Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
Қаржы вице-министрі Дәурен Кенбейілдің айтуынша, осы саладағы ашықтықты қамтамасыз етуге байланысты мемлекеттік сатып алу жүйесін толықтай цифрландыру енгізілді.
«Бизнес-процестерді автоматтандыру арқылы мемлекеттік сатып алудың барынша ашықтығы мен айқындығы қамтамасыз етілді. Мемлекеттік сатып алулардың 100 пайызы және оларды жоспарлаудан бастап, төлемге дейін рәсімдері электронды форматқа ауыстырылды. Камералық бақылау енгізілді. Бұл тексеру объектісіне бармай-ақ онлайн-режімде жүзеге асырылады. Сондай-ақ құқық қорғау органдарына толық қолжетімділік қамтамасыз етілді. Толық автоматтандыру қоғамның мемлекеттік сатып алудың барлық рәсімдеріне, оның ішінде шағымдану және бақылау процесіне қол жеткізуіне жол ашты», дейді вице-министр.
Ашықтықты қамтамасыз етуге, бәріне бірдей тең мүмкіндік беруге бағытталған шаралардың нәтижесінде тікелей шарт жасасу арқылы бір көзден сатып алудың үлесі 2015 жылдан бастап 2021 жылға дейін 64 пайыздан 39 пайызға дейін қысқарған. 2021 жылғы 15 қарашада мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша бір көзден тікелей шарт жасасудың 4 негізін қысқартуды көздейтін заң қабылданды. Дәурен Кенбейілдің айтуынша, сатып алуды бәсекелестік тәсілдермен басым жүзеге асыру туралы талап белгіленген. Сондай-ақ тапсырыс берушінің бірінші басшыларының бір көзден сатып алуды жүзеге асырғаны үшін жауапкершілігі көзделген.
«2022 жылғы 3 қаңтарда Бәсекелестікті дамыту мәселелері жөніндегі заңмен бір көзден сатып алудың тағы 2 негізі алынып тасталды және 4 негіз бойынша бір көзден сатып алуды жүзеге асыру жағдайлары қайта қаралды. Шарттарды тікелей жасасудың көрсетілген негіздерін алып тастау бір көзді тағы 50 пайызға немесе сатып алудың жалпы көлемінің 20 пайызына дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, бір көзді негізсіз қолдану мақсатында, 2019 жылдан бастап мемлекеттік сатып алу порталында заңда көзделмеген жағдайларда бір көзден шарт жасасуға мүмкіндік бермейтін ФЛБ орнатылған», деді спикер.
Оның айтуынша, қазіргі кезде сатып алудың барлық процесі оңтайландырылды. Өтінімдер мен рәсімдерді қабылдау мерзімі 2 есе қысқарады. Сатып алуды алдын ала өткізу мақсатында сатып алудың алдын ала жоспары институты көзделген. Бұл биыл бюджеттік комиссия мақұлдаған өтінім негізінде, бюджеттің бекітілуін күтпей-ақ, сатып алулар жүргізуге және келесі жылға шарттар жасасуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ конкурс өткізу туралы алдын ала хабарландыруды жариялау мүмкіндігі қарастырылған. Бұл өтінімдерді қабылдау мерзімін 15 күннен 7 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
«Рәсімдерді оңайлату мақсатында 2022 жылғы 1 шілдеден бастап негіздемелік келісімдерді пайдалана отырып, конкурс түрінде сатып алудың жаңа тәсілі енгізіледі. Бұл сатып алу рәсімдерін 30 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік береді, ал қазір орташа ұзақтығы 2 айды құрайды. Бұл тәсіл кеңсе тауарларын, ЖЖМ, байланыс қызметтерін және басқа да сатып алу сияқты стандартты (типтік) тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша пайдаланылады. Онда, бірінші кезеңде негіздемелік келісім жасалатын белгіленген талаптарға сәйкес келетін әлеуетті өнім берушілер іріктеледі. Бұл – нарықта өзін жақсы қырынан көрсеткен компаниялар. Екінші кезеңде тапсырыс берушілер мұндай өнім берушілерге тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға өтінімдер жібереді. Шарт ең жақсы ұсынысты ұсынған өнім берушілермен жасалады», деді спикер.
Ол сондай-ақ саладағы бұзушылықтардың көпшілігі сатып алушы органдар тарапынан, біліктіліктің төмендігінен туындайтынын атап өтті. Сондықтан әлеуметтік саланың тапсырыс берушілерін (мектептер, балабақшалар, интернаттар, емханалар және т. б.) мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жүргізуден оларды мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушылар деңгейіне бере отырып босату ұсынылады.
«Бұл мәселенің шешімі негіздемелік келісімдер құралдарын, сондай-ақ үлгілік техникалық ерекшеліктерді пайдалана отырып, орталықтандырылған мемлекеттік сатып алуды кеңінен қолдану болады деп отырмыз. Бұл орталықтандырылған сатып алу органдарының біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді. Өйткені сатып алуды тек білікті мамандар ғана жүзеге асырады», деп атап өтті министрлік өкілі.
Биыл 1 шілдеден бастап мемлекеттік сатып алудың жаңа тәсілдері енгізілмек. Соның бірі – рейтингтік-балдық жүйе қолданылатын конкурс. Сатып алудың бұл тәсілі мемлекеттік сатып алу процесіне адамның қатысуын толығымен алып тастауды көздейді және конкурстық комиссиясыз жүзеге асырылады.
Веб-портал әлеуетті өнім берушілерге автоматты түрде тиісті балдарды береді. Мысалы, жақсы беделге ие болғаны үшін (конкурстың нысанасына сәйкес жұмыс тәжірибесі (мектеп – мектеп), қаржылық тұрақтылықтың жоғары көрсеткіші, әлеуетті өнім беруші ұсынған кепілдіктің ұзақ мерзімі және т.б.) тиісті оң балдар автоматты түрде беріледі. Беделі нашар болғаны үшін (бұдан бұрын әлеуетті өнім берушінің мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімінде болуы, мемлекеттік сатып алу туралы алдыңғы шарттар бойынша мерзімін өткізіп алу, тұрақсыздық айыбының болуы және т.б.) теріс балдар беріледі. Осылайша, ең көп балдардың негізінде мемлекеттік сатып алу веб-порталы автоматты түрде конкурс жеңімпазын анықтайды. Бұл баға мен сапа критерийлерін біріктіре отырып, өнім берушіні автоматты таңдауға көшуге мүмкіндік бермек.
Сапалы тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу мақсатында 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап өмірлік циклі құнының есептемесі пайдаланылатын конкурсы түрінде сатып алудың жаңа тәсілі енгізіледі. Сатып алудың осы тәсілін жүзеге асыру кезінде өнім берушіні таңдау сатып алу (бастапқы) бағасының негізінде емес, тауардың бүкіл қызмет ету мерзімінің (өмірлік циклінің) құны негізінде жүзеге асырылады.