Қандай қиын кезеңде болсын Қазақстан сандаған ұлттар мен ұлыстарды паналатып, ақ дәмін ұсынды. Бауырына басып, туғанындай көрді. Қазақ халқының осы бір аялы алақанының жылылығын, әлі күнге дейін ұмытпай келе жатқан ағайындарымыздың бірі– түріктер. Ол жөнінде облыстық «Түрік мәдениеті» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Диляра ХАСАНОВА жүрек сырын бөліседі.
– Қанша іздестірсек те, қайта құруға дейін солтүстік өңірдің статистикалық тізімінен түріктерге қатысты ешқандай деректерді кездестіре алмадық. Соған қарағанда, 1944 жылы Қазақстанға еріксіз жер аударылған бұл халыққа көпке дейін сенімсіздік көрсетіліп келген деп жобалауға болады. Жасыратыны жоқ, еліміз егемендік алғаннан кейін ғана осындай кемсітушілік көріністерінен біржола арылды. Елбасымыздың сындарлы саясатының арқасында ұлттық құндылықтар бойынша мәселелер оң шешімін тауып, бейбіт қатар өмір сүрудің жақсы дәстүрлері қалыптасты.
– Ұлттар арасындағы жарасымды достықты одан әрі ізгілендірудегі бірлестіктің алар орны қандай?
– «Түрік» мәдени ұйымының құрылғанына жетінші жылға аяқ басты. Осы жылдар аралығында облыс өмірінің қоғамдық-саяси өміріне белсене атсалысып келеді. Өзге этностық құрылымдармен біріге отырып, көптеген мәдени-танымдық шаралар ұйымдастырылды. Қазір 23 сәуірде үлкен мереке ретінде атап өтілетін Түркиядағы балаларды қорғау күніне жан-жақты дайындық жүргізудеміз. Осымен тоғызыншы рет тойлағалы отырмыз. Бұл күні бүлдіршіндерге сыйлықтар үлестіріліп, қазақ халқының, өзге де ұлыстардың әндері шырқалады. Қазан айында түріктердің ғалымдарына, жазушыларына, қоғам қайраткерлеріне арнап «дөңгелек үстел» өткізу дәстүрге айналса, 10 қарашада осы халықтың даңқты ұлдарының бірі Ататүрікті еске алу кеші ұйымдастырылады.
– Қоғамдық бірлестіктің қазақ тілінің мәртебесін арттыру аясында тындырымды істер атқарып жүргенін білеміз.
– Менің атам Хасан би болыстардың судьясы болған. Арғы әжем ділмар шешен Жылғара Байтоқинның шөбересі саналады. Біздің әулетіміз ана тілімен қатар қазақ, ағылшын тілдерін де жақсы меңгерген. Олар қазақ тілінің көркемдігіне, шұрайлылығына тәнті.
Бірде облысқа жұмыс сапарымен келген Францияның Қазақстандағы елшісінің жиында қазақша сөйлегенін көріп, таңданысымды жасыра алмадым. Мені мемлекеттік тілді дамытуға байланысты шаралардың үкіметтік деңгейде шешіліп жатқаны, өзге ұлт өкілдерінің де қазақ тілін, мәдениетін білуге деген талпынысы қуантады. Өз тарапымыздан Елбасымыздың «қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген қағидасын талмай насихаттау төңірегінде нақты жұмыстар атқарып келеміз.
Ана жылдары Қытайда тұратын таныстарымды Петропавл қаласындағы Абылай ханның мұражай кешеніне апардым. «Егер сіздер қазақ тілін біліп, экскурсия мемлекеттік тілде жүргізілген болса, көріп-білгендеріңіздің мән-маңызы бұдан да терең, ұғынықты болар еді», дегенімде келісетіндерін ашық мойындады. Мен алғаш рет қазақ тілінің құдіретін Мағжанның шығармалары арқылы сезіндім. Әсіресе, поэзиясын түпнұсқадан оқып, тамсандым, шабыттандым. Айтпағым, адам тұрып жатқан елі үшін адал еңбек етіп, сол елдің топырағына тағзым еткен болса, оның ұлтының да, тілінің де өзгеше екендігі сезілмейді.
– Ел болашағы–білімді жастар екені даусыз. Бұл орайда, облыс орталығындағы дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицей-интернатының алар орны бөлек.
– Қазақ елінің Тәуелсіздігін бірінші болып таныған Түркия екенін бәріміз де мақтаныш етеміз. Содан бері туысқандық көмегін аяған емес. Осындай бауырластықтың арқасында құрылған қазақ-түрік лицейлері 22 жылдан бері еліміздің білім саласында жемісті жұмысын жалғастырып келеді. Петропавл қаласындағы лицейге алғашқы түлектер 7 сыныпқа 2006 жылы қабылданды. Содан бергі уақытта интеллектуалдық мүмкіндігі мол білімді жастар шоғыры қанат қағып ұшты. Мұнда инновациялық бағытта білім беру толық қамтамасыз етілген. Мемлекеттік тілді жедел әрі терең меңгерудің барлық жолдары қарастырылған. Қазіргі заман талабына сай физика-математика, химия-биология пәндерін, қазақ, ағылшын, орыс және түрік тілдерін терең игеріп шығады. Оқушылар халықаралық, республикалық пән олимпиадаларына, ғылыми жобаларға үзбей қатысып, облыс бойынша бірінші орынды иеленіп жүр. Халықаралық ИСО-9000-2001 сертификатын жеңіп алуы біраз жайтты аңғартса керек. Лицей қабырғасында түрлі ұлттың балалары білім алып жатқандықтан, достық сезімдерін, адами, имандылық қасиеттерін дәріптеу сабақтары мен сағаттары жүйелі өткізіледі.
– Қазақстандықтарды бейбітшілікке, ұлтаралық келісімге топтастырудағы Ассамблеяның рөлін қалай бағалар едіңіз?
– Президент Н.Назарбаев Төрағасы болып табылатын Қазақстан халқы Ассамблеясы жас ұрпақ бойына басты игілігіміз – халық достығы идеясын сіңіруде, саяси тұрақтылық пен этностық тағаттылықты қалыптастыруда, азаматтық тыныштықты сақтауда орасан жұмыстар атқарып келеді. Бүгінгідей қайшылықты, қақтығысты заманда қоғамдық келісім жолында мемлекеттік және азаматтық қоғам институттарының этносаралық және конфессияаралық қарым-қатынастар бойынша бірлескен іс-қимылды өрістетудің маңызы зор. Осыған орай алдағы сессияда Нұрсұлтан Әбішұлы Ассамблея жұмысын саралап, жаңа бағыт-бағдарымызды айқындап бермек. Осы ретте бәріміз де Елбасының ішкі-сыртқы саясатына қолдау көрсетіп, жүзеге асыруға жұмыла кірісуіміз керек.
Облыстық Ассамблея алдында да тың міндеттер тұр. Меніңше, ұлттық құндылықтарға тиісті дәрежеде көңіл бөлу керек тәрізді. Бір кездері салт-дәстүрлер байқаулары жүйелі өткізілетін. Осы дәстүрді қайта жаңғырта отырып, әр ұлттың ерекшеліктеріне, атап айтсақ, киімдеріне, тағамдарына, қолөнер бұйымдарына барынша зер салған жөн болар еді. Жиындардың бірінде сәукеле киген әжейді көріп, бұл бас киімді өмірінің ең бақытты сәті – ұзатыларда ғана кимеуші ме еді деген ойға қалдым. Етек-жеңін желбіретіп, басына үкі тақса, қазақша киім деп есептейді. Халықтық салт-дәстүр, әдет-ғұрып біз ойлағаннан да тереңде жатқанын, өзіндік ғылыми әлем екенін бағамдайтын мезгіл жетті. Мәдени құндылықтарға жеңіл-желпі қарайтын болсақ, тәрбиелік жағын ұғындырмасақ, қадірін қашырамыз, кейбіреулерде әлем-жәлем жылтырақ екен ғой деген біржақты түсінік қалыптасады. Бұл мәселе өзге этностарға да қатысты.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Жадыра ЕСЕНКЕЛДІ,
журналист,
арнайы «Егемен Қазақстан» үшін.
Солтүстік Қазақстан облысы.