Аталған көркемсөз сайысын Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасы мен Ы.Алтынсарин атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы ұйымдастырып отыр.
– «Сөз құдіреті» байқауы тоғыз жыл бойы талантты жастардың талабын қолдап, шығармашылығын ұштауға ықпал етіп келеді. Бұл әуелде әдебиетсүйер кітапханашылардың бастамасымен қолға алынған байқау еді. Баланың сөйлеу мәнерінің айқындығын, оқылымның эмоционалдық көркемдігін, мәтіннің бейнелік желісі мен мазмұндық құрылымын терең сезінуін және актерлік шеберлігін шыңдайтын дәстүрлі байқауға айналды, – дейді Науырзым аудандық кітапханасының қызметкерлері.
Байқауға мәнерлеп оқудан қалалық және аудандық деңгейде өткен сайыстардың жеңімпаздары қатысып, әзербайжан, армян, белорус, қырғыз, молдаван, орыс, тәжік, өзбек және қазақ авторларының прозалық шығармаларынан үзінділер оқыды.
Қазылар алқасының шешімімен Науырзым аудандық балалар кітапханасының атынан шыққан Жамбыл жалпы білім беру мектебінің 8-сынып оқушысы Төлеубек Аяжан молдован қаламгері С.Вангелидің «Гугуцэ оқиғалары» жинағына енген «Етікші» әңгімесін мәнерлеп оқып, байқаудың бас жүлдесін жеңіп алды.
Қостанай облысы