бағдарламалар мен Мемлекет басшысының барлық тиісті тапсырмаларының орындалу барысын оперативті режімде қадағалап отырамыз, деп түйіндеді сөзін бірінші вице-премьер.