Әлем • 27 Мамыр, 2022

Орталық Еуропаны алаңдатқан көлік мәселесі

453 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еуропалық одақ «Жасыл келісім» жобасын ұсынғалы бері ортақ мәмілеге келу қиын болып тұр. Бұған дейін газ бен атом энергиясын «жасыл» санатына енгізу мәселесі біразға дейін Брюссельдегі шенеуніктердің басын ауыртқан еді. Енді электр тоғымен жүретін көліктер Орталық Еуропадағы бірнеше мемлекетті қиын жағдайға түсірмек.

Орталық Еуропаны алаңдатқан көлік мәселесі

Мәселенің бәрі мынада. Еуро­­палық одақ ауаға тара­латын ­пар­никті газдардың көлемін азай­­­ту мақсатында 2035 жылға де­йін электр көліктерге толық­­тай ауысуға келіскен-ді. Осындай қа­дамдар арқылы қарт құрлық 2050 жылы ауаға мүлдем зиян­ды газ шығармауды көздеп отыр. Бірақ бұл жоспар көлік шы­ғару өнеркәсібіне иек артқан мем­ле­кеттерге оңайға соқпауы мүм­кін. Әсіресе Еуропаның орта­лы­ғын­дағы елдер қиындыққа тап болмақ.

Жұмыс күші арзан, инфра­құры­лымы бар Чехия, Словакия секілді мемлекеттерге ірі көлік өндірушілер миллиардтап қаржы құйып келді. Бірнеше зауыт ашып тастады. Мысалы, Чехияда автоөнеркәсіп ішкі жалпы өнім көлемінің 10 пайызын құрайды. Шамамен жарты миллиондай адамды жұмыспен қамтып отыр. Словакияда бұл көрсеткіш 14 па­йызға жеткен.

Словакияда халық арасында «Фольксваген» түшкірсе, бүкіл ел тұмауратып қалады» дейтіні де сондықтан. «Жасыл келісімге» Чехия әрдайым қарсылық біл­ді­ріп келеді. Аталған елдің пре­мьер-министрі келісімді «төн­ген қауіп» деп бағалады.

Электр көліктерді құрас­тыру­ға кететін жабдықтар қа­ра­па­­йым көлікке қарағанда әл­де­қай­да аз. Оның үстіне көп адамның ең­бе­гін қажет етпейді. Сондықтан зауыттардан мұндай көліктер көбі­рек шыққан сайын жұмыссыз қалғандардың да саны артады.

Чехия билігі жарты млн адамның тағдыры қыл үстінде тұрғанына қарамас­тан, электр көлігіне отыруға асы­­ғатын емес. Оның орнына Брюс­сельдің кез келген ұсы­ны­сына қарсы шығуға бейіл. Мәсе­лен, былтыр желтоқсанда пре­мьер-министр Петр Фиала үш күн бойы «Жасыл келісімге» қарсылық білдіріп тұрып алды.

Чехияның Өнеркәсіп және сауда министрлігінің өкілі электромобильдер парникті газ шыға­рылымын азайтудың жалғыз жолы емес екенін алға тартады. Оның орнына балама отынды пайдалануды жөн санайды. Әйтсе де, үкімет өндіріс иелеріне зиянды газ шығармайтын көліктер шығаруға көмек қолын созатынын уәде етті.

Шартараптың түкпір-түк­пі­рінде электр көліктердің таны­мал­дылығы да, өндіріс көлемі де артып келеді. Германияның, Оң­­түстік Кореяның және Жапо­ния­­ның негізгі көлік өнді­ру­ші­лері қай елдердегі зауыттарын элек­тро­мобиль құрастыруға қол­дану­ға лайық екенін зерттеу­ге кірісті.

Ендеше, Орталық Еуропа ел­дері үшін ертерек қамданбаса уақыт кеш болуы мүмкін. Қазір­дің өзінде Испания секілді мемлекеттер қарт құрлықтың хабына айналуға барын салмақ. Пиреней түбегі осы мақсатта электромобиль саласына 14 млрд доллар инвестиция құй­ды. Мұндай қадам тиімділігін көр­сетті. Елде бірнеше электрмен жүре­тін және гиб­ридті көліктер шыға­рыла бас­тады. Бұл салаға қызы­ғушылық біл­діріп отырған инвесторлар да көп.

Сарапшылардың айтуынша, Чехия, Словакия, Мажарстан ­мен Польша ертерек іске көшпесе, 2035 жылы қиын жағдайға тап келуі әбден ықтимал. Ірі көлік өн­дірушілер қажет емес деп тап­қан зауыттарын жапқанда аталған елдерде жұмыссыздар саны күрт көбейеді.

Әйтсе де, Орталық Еуропа ел­­дерін құтқара алатын жоба бар. Ондағы зауыттарды электр көлік­теріне қажет жабдықтар шы­­ға­руға қайта өңдеу керек. Мәсе­­лен, таяуда «Фольксваген» ком­­па­­ниясы Чехияда құны 4,4 млрд доллар болатын алып зауыт ашуды көздеп отыр. Онда элек­тромобильге қажет батерея­лар шығарылмақ. Жоспар бойын­ша 40 мың адам жұмыспен қам­тылуы тиіс.

«Фольксвагеннің» чехтердің елі­не қызығуында үлкен мән бар. Германия мен Чехия шекарасы маңында жатқан Кенді тауының қойнауында литий қоры бар. Бұл – электр көліктерге қажет батерея жасауға таптырмас шикізат.

Әзірге зауыт құрылысы нақ­ты қашан басталып, қашан аяқ­талатыны белгісіз. Алайда сарап­шылар жоспар бойынша мұндай өндіріс ошақтары 3-6 жыл көле­мінде салынатынын айтып отыр.